«Елімізге қайғы әкелген осы күндерде жеке өзімнің және Сенат депутаттарының атынан қаза тапқандардың және зардап шеккендердің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Сіздер душар болған қайғыға ортақтасып, бірге қайғырамыз, біз сіздермен біргеміз. Арыс тұрғындарына қол ұшын созған қазақстандықтарға ерекше алғыс айтамыз. Жүрегі мейірімге толы мыңдаған жан адамдарды көшіруге көмектесті, тамақпен, киім-кешекпен бөлісіп, баспанасыз қалғандарды үйлеріне орналастырды, жоғалған балаларды іздеуге көмек берді. Ержүрек әскери қызметшілер тәуекелге бел буып, төтенше жағдай аймағынан адамдарды көшірді, отпен, өртпен күресті. Адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға уақытша қиындықтарды бастан өткеруге көмектесу үшін дәрігерлер, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, еріктілер, республикалық және жергілікті билік органдары қолдан келгеннің бәрін жасауда. Зардап шеккендердің бәрі тезірек сауығуын тілейміз», – делінген жеделхатта.
Жоғарғы палата басшысының байламынша, біздің күшіміз бірлік пен қайырымдылықта және рақымшылықта екенін қазақстандықтар тағы да паш етті. Бүкіл елімізде Арыс тұрғындары үшін киім-кешек, ақша және азық-түлік жинақталып жатыр.
«Біз тек біріге отырып, барлық қиындықтарды еңсереміз, мұқтаждарды қолдау арқылы Арысты қалпына келтіре аламыз. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары мен Сенат аппаратының қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын Арыс қаласында төтенше оқиға салдарынан зардап шеккендерге аударды», – деп хабарлады Д.Назарбаева.