Өз ағам одаққа неге қарсы?
Өз ағам одаққа неге қарсы?
183
оқылды
Өзбекстанның Еуразия­лық экономикалық одаққа кіруі – қазақтың қолайына жа­ғатын іс еді. Біріншіден, хал­қы 33,7 мил­­лионнан ас­қан іргедегі ірі нарық отан­дық өндіру­ші­лер үшін қол­жетімді бола түс­пек. Екін­шіден, түр­кітілдес ха­лықтар топтасса, одақта Ор­талық Азияның үні ба­сымырақ есті­лер ме еді, кім біл­сін?! Мы­­салы, тәжік­тер «егер Өз­бек­стан ЕАЭО-ға кір­се, ізін ала біз де мүше бо­ламыз» деді. Үшін­шіден, онда еура­зиялық идея қайта түлеп, тұтыну­шылары 200 миллион­нан асатын одақ әлемде тар­тым­ды әрі маңыз­ды ойын­шы­ға айналары кәдік. Бірақ Өзбекстан Еуразиялық одаққа мүше болудан ақыры бас тартты. 2019 жылғы 2 қазанда Таш­кент­ке ресми сапармен барған Ресей Федерация кеңесінің, яғни сенатының төрағасы Валентина Матвиенко: «Өзбекстанның ЕАЭО-ға қосылуы мәселесі пы­сықталып жатыр», – деп тосын мәлімдеме жасады. Бұл хабар тек оңтүстік көршіде ғана емес, бүкіл одақ аясында қоғамдық пікірде дүмпу туғызды, жұртты екіге жарды. Әлеуметтік желі­лер қауесет және қайшы пікір­лерден кернеп, гулеп кетті. Кейбір сарап­шылар өзбектердің Еуразиялық экономикалық одаққа енуі ше­шілген мәселе екенін, бұл тарихи оқиға 2020 жылғы ақпанда бола­тынын аңдатып қойды. Осыдан кейін Батыстан биік лауазымды тұлғалар өзбек ағайын­­дарды бұл ойынан ай­ны­туға, райынан қайтаруға кірісті. Вашингтонда Америка–Өз­бек­стан сауда палатасының жиы­нын өткізген және оған өзі қа­тыс­қан Құрама Штаттар­дың сауда министрі Уилбур Росс «Өзбекстанның ЕАЭО-ға қо­сылуы оның ДСҰ-ға кіру про­цесін күрделендіріп жіберетінін» болжады. «АҚШ пен Өзбекстан қарым-қатынастары өте табысты дамып келеді. Бір жыл ішінде тауар айналымы екі есе, яғни 2017 жылғы 136 миллион доллардан 2018 жылы 300 миллион долларға дейін артты. Өзбекстанның Орталық Азиядағы жетекші экспорттық бағытқа айналуға үлкен мүмкіндігі бар», – деді АҚШ сауда министрі. Өз кезегінде Ресей саясат­керлері мен медиа құралдары одаққа кіруден Өзбекстанның тек ұтатынын дәлелдеуге күш салды. Алайда осынау бос дүрлігіске өзбек президенті Шавкат Мирзиёев нүкте қойып отыр. Сенат­тың осы аптадағы отыры­сына қатысқан ол Өзбекстанның ЕАЭО-ға мүше болу ниеті жо­ғын, әрі кетсе бақылаушы мәрте­бесімен шектелетінін жариялады. – Интеграция туралы бірауыз сөз. Көптеген азаматымыз ше­телде, Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Олардың тағдырына бейжай қарай алмаймыз. Бірақ бір мәсе­леде сенім бекем болсын: біз еш­қашан ешкімге тәуелсіздігімізді бермейміз. Тәуелсіздік туы халық сенім білдірген президенттің берік қолында. Өзбекстан бұл одақтың мүшесі болмайды! – деді Шавкат Миромонұлы. Кезінде Ислам Кәрімов «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегенге саятын «ұстамды изоляционизм» саясатын ұстанды. Мұндай даму моделі аз қамтылғандарды қол­дауға, жергілікті өндіруші мен ішкі нарықты қорғауға, мың құбылған жаһандық саяси және эко­номикалық ахуал-конъюнк­тураға тәуелді болмауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге оқшаулану стратегиясының дамуды шек­тейтін салмақты кедергілері де бол­ды. Сондықтан өзбектің жаңа лидері экономикалық ұйым­нан теріс айналмайды, ынтымақ­тасудың ұтымды форматтарын іздейді. «Бақылап, қандай теріс және оң тұстары барын білеміз. Санкт-Петерборда Владимир Путинмен біраз мәселе бойынша уағдаластық. Мен не істесем де, ұлттық мүддені әрдайым алға қоятыныма сенімді болыңыздар», – деді депутаттарға президент Ш.Мирзиёев. «Сырт көз – сыншы» де­ген, өзбектер ұзақ уақыт бойы қазақ елінің Еуразиялық одақта­ғы қина­лысы мен көрген қиянат­тарын бақылап келеді. Мыса­лы, Қазақстанның Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жыл­ғы қаңтар-қыркүйек айларында еліміздің ЕАЭО мемлекеттерімен сауда-саттығы небәрі 14,8 млрд долларды құрады. Бұл 2018 жыл­ғы ұқсас кезеңдегіден 1,2% кем. Біз­дің одаққа сата алған экс­пор­тымыз бар-жоғы 4,4 млрд доллардың тауары болды, яғни бір жыл ішінде 2,8%-ға азайды. Салыстыру үшін айтсақ, қияндағы Италияға Қазақстан 10 миллиард доллардың өнімін сатады. 2019 жылғы қарашада Қа­зақстан Ресейдің өз аумағы ар­­қылы Украинаға және өзге ел­дерге көмір жеткізілімдерін шек­теуі кесірінен ай сайын 11 млн доллар табыстан қағылғанына шағымданды. Таяуда Беларусь президенті Александр Лукашенко қазақ мұнайын сатып алайын десе, оны өзіне бәсекелес ту­дыр­­­мау үшін Ресейдің өткізбей оты­р­ғанын мәлім етті. Мұның барлығы өзбектерді еш ынталан­дырмасы анық. Мәскеу егер Өзбекстан ЕАЭО-ға мүше болса, жұмыс күші­нің еркін қозғалысына ие бо­ла­тынын алға тартады. Бұл та­қырып өзбек үшін өзекті: 2 мил­­лион­нан астам азаматы Қа­зақстан мен Ресейде нәпақа тауып жүр. Бұл елде бойында бұла күші бұлқынған жас жігіттер саны жыл сайын еселене көбеюде, олардың одақ­тың жұмыс күші нарығына шы­ғуының жеңілдеуі Ташкентке түсер жүктемені азайтар еді. – Еуразиялық одаққа кіру­дің басты дәйектемесі ретінде еңбек көші-қоны мәселесін бас­шылыққа алу орынсыз. Өйткені бұл проблема онсыз да екіжақты деңгейде, мем­ле­ке­таралық келісімдер негі­зінде табысты шешілуде. Жал­пы, мигранттар әлеуметтік шие­леніс туғызып, халық наразы­лығы мен ұлтшылдықты өршіте­тін жағымсыз коннотация ретінде қабылданады. Демек, ЕАЭО тағдырын мигранттар шеш­пеуі керек, – дейді белгілі саясат­танушы, Өзбекстанның «Білім керуені» мемлекеттік емес ғы­лыми мекемесінің директоры Фарход Толипов. ЕАЭО төмен тарифі, либералды сауда режимі болған Қазақстан, Қырғызстан және Арменияны кедендік баж салығын көтеруге мәжбүр етті. Бұл одақтан тыс елдерден келетін тауарларды қым­баттатты. Ал оңтүстік көршіге қонаққа барған қазақстандықтар оларда тауарлардың арзандығына тамсанады. «Әу баста уағдаласып, уәде етіл­генімен, Еуразиялық одақ өзіне мүше мемлекеттер ара­сын­дағы инвестиция мен капиталдың артуына елеулі серпін бермеді. ЕАЭО-ға кірсе, Өзбекстан төл сауда саясатын бақылаудан айы­рылып қалады. Бүгінде осы елдің жаңа басшылығы өз бе­тін­ше сауда режимін ырықсыз­дандыруда. Ал одақта олай жасай алмайды, ережелері тыйым са­лады. Өзбекстан болса, ары қарай әлемге ашыла бермек», – дейді экономист Сэм Бутия. Әйтсе де, сарапшылар өзбек елінің Еуразиялық одақпен ат-құйрық кесісіп, қатынас үзе алмайтынына да назар аудартады. Қазіргі кезде Өзбекстанның сыртқы сауда айналымының 70%-ы – ЕАЭО елдеріне тиесілі. Қазақстан да, Беларусь те одаққа дәл осынша тәуелді емес. Олай болса, ынтымақтастық бәрібір өр­кен жаяры сөзсіз.    width=Айхан ШӘРІП