Ұлттық банк осы заң жобасы арқылы өзінің көптеген функциясын түңлігін жаңадан түретін жеке мемлекеттік органға беруге бастама жасап отыр.
– Ұлттық банк енді тек өзінің негізгі мақсатына – төмен инфляцияға, елдің орнықты дамуына және халықтың тұрмыс сапасының өсуіне қолдау көрсетуге екпін түсіре отырып, бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бар күшін шоғырландыратын болады. Ал қаржы нарығын реттеу және дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Президентіне тікелей есеп беретін жеке мемлекеттік органға – Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне табыстау ұсынылады, – деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, бұл бастаманы іске асыру мақсатында әзірленген жаңа заң жобасы екі ауқымды бағытты қамтиды. Оның біріншісі – қаржы секторын реттеу мен дамытудың тәуелсіз органын құру.
– Экономиканы сапалы дамыту үшін Ұлттық банк мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламаларын, оның ішінде экономиканың басым салаларын кредиттеу, «7 – 20 – 25» және басқа бағдарламаларды банктер арқылы іске асыруды жалғастырады, – деді Е.Досаев.
Ол жаңа агенттіктің Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру арқылы құрылатынын, оның барысында функциялар, өкілеттіктер және штат бірліктері қайта бөлінетінін қоса айтты. ҰБ-дан жаңа агенттікке ауысуы мүмкін қызметкерлердің жалпы саны шамамен 500 адам болады.
Заң жобасының екінші бағыты тұтынушылық несиелендіру нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою болмақ.
Жиында жоғарғы палата депутаттары «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты», сондай-ақ «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы» ратификациялады.
Отырыс соңында сенаторлардың бірқатар депутаттық сауалын жария етті. Депсауалдардың маңызына назар аудартқан Сенат төрағасы депутаттарды мемлекеттік органдар басшылары қайыратын жауаптарға мұқият қарауға шақырды. Депутаттар көбінесе бірсарынды жауаптар алады, ал көтерілген мәселелер шешілмей жатады.
«Сауалдарыңыз бос сөз ретінде қалмауға тиіс. Өзіміз нақты жұмыс жүргізбесек, ешқандай өзгерістер болмайды», – деді Дариға Назарбаева.