Ал осы диагнозбен көз жұмса, туыстары ақшаға қарық болмақ». Осындай қауесеттің таралғанына 3 айдың жүзі болды. Алайда мемлекеттік органдар ел көңілін алаңдатқан сауалдарды осы уақытқа дейін жауапсыз қалдырып келді.
Коронавирус жұқтырған көзі тірі адамды кездестірмеген жұртшылықтың күдігін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сейілтті.
– Дәрігерлерде диагноз қою үшін ешқандай шығындар қарастырылмаған. Неліктен біреу ауырып қалуы үшін оған ақша төлеу керек? Дәрігерлердің жалақысы тұрақты. Жұмыс зияндылығы үшін қосымша төлем қарастырылған. Әр жағдайда егжей-тегжейлі эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Байланыс жасаған адамдар тобы анықталады. Бұл әр науқас бойынша үлкен жұмыс. Мұндай үлкен жұмысты орындау үшін қаржыны шығындаудың не қажеті бар? Бұл –жалған ақпарат, – деді орынбасар.
Жалпы, аймақтағы жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Бүгінгі таңда коронавирустың мыңнан астам жағдайы тіркеліп, оның ішінде алтауы дерттен қайтыс болды. Әзірге бірқатар нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Олардың қызметі инфекцияның жоғары қаупімен байланысты. Іс-шаралар уақытында өткізілмегендіктен, бизнес зардап шегуде. Республикалық СЭС комитетінің хабарлауынша, ресторан-банкет залдарының ашылуы кем дегенде 1 шілдеге дейін шегерілген.
Санитарлық қызмет мәліметтері бойынша, Қарағанды облысында КВИ ауруының деңгейі 100 мың адамға шаққанда 77 жағдайды құрайды. Оның үстіне, күнделікті өсім 3,1%, ол республикалық деңгейден екі есе жоғары. Аймақта эпидемиологиялық жағдай кезең-кезеңмен дамуда. Бұл аурудың ең жоғары көрсеткіші 21 сәуірде, ірі кәсіпорындардың қызметкерлері арасында COVID-19 анықталған кезде пайда болды.
Қарағанды қаласы Балалар ауруханасының реаниматология бөлімінің меңгерушісі Елизавета Кальмбах COVID-19 дертіне шалдықты. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан абзал жан палатаға ауыстырылды. Ол коронавирус инфекциясын қайдан жұқтырғанын өзі де білмейді.
– Жұмыста біз барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтадық. Бірнеше әріптесім COVID-19 диагнозымен ауырып жатырмыз, дегенмен пациенттеріміздің ешқайсысынан бұл дерт анықталмады, жұқтырмаппыз, соған қуанып отырмын. Дәрігерлер қоғамнан оқшауланбаған. Кез келген қарапайым адамдар секілді дүкенге барамын, автобусқа мінемін, мүмкін сол кезде жұқтырып алған болармын. Жұмысымыздың ерекшеліктеріне орай біз де қауіп-қатер аймағындамыз, – деді дәрігер.
Өз ағзасындағы аурудың алғашқы белгілерін дәрігер-реаниматолог өзі анықтаған. Сол күні ол қоғамнан өз еркімен оқшауланып, әріптестеріне жүгініпті. Жедел жәрдемге жүгінгеннен кейін оны ауруханаға жатқызып, анализ алып, компьютерлік томография жүргізген. Зерттеу нәтижелері онда COVID-19 барын растайды. Бірнеше күннен кейін пациенттің жағдайы нашарлап, оны жансақтау бөліміне ауыстыруға мәжбүр болған.
–Коронавирус инфекциясын жұқтырғаныма бірден күдіктендім. Менде осы дертке тән белгілерге сай бұлшық еттерім, кеудем ауырды. Олар ыстығым көтерілгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін пайда болды. Әрине, дәрігер болғандықтан маған пациент ретінде жатып, емделу таңсық болды. Жағдайды бақылай алмайтының, оған еш әсер ете алмау өте қиын екен, – деп есіне алды Елизавета Кальмбах.
Қарағанды қаласындағы профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жұқпалы аурулар госпиталі 100 төсекке есептелген. Қазір олардың бірде-бірі бос емес. СОVID-19 дертіне шалдыққан тоғыз науқас жансақтау бөлімінде, оның ішінде біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
– Түрлі елдердің дәрігерлік тәжірибесіне негізделген соңғы мәліметтер бойынша, ӨЖЖ-ге қосылу– соңғы төтенше шара. Оған қосылу үшін адамның тыныс алуын толық тоқтату керек. Егер мүмкіндік болса, инвазивті емес әдістерге жүгінген жөн. Бұл ретте адам өзі ем алады, ал аппарат оған көмектеседі. Жансақтау бөлімінде қазір сегіз науқас дәл осылай ем алуда. Олар есін біледі, біз тіпті тамақтандыру үшін олардың аппараттарын кейде өшіреміз. Кейбіреулерінің жағдайы дәретханаға өз бетінше баруға да жетеді, – дейді профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жансақтау және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Сергей Ким.
Облыста COVID-19 бойынша іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 65 мобильді топ құрылды, олардың құрамына ҚО ТКҚСҚББ мамандары, полиция бөлімдерінің, «Атамекен» ҰКП Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. 7 934 объектінің санитарлық-дезинфекциялау режимі бақылауға алынды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы