«Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде» тақырыбында өткен конференцияға аударма ісіне араласқан аудармашылар мен редакторлар, әдебиетші мамандар мен танымал ғалымдар, ғылыми орталық мамандары, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Жиында кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебиет теориясы» жинағын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару барысы, аударма сапасы мен жаңа ғылыми ұғымдар, терминдер қолданысы кеңінен талқыланды. Ғалымдар бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған еңбектің мазмұны мен құрылымы, оларды оқу бағдарламасына енгізу мәселелеріне тоқталды.
– Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланған болатын. Содан бері бүкіл елімізде қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол рухани жаңғыру бағдарламасының ішіндегі ең көрнектілерінің бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы. Осы жылдардың ішінде бүкіл әлемдегі ең озық университеттерде кем дегенде үш басылым көрген, әлденеше миллиондаған таралыммен таралған оқулықтарды қазақ тіліне аудару міндеті алға қойылды. Екі жылдың ішінде 48 оқулық жарық көрді, – деді «Әдебиет теориясына кіріспе» және 4 томдық «Әдебиет теориясының антологиясы» еңбегінің жалпы редакциясын басқарған, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов. – Әдебиет теориясы – шығарманы қалай жазудың құпиясына баулитын теориялық толғамдар емес, оның ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтап, саралап, қорытынды байламдар жасап отыратын тәжірибелік негіздегі ғылым саласы. Оқулық авторлары да мәселеге осы тұрғыдан келген. Тіпті олардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзі біздегі кеңестік кезеңде қалыптасқан ұғымнан әлдеқайда кең. Авторлар – жиырма жылдан астам уақыт бойына колледждерде қазіргі әдебиет теориясынан сабақ беріп келе жатқан ұстаздар. Олар ұзақ жылдар бойына жинақтаған тәжірибелерін қорытып, үнемі жетілдірумен болған. «Бұл кітаптың тұсауы дәрісханада кесілгенімен, алдағы уақытта қолданылу өрісі өзінің кең шалқарын табатынына, біздің оқыту әдістеріміз мүлде бөлек курстар мен үлкен аудиториялардың да қажетіне жарайтынына шүбә келтірмейміз» дегенді олар нық сеніммен айтады. Осыншама тыңғылықты ізденістер мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі 5 кітаптан тұратын оқулықтар кешені біздің әдеби ортаға үлкен олжа болды. Бұл студенттер, магистранттар, доктаранттар үшін таптырмас еңбек.
Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді.
Жиында әдеби мәтіндерді қабылдау және шығармаларды теориялық тұрғыдан зерделеу, оқырманның әдеби талғамы, адамзат дамуындағы әдебиеттің алар орны да талқыланды. Ғалымдар мен тілші мамандар «бұл кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық әдебиет саласы мен ғылыми ортаның күшеюіне, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.
Әдебиет теориясы жинақтары 2019-2020 жаңа оқу жылына дейін 10 мың дана таралыммен еліміздегі 112 жоғары оқу орнына таратылады. Сонымен қатар осы оқулықтар негізінде дайындалған онлайн курстар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктеліп, еркін қолданысқа берілді.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жалпы саны 48 оқулық аударылғанын айттық. Оқулықтар философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, оринтализм және семиосфера секілді бағыттарды қамтиды. Жоба Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.