Денсаулық кодексі кері қайтты
Денсаулық кодексі кері қайтты
215
оқылды
Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуі­мен өткен палата оты­рысында «Халық денсаулы­ғы және денсаулық сақтау жүйе­сі туралы» кодекс және оған ілеспе заң жобасы тал­қыға салынды. Нәтижесінде, сенаторлар төл өзгерістері мен толықтыруларын енгізіп, құжаттарды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабыл­дады. М.Әшімбаевтың айтуынша, бұл жобалар отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін береді. – Кодекс жобасы Сенаттың барлық қомитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер пысықталды. Соған сәйкес Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзету енгізді. Олар ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар медицина қызметкерлерінің құқығын қор­ғау сияқты бірқатар маңызды басымдықты қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық ме­дицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз, – деп атап өтті Мәулен Сағатханұлы. Мысалы, кодекстің 77-бабына енгізілген өзгерістерге орай Қазақстан азаматтары «емдеуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге ақпараттандырылған келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы болады. Яғни, енді зорлап екпе жасау болмайды. Заң жобасындағы өзгерістер індеттер мен жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің шектеу іс-шараларын енгізу құқықтарын нақты рет­тейді және жүйелендіреді. Бұл алдағы пандемияға дайындық болса керек. Сонымен қатар отырыста Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің ІІІ жиынында берген тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің «дәрігерлік қателіктер» үшін жауапкершілігін заңнамалық реттеу мәселесі қаралды. Қылмыстық кодексте 7 баптан тұратын «медици­на­лық қылмыстық құқықбұзу­шы­лықтар» деген арнайы тарау сақталып отыр. Қоғамға төнетін қатер дәрежесінің төмендігіне байланысты, егер оны лауазымды адамдар жасамаса не ауыр зар­даптарға әкеп соқпаса, кли­никалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диаг­нос­тиканың, емдеу мен оңалту­дың жаңа әдістері мен құрал­дарын қолдану тәртібін бұзу «қыл­мыстық» – «әкімшілік құқық­бұзушылық» қатарына ауыстырылады. Негізсіз өтініштер бойынша дәрігерлерді қудаламау үшін қылмыстық істі қозғауға сарап­тама комиссиясының қоры­тындысы қажет болады. Онсыз іс ашыла алмайды. Сондай-ақ депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын бірден екі оқы­лымда қабылдады. Мем­лекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың тапсыр­масын орындау үшін әзір­лен­ген бұл құжат жала жап­қаны үшін жауаптылықты қыл­мыс­тық сипаттан арылтуды көздейді. Тиісінше, әсіресе ақ­парат құрал­дарының өкіл­дері не­гізсіз қудалаудан құты­ла­ды. Со­ны­мен қатар сот орын­­дау­шысы қабылдайтын іс жүр­­гізу құ­жаттарын, іс-әрекет­терді оң­тай­ландыруға және осы іс-әрекеттердің дәйек­ті­лі­гін ай­қындауға; жеке сот орын­­даушылары кеңсесінің қыз­метін реттеуге; ЖСО-лар тәр­тібін күшейтуге; цифрлы тех­нологияларды енгізуге, ат­қару­шылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйе­сінің ашықтығы мен қол­жетімділігін арттыруға; аза­маттардың конституциялық құ­қығы мен бостандығын іске асыруда қылмыстық және әкім­шілік заңнаманың ере­же­лерін жетілдіруге бағытталған.  

Айхан ШӘРІП