Бастапқыда оқиға орнынан нақты ақпарат алу қиынға түскен-ді. Қырық мың тұрғыны бар Арыс қаласындағы жағдай әлеуметтік желі арқылы тез таралды. WhatsApp-та жарылыс орнынан қаптаған бейнежазба, дүрлікпе хабарламалар желдей есті. Арыс қаласындағы әскери қойма осыдан он жыл бұрын да жарылған. 2009 жылы жарылыс салдарынан 2 адам қайтыс болып, 16 адам түрлі зардап шеккен.
Қатерлі жағдайдың бәрінде алдымен қауесет тарайды. Жергілікті әкімшілік, Қорғаныс министрлігі, ІІМ өкілдерінің ресми ақпараты жеткенше «тоған жарылады», «су басады», «тұрғындар қаладан қашып жатыр» деген ақпарат тарап кетті.
Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев мырза Арыстағы төтенше жағдайға орай, Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылғанын жедел хабарлады. «Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және Облыстық клиникалық ауруханасында 200-ден астам науқасқа арналған орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көлігі Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойылды. Тағы да қажет болған жағдайда бірнеше аудандардан алдырылған қосымша жедел жәрдем көліктері дайын. Облыстық клиникалық ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлерден құрылған топ медициналық штабқа жиналды. Эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханасынан науқастар эвакуация жасалды», – деген ақпаратты оқығаннан кейін ғана талай адам сабасына түсті.
Мәселе бір ғана Арыстағы жарылысқа тіреліп тұрған жоқ. Осыдан он жыл бұрын да тұрғындар аяқ астынан апырақ-тапырақ күй кешкен. Әдетте Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті оқу-жаттығу өткізген болады. Нәтижесі шамалы. Қай кезде де бір көрініс қайталана береді. Асып-сасу, үрейлену, қауесетке еру, шарасыздық деген сияқты. Осындай салғырттық салдарынан көшеде ойнап жүрген талай бала айдаладан бір-ақ шықты...
Мұндайды болдырмас үшін, ең алдымен, қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Қазақстан бойынша барлық елдімекен тұрғындарын төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуді үйреткен дұрыс. Мәселен, Израиль және Жапония мемлекеттері қауіпсіздік шараларына қатты мән береді. Бұл елдерде кішкентай балаларға дейін төтенше жағдайда не істеу қажетін біледі.
«Сақтансаң – сақтаймын» деген бекер айтылған ба? Сақ болайық!