Мәселен, денеге ауыр жарақат салу, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық сияқты түрлері төмендеді. Кәмелеттік жасқа толмағандар, бұрын сотталғандар жасайтын қылмыс та біршама азайған көрінеді. Қылмыстың көп түрінің ашылу көрсеткіші де жақсара түскен. Әрине, қылмыс санының азайғаны жақсы, алайда басты құндылық саналатын отбасындағы құқықбұзушылық-тардың артып кетуі – алаңдатарлық жағдай.
Азаматтардың негізгі құқықтары туралы неге ұмытып барамыз?
Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырған болатын. «Біз сот төрелігінің шектен тыс және репрессивті шаралары мен қатал жазалау тәжірибесінен алшақтадық. Алайда, елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет. Бұл – менің Үкіметке беретін тапсырмам», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент тапсырма берді. Оны орындау үшін «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң өткен жылы қабылданған. Ал оны тағы да жетілдіру жөніндегі заң жобасын мәжілісмендер наурыз айында жұмыс тобы отырысына шығарған еді. Онда заңнаманың мақсаттары мен міндеттері және қағидаттары біршама күшейтіліп, құжат аясында өкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланған. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау және оларға қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша нормалар енгізілген. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік мәдени даму комитеті биылғы жылдың 23 қыркүйегіне дейін қорытынды әзірлеуге дайын екенін, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне айрықша назар аударылатынын айтқан. «Отбасында жанжал шығарушылардың мінез-құлқын психологиялық әдістермен түзеудің, қоғамдық бақылау институтын енгізудің тетіктері қарастырылуда. Бұған қоса, полицияның зорлық-зомбылықтың кез келген фактісіне жедел әрекет ету бойынша жауапкершілігі күшейтілуі, сондай-ақ қайғылы жағдайларды болдырмау үшін отбасында өктемдік жасаушыны тұрғын үйден уақытша шығару жөніндегі норма көзделді» деген еді Гүлшара Әбдіқалықова. Аталған бағытта заңнама қаншама рет жетілдірілді? Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. Осы тұста Мемлекет басшысының «Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз» деген сөзі ойға еріксіз орала береді.Тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар неге артып кетті?
Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақпараттардан күнде құлағдармыз, Айталық, Қазақстандағы әрбір үшінші әйел, әрбір екінші бала тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады екен. Күйеуінің әйеліне, ата-ананың балаға қол көтеруі үйреншікті жағдайға айналып кеткені қашан. Ал жанжалдың соңы отбасы мүшесінің өлімімен аяқталып жатқаны жасырын емес.Балалар мен әйелдерге кім қорған?
Отбасындағы зорлықтан ең көп зардап шегетін балалар мен әйелдер екенін сөз басында айтып кеттік. Статистика бойынша, Қазақстан әйелдерінің 15 пайызы ер адамдардың жұбайларына қол көтеруін заңдылық деп біледі. Ал ауылдық жерлердегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жүр. 2019 жылы әйелдердің құқығын қорғау мақсатымен «Қазақстан әйелдері күштері» альянсы құрылды. Оның қатарына республикалық әйелдер ұйымдарының белсенділері енді. Аталған альянстың басшысы Раушан Сәрсембаеваның сөзінше, елімізде ұзақ жылдар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселе ретінде қаралмай, сол күйінде қалып келді. «Біздің альянсқа елде тіркелген қырықтан астам дағдарыс орталығы қосылды. Енді ана мен баланың құқығын ашық қорғайтын боламыз. Сөзден іске кірісеміз», – деді Раушан Сәрсембаева. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне көз жүгіртсек, өркениетті деген Еуропаның өзінде жылына 55 млн бала зорлық-зомбылық көреді екен. Ал дамушы елдер мен Африкадағы бала құқығы тіптен қорғалмайды деп айтуға болады. «Отан – отбасынан басталады» дейміз. Мемлекеттік құраушы отбасылардың тыныштығы кетіп, жанжал өршіп жатса, еліміздің де ішкі тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні анық. Шаңырақтың шайқалмауының бір негізі ұлттық тәрбие екенін де естен шығармасақ дейміз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ