Ұлттық қор ақшасы коуоркингке беріліпті
Ұлттық қор ақшасы коуоркингке беріліпті
131
оқылды
Бұл жа­йында Мәжілістің жал­пы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин мәлімдеді. Жиын­да депутаттар 2019 жыл­ғы бюд­жеттің қалай орындалғаны тәп­тіштей баяндалған Үкімет пен Есеп комитетінің есеп­терін қарады. Жалпы, өткен жылы ел эко­номикасының даму қарқынына, жоспарланған көптеген көр­сеткішке қол жеткізіліпті. Қа­зақстанның ЖІӨ-сі 4,5%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 97 миллиард долларға дейін артты. – «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», өңірлерді дамыту мембағ­дар­ламаларын жүзеге асыру ар­қа­сында 13 миллион шаршы метр­ден астам жаңа баспана тұр­ғызылды. Үкіметтің кеңей­тілген отырысында ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, бұл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағ­дарламасын және Қазақстан халқына Жолдауды орындау жолындағы Үкімет пен Пар­ламенттің үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды, – деді спикер Нұрлан Зайроллаұлы. Ол өткен жылды қорытын­дылағанда, ел басшылығының «экономиканы терең әрі ради­калды реформалау бағдарла­масын әзірлеу қажет» деген тап­сырмасын басты назарда ұстау керегін нықтады. Бірінші кезекте бюджеттің тағы да ұтымсыз шы­ғындалуына қатысты жағдай түбегейлі өзгерісті талап етеді. – Бюджеттік бағдарламалар тиімділігін бөлінген және игеріл­ген мемлекет қаражатының көлеміне қарай бағалау жеткі­ліксіз. Берілген және жұмса­лып кеткен бюджет ақшала­ры нақты әлеуметтік эко­но­ми­калық міндеттерді шешуі тиіс. Соның нәтижесінде қазақстан­дық­тардың тұрмыс сапасы көтерілуі керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет алдына дәл осындай міндет қойды, – деді Мәжіліс Төрағасы. Былтыр өткізілген «реви­зорлық» тексерулер көрсет­ке­ніндей, барлық дерлік шешуші көрсеткіштер бойынша заң­бұзушылықтар мен жөнсіздіктер саны айтарлықтай артып отыр. Республикалық бюджеттің тиім­сіз пайдаланылған қаржысы 3 есе өсті. Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың байламынша, бұл ең алдымен ау­дитпен қамту көлемінің ұлғаюына байланысты көрінеді. Өйткені «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» жаңа заң толық күшіне енді. Тиісінше, шенеуніктердің жа­сырын жасаған ел қаржысын талан-тараж ету деректері әш­кереленуде. Әрине, бұл қуан­тарлық жайт емес. Мәжіліс депутаттары ақырғы нәтижеге қол жеткізілмегенімен, бюджет қаржысының толық игерілуі секілді түйткілге назар аудартты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың түсіндіруінше, қазіргі кезде алдымен қаражаттың шек-лимиті анықталады, со­дан соң меморгандардың стра­тегиялық жоспарлары бекітіледі. Бұл тәжірибе енді өзгереді: бас­тапқыда әр меморган үшін басым­дықтар мен ақырғы нәти­желер белгіленеді, сосын оларды орындауға қажетті қаражат бөлінеді. Мәжіліс депутаттары Ұлт­тық қордан бағытталған мил­лиард­тардың да ұтымсыз шы­ғын­далатынын мәселе етіп көтерді. Мысалы, Ұлттық қор­дың ақшасына жоғары оқу орын­дарының коуоркинг аймақтарын ашу жоспарланыпты. Парламент­шілер болашақ ұрпаққа және қазіргі ең шұғыл шығындарға арналған мұнай қорын осындай елеусіз іске жұмсаудың орын­сыз­дығын ескертті. Және шы­ғыны да аз емес: 2019 жылы универ­ситеттердің коуоркинг орындарын сайлауға 663 миллион теңге беріліпті. Алайда абырой болғанда, ЖОО-ның барлығы бұл соманы 100% игермеген. Үкімет есебінде айтылғандай, ғылым ордалары «ұжымдық кеңсе» ашуға басқа қаржы көздерін тартатынын және ҰҚ қаражатын қажет етпейтінін хабарлапты. – Қаражатты жете ойлас­тыр­май бөле салу фактілері анық­талуда. Мұндай шаралар Ұлттық қордан қаржы бөлмек тұрмақ, тіпті бюджеттік қаржыландыруды да талап етпейді! Бәлкім, Үкімет қор қаржысын пайдалануға қатысты өз ұсыныстарын мұқият елеп-екшегені, бұл іске қатаң әрі жауапты келгені дұрыс болар! – деді Нұрлан Нығматулин. Сондай-ақ әлемдік дағ­дарыс кезеңінде әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге жаңа тәсілдердің керегі айтылды. – Мемлекет басшысы Үкі­метке жаңа экономикалық стратегия дайындауды тапсырды. Ол заңнамалық қамтамасыз етуді қажетсінетіні мәлім. Сондықтан Мәжіліс ел үшін маңызды осы мәселеде Үкіметпен тығыз әре­кеттесуге әзір. Бұл жерде Үкімет, оның экономикалық қанаты депу­таттардың барлық сын-ескертпесі мен ұсыныстарын егжей-тегжейлі талдауы және оларды тек жоспарлау кезінде ғана емес, сонымен қатар мембағ­дарламаларды жүзеге асыруда да ескеруі қажет. Тек осындай тәсілдеме ғана ел басшылығының бүкіл тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді, – деп түйді Н.Нығматулин. Жалпы алғанда, 2019 жылы 13 мембағдарламаға, 53 стра­тегиялық бағытқа, 344 бюджеттік бағдарламаға 12 триллион теңге бөлініпті. Қаржы 99,9% игерілді. 264 көрсеткіш орындалды, 48 индикаторға қол жеткізілмеді. Үкімет пен Есеп комитеттерінің есептері Сенатқа жолданды.  

Елдос СЕНБАЙ