Праймериз – Қазақстанға тән саяси институттарды қалыптастыруға ықпал етеді
Әр қоғамның өзіне тән ерекшеліктері бар. Әдетте саяси институттардың дамуы осы өзгешеліктерді ескергенде ғана орнықты болады. Жергілікті әралуандығымен ерекшеленетін қазақ қоғамының саяси тұрғыда біртұтастығын сақтау үшін елімізде Мәжіліс пен мәслихаттарға пропорционалды сайлау тәсілі енгізілген. Яғни, сайлаушылар жекелеген адамдар емес партиялық тізімдер үшін дауыс береді. Бұл халық өкілдерін топтық, тобырлық мүдденің ығынан алып шығу үшін, олардың елдік тұрғыдан шешім қабылдауын қалыптастыру үшін жасалған қадам. Онымен қоса, бұл партиялардың саяси жүйедегі маңызын арттыра түседі. Осы орайда, партиялардың бюрократиялық тәсілден арыла алмауы пропорционалды жүйенің біріктіруші әлеуетінің толық ашылуына, партиялардың халықтық институт ретінде қалыптасуына кедергі болып келеді. Бұлай дейтініміз, бюрократиялық тәсілмен жасалған сайлауалды тізімдер көпшілікпен келісілмейді. Көбіне жабық жағдайда жасақталады. Әрине, бұл белгілі бір топтың мүддесін ғана білдіретін тізімді жасақтауға алып келеді. Нәтижесінде, көпшілік «партия» дегеннен өзінен оқшау бір топтың бейнесін көреді. Үміткерлерді көргенде көпшілік, тіпті партия мүшелері «мен не деймін, домбырам не дейді?» дегендей сезiмде қалады. Осы тұрғыда, праймериз – партиялық тізімді көпшілікпен келісіп алудың механизмі. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді халқымыз. Бұл партияның халықтық имиджін нығайтып, оны бюрократиялық сипаттан арылтудың оңтайлы тәсілі.Праймериз – үміткердің жауапкершілігін бекіте түседі
Белгілі ойшыл Ю.Хабермас ұсынған саяси коммуникация тұжырымдамасына сәйкес қазіргі мемлекеттер тәжірибесінде дәстүрлі өкілетті демократия институттары (сайлау, референдум және т.б.) қосымша коммуникация құралдарынсыз дағдарысқа ұшырауда. Себебі азаматтық сана дамыған ақпараттық қоғамда саясаткердің тек сайлау кезінде ғана көпшіліктің алдына шығуы арқылы билікке деген сенімді қалыптастыру мүмкін емес. Дәстүрлі сайлау науқандарының басты кемшілігінің бірі де үміткерлердің тұрғындардың нақты мәселелерін жете білмеуі. Бұл саясаткердің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігінің төмендеуіне әкеп соғады. Ал праймериз – үміткерді электоралды науқан басталғанға дейін өз сайлаушыларымен диалог орнатуға, тұрғындардың түйткілдерімен тереңірек танысуға итермелейді. Ол – сайлаушылардың үміткерге және партияға сенім деңгейін сайлауға дейін анықтауға, қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, АҚШ-та президенттікке үміткерлерді «бастапқы таңдау» процесі сайлау науқаны басталғаннан жарты жыл бұрын қыза түседі. Партия атынан президенттікке үміткер бірнеше тұлға өз бағдарламаларын ұсынып, қоғам алдында ашық түрде өзара тартысқа түседі. Америкалықтардың неғұрлым көбірек қолдауына ие болған тұлға жалпыұлттық сайлауда партия атынан додаға түседі. Нәтижесінде, сайлаушылар ресми сайлау науқанына дейін-ақ үміткердің ой-өрісімен, ұстанымымен танысуға мүмкіндік алада. Өз кезегінде үміткерлер де халықпен тікелей жүздесіп, көпшіліктің талап-тілегін жақынырақ түсінуге қол жеткізеді, ел алдындағы жауапкершілігі беки түседі. Осылайша, праймериз сайлаушы мен үміткер арасындағы сенім кредитін нығайтуға ықпал етеді.Популизмді сабасына түсірудің жолы
Әлеуметтік желілер арқылы пікір білдіру мүмкіндігінің кеңеюі жаппай популизмнің белең алуына алып келді. Өзін «азаматтық белсенді», «халықтың мұңын» айтушы етіп көрсету етек жаюда. Дәйексіз ой мен жалған ақпарат үшін азаматтық жауапкершіліктің төмендеу тенденциясы айқын көрінуде. Мұның бәрі қоғамдық пікірді салмақты, конструктивті арнадан ауыстырып тенденциялық әрі маргиналды популизмге бұрып жіберуі әбден мүмкін. Бұлай бола берсе, елдің тағдырына кері әсер етпей қоймасы хақ. Демек, өршіп тұрған жаппай популизмді сабасына түсіру қажет. Бұл үшін жеңіл, желікпе сөзден гөрі жергілікті мәселелерге қанық, белсенді азаматтарға жол ашу қажет. Праймериз – ел ішінен шыққан, ерік-жігері ерен, жергілікті жерлердегі көпшіліктің мұраты үшін күресуге, партия атынан тұрғындарды мазалап отырған мәселелердің шешімімен айналысуға дайын адамдарды іріктеп, тізімге енгізуді көздейді. Шындығын айтқанда, көпшілікті толғандырып жүрген нақты сұрақтар құрғақ сөзбен емес, жауапты көзқараспен, күнделікті маңдай термен ғана шешіледі.Партиялық праймериздің артықшылықтары
Үміткерлерді алдын ала іріктеу механизмі «Nur Otan» үшін таңсық дүние емес. Партия 2007, 2016 жылдары посткеңестік мемлекеттер ішінде алғашқы болып мәслихат сайлауында үміткерлерді партияішілік іріктеу арқылы таңдауды қолданған болатын. Десек те, бұл жолғы іріктеу бұрынғылардан өзгеше болмақ. Ол жаңа форматта, кең көлемді әрі праймериз өткізудің әлемдік тәжірибесінде кездесетін дебат, тұрғындар арасында ашық үгіт-насихат өткізу, рейтингтік дауыс беру сияқты демократиялық элементтермен толықтырылған. Осымен қатар алғаш рет праймериз нәтижесінде жасақталатын партиялық тізімнің 30%-ы әйелдер, 20%-ы жастар болуы тиіс деген ұстанымдар жарияланып отыр. Тағы бір артықшылығы, бұл жолы партиялық праймеризге саяси ұйымның мұраты жолында күресуге дайын кез келген азамат өзін-өзі ұсынып қатыса алады. Алайда праймериз барысында партия мүшелігіне өтуге міндетті. Бұл – сайлау заңының талабы. Демек, праймеризге қатысушының партиялық тәжірибесі есепке алынбайды. Басты көрсеткіш – азаматтық белсенділік танытып, дауыс берушілердің сеніміне ие болу. Партия мүшелері дауыс беретін таңдау қорытындысы бойынша неғұрлым жоғары қолдауға ие болғандар партиялық тізімге енуге мүмкіндік алмақ.Еділ ОСПАН, «Nur Otan» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты