Отбасылық жанжал азайған жоқ
Отбасылық жанжал азайған жоқ
412
оқылды
Мәселен, денеге ауыр жарақат салу, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық сияқты түрлері төмендеді. Кәмелеттік жасқа толмағандар, бұрын сотталғандар жасайтын қыл­мыс та біршама азайған көрінеді. Қылмыстың көп түрі­нің ашылу көрсеткіші де жақсара түскен. Әрине, қылмыс санының азайғаны жақсы, алайда басты құндылық саналатын отбасындағы құқықбұзушылық-тардың артып кетуі – алаңдатарлық жағдай.  

Азаматтардың негізгі құқықтары туралы неге ұмытып барамыз?

Мемлекет басшысы былтыр­ғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тап­сырған болатын. «Біз сот тө­релі­гінің шектен тыс және реп­рес­сив­ті шаралары мен қатал жа­залау тәжірибесінен алшақ­тадық. Алайда, елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың не­гіз­гі құқықтары туралы ұмы­тып ба­рамыз. Жыныстық зор­лық-зомбылық, педофилия, есірткі та­сымалдау, адам сау­дасы, әйел­дерге қатысты тұр­мыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсі­ресе бала­ларға қатысты басқа да ауыр қыл­мыстар үшін жазаны кү­шейту қажет. Бұл – менің Үкі­мет­ке беретін тапсырмам», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Прези­дент тапсырма берді. Оны орын­дау үшін «Отбасылық-тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қи­мыл туралы» заң өткен жылы қа­был­данған. Ал оны тағы да же­тіл­діру жөніндегі заң жоба­сын мәжілісмендер нау­рыз айында жұмыс тобы оты­рысына шығарған еді. Онда заң­наманың мақсаттары мен мін­деттері және қағидаттары бір­шама күшейтіліп, құжат аясын­да өкілетті мемлекеттік орган­дардың құзыреті нақтыланған. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау және оларға қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша нормалар енгізілген. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықова әлеу­меттік мәдени даму комитеті биылғы жылдың 23 қыркүйегіне дейін қорытынды әзірлеуге дайын екенін, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне айрықша на­зар аударылатынын айтқан. «От­ба­сында жанжал шығарушылардың мінез-құлқын психологиялық әдістермен түзеудің, қоғамдық бақылау институтын енгізудің тетіктері қарастырылуда. Бұ­ған қоса, полицияның зор­лық-зомбылықтың кез келген фак­тісіне жедел әрекет ету бойын­ша жауапкершілігі күшей­тілуі, сондай-ақ қайғылы жағдай­ларды болдырмау үшін отба­сында өктемдік жасаушыны тұрғын үйден уақытша шығару жөніндегі норма көзделді» деген еді Гүлшара Әбдіқалықова. Аталған бағытта заңнама қаншама рет  жетілдірілді? Алайда нә­тиже көңіл көншітпейді. Осы тұста Мемлекет басшысының «Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз» деген сөзі ойға еріксіз орала береді.  

Тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар неге артып кетті?

Елдегі тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты ақ­параттардан күнде құлағдармыз, Айталық, Қазақстандағы әрбір үшінші әйел, әрбір екінші бала тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Күйеуінің әйеліне, ата-ананың балаға қол көтеруі үйреншікті жағдайға айналып кеткені қашан. Ал жанжалдың соңы отбасы мү­ше­сінің өлімімен аяқталып жатқаны жасырын емес.   otbasilik janjal1 Отбасылық-тұрмыстық ор­тада құқық бұзатындардың жауап­кершілігін қатаңдатуға қа­тысты тиісті шаралар қабылданып жатыр, дегенмен де мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Осы аптада Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғымбаев есеп беру кездесуінде отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтардың саны 25 пайызға артып кеткенін айтты. Бұл – жаға ұстарлық жағ­дай. «Төтенше жағдай ре­жимі кезеңінде азаматтардың оқшаулануына байланысты дағдарыс орталықтарының «қауырт желілеріне» зорлық-зомбылық құрбандарының жүгінуі көбейіп кетті. Бұған қоса, өкінішке қарай зардап шегушілердің 10-ының екеуі ғана полицияға жү­гі­нуге келіседі», – деді министр. Министрдің сөзіне қара­ғанда, отбасылық жанжал шы­ғара­тындардан зардап шегуші­лерді қорғау үшін 37 мың қорғау ұйғарымы шығарылып, құқық бұзушыларға қатысты 4,8 мың ар­найы талап бекітілген. Былтыр тұр­мыстық саладағы құқық бұзу­шыларға қарсы 58 мың қорғау нұсқамалары шы­ға­рылған, 15 мың әйелге кон­сульта­циялық көмек көрсе­тілсе, бір жарым мыңдай әйел дағ­дарыс орталықтарына орналас­тырылыпты. Бұл тұрғыдан ал­ғанда, мемлекет тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқан секілді, мәселенің бір ұшы адамдардың жеке басына келіп тірелетіні аян. Тұрмыстық қатынас аясында отбасының әрбір мүшесі жауап­кершілікті жете түсінсе, зорлық- зомбылықтың да саны біршам азаяр ма еді?!  

Балалар мен әйелдерге кім қорған?

Отбасындағы зорлықтан ең көп зардап шегетін балалар мен әйелдер екенін сөз басында айтып кеттік. Статистика бойынша, Қазақстан әйелдерінің 15 пайызы ер адамдардың жұбайларына қол көтеруін заңдылық деп біледі. Ал ауылдық жерлердегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жүр. 2019 жылы әйелдердің құқығын қорғау мақсатымен «Қазақстан әйелдері күштері» альянсы құ­рылды. Оның қатарына респуб­ликалық әйелдер ұйымдарының белсенділері енді. Аталған альянс­тың басшысы Раушан Сәрсембаеваның сөзінше, еліміз­де ұзақ жылдар отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселе ретінде қарал­май, сол күйінде қалып келді. «Біздің альянсқа елде тіркелген қырықтан астам дағдарыс орта­лығы қосылды. Енді ана мен ба­ланың құқығын ашық қорғайтын боламыз. Сөзден іске кірісеміз», – деді Раушан Сәрсембаева. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне көз жүгіртсек, өркениетті деген Еуропаның өзінде жылына 55 млн бала зорлық-зомбылық көреді екен. Ал дамушы елдер мен Африкадағы бала құқығы тіптен қорғалмайды деп айтуға болады. «Отан – отбасынан басталады» дейміз. Мемлекеттік құраушы отбасылардың тыныштығы кетіп, жанжал өршіп жатса, еліміздің де ішкі тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні анық. Шаңырақтың шайқалмауының бір негізі ұлттық тәрбие екенін де естен шығармасақ дейміз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=