Әлеуметтік желінің хас перісі
Әлеуметтік желінің хас перісі
435
оқылды
Ин­тернетте белсеніп жүретіндер 14 маусымды мере­ке ретінде бел­гі­леп алған-ды. Ал Қазақ­стан­да «блогер» деп дәріптеп жүр­ге­ні­міз­дің көбі шынында бло­гер емес. Олар – «әлеуметтік же­­­ліні белсенді пайдалану­шы­лар» ғана. Блогер болу үшін бай­ба­лам салып, жұрт­тан ерек шуыл­дау аздық етеді. Дамыған ел­­­дерде қабылданған стан­дарт бойынша блогер де жур­налист қатарлы байыпты зерттеу жүр­­гізуі, терең талдау жасауы, құ­­зыр­­лы органдарды сөйлетіп, тың фактілерді табуы шарт.  

Блоггинг «қазасы»

ХХІ ғасырдың басында Қа­зақ­стан­да талғамы жоғары, танымы жан-жақты, ұстанымы берік нағыз бло­герлер қозғалысы өркен жая бас­та­ды. Олар өз ойларын Kerekinfo, Aitaber, Yvision, Blogging, Samizdat, өз­ге де блог-платформаларда тұрақты жа­зып тұрды. Бұдан бөлек, Ерлан Асқар­беков, Аян Нұрмағанбетов, Ба­­қытжан Молдатаев, Нұрлан Исин, Ар­тем Игликов, Асқар Исабеков, Рүстем Мұсабеков, Александр Смирнов, Алек­сандр Ляхов, Ольга Цепилова се­кіл­ді блогерлер жеке блогын жүргізді. Компьютер мен смартфон ара­сын­дағы тың буынға айналған планшеттер сияқ­ты, блогерлік – публицистика мен зерттеу журналистикасы аралы­ғын­дағы маңызды жаңа буын ре­тін­де дамуға ден қойды. Алайда тез-ақ күйзеліске ұшырады. Блог-тұ­ғыр­лардың көбінің жұмысы до­ғарылды. ЖЖ секілді тұғырнамалар же­ке күнделікке айналып кетті. Мы­салы, 2020 жылғы 7 мамырда Kerekinfo.kz блог-платформасы жұ­мы­сы аяқталғанын жариялады. «17 жылдық КерекИнфо серуе­нінің соңына жеткен сияқтымыз. 2003 жылы форум ретінде бастадық. Кейін заманауи блог-платформа форматына өтіп, екінші деміміз ашылды. Осы уақыт аралығында үлкен бір нетуорк жасалды, жаңа таныстық, достық, тіпті серік тауып үйленгендер болды. Қазақ интернетінде төл стилімізді қалып­тастыр­дық, пост пен пікір жазу мәде­ниетін үйрендік, түрлі іс-шара­лар өткіздік. Оффлайнда түрлі кездесулер өткіздік, Блог-Құрылтай, Интернет форум сияқ­ты іс-шаралардың өтуіне мұрын­дық болдық», – дейді оның «админі», яғни әкімшісі Аршат Ораз. Оның байламынша, бүгінде блоггинг өлді. «Әлеуметтік желі қарқын ала бастаған кезде блоггинг бел­сенділігі де бәсеңдеп сала берді. Ал соңғы 4-5 жылда тіпті басылды. Блоггинг бітті бізде! Блогосфера қалмады. Блогер деп енді басқа адамдар аталып жүр. КерекИнфо да блоггингтен гөрі жаңалықтар сайтына ұқсап кеткенін өкіне мойындаймын. Жаңалықтар мен есеп-посттар сайтына ай­налды. Сондықтан осы жерден тоқтағанымыз жөн деп шештім. Бұдан әрі өзімді де, өзгені де былғамасын! КерекИнфо блоггинг мұрағаты ретінде қала береді. Тек жаңа жазбалар жазылмайтын болады», – деді А.Ораз.  

Ақырзаман айғайшысы ма?

Қынжылтатыны сол, бұл – бүкіл әлемді жайлаған жаман көрініс. Енді әлеуметтік желіде өзін «блогер» атайтындар ақша табу жолына түсті. Демек, сол жолда кез келген нәрсені жасайды. Бір топ отандық блогердің алаяқ ломбардтарды жарнамалауы, спайс тұтынуды насихаттауы, жалған конкурстар өткізуі – соның айғағы. Блогерлер биыл «мұны ешкім жасамаған!» деген ұранмен қоғамдық орындарда унитазды жалау секілді жүрек айнытар «жаңа челленджді» іске қосып, ғаламторда бейнеайғақтарын таратты. Карантин кезінде іші пысып, тыр жалаңаш шешінуге кірісті. Тіпті, сырт көзден жа­сы­рын жүруі тиіс төсек ләззаты секілді нәзік те жұмбақ дүние­ні бұлдыратып болса да, көрер­мен­деріне тікелей эфирде көрсетуге көшті. Бірақ бұл алып мұзтау-айс­бергтің ұшы ғана. Бірқатар белгілі блогерлер мемлекеттік орган, ұлттық компания басшыларына, әкімдерге, жеке бизнесмендер мен компанияларға доқ көрсетіп, ісіне зиян келтіруге уәде етіп, ақша талап етуді заңсыз баю көзіне айналдыруда. Ондай құбылыс белең алғаны құпия емес. Өйткені бүгінде блогерлер табысының басты өлшемі – оқыр­манды, көрерменді ойға қалдырар терең пікір айту, өткір мәселе кө­теру емес, көп жазылушы жинап, тез баю ғана. «Маған мынадай кісі қымбат көлік сыйлады», «құрылыс компаниясы су-тегінге бес бөлмелі пәтер сатты», «мен мына дүкенде тегін киінемін», «мына мейрамхана менен ақы сұрамайды» секілді мақтаныш жазбалар блогердің танымалдығы мен жетістігінің өлшемі саналады.   bloger1 Бұл жолда енді сөз бастайтын даналық, көптен үздік даралық паш ету, қажусыз еңбек, мұқалмас жігер, тұсалмас қайрат таныту, пәлсапалық тұғыры кемел дүние ұсыну қажет емес. Жұртты жалт қа­рататын, бұрын ешкім жасамаған әлдебіреу, тіпті анайы нәрсе жасаса жеткілікті. Көп блогер оппозиция институтының тоқырағанынан да табыс тауып жүр: ол билікті сы­наған, оның кемшілігін беті­не басқан түр танытады. Әйтсе де, айтатын сындарының өзі сын кө­тер­мейді. Сыны бар, ұсы­нысы жоқ. Айтқанының ақыр­ғы түйіні «бүйткен Үкімет отстав­каға кетсін», «Парламентті тез­детіп жаңар­тайық»-пен бітеді. Қан­дай жаңа заң керек, оның тұжырым­дамасында нендей мәселе шешімін тапқаны жөн, шетел тәжірибесі не дейді? Ол жағына бас қатырмайды. Бүкіл адамзат қатарында қазақ елі де жаһандық пандемиямен арпалысып жатқан кезде ел көзіне түсу үшін бірқатар блогер карантин мен шектеуді бұзуға ұмтылды, тіпті блок-бекетке барып, полицейлерге ақыра сөйлегендер болды. Сөйтіп, елге көк тиын пайдасы тимеді, есесіне елді елең еткізіп, көп қаралым жинады. Блогерлер ақырзаман айғай­шысы емес, заманның ақылшысы болса, елге игілігі көбірек болар ма еді?..  

Шенеунік те блогер болуға ынтық

Блогерлердің оңай пайда табатыны кейбір шенеуніктердің де көкейін тескен мәселе болса керек: мемлекеттік қызметшілер арасында блогер болғысы келе­тіндер көп. Олар атынан таяуда М.Ахметолдин деген азамат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа өтініш жол­дапты. Ол шенділерге бло­гер­лік­пен шұ­ғылдануға рұқ­сат ету­ді ұсын­ды. Неге ол Мем­ле­кет­тік қызмет істері агент­тігі­не емес, антикоррупциялық агент­­тікке жүгініп отыр? Себебі корруп­­циямен күрес аясында, «Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл туралы» заңына сәй­кес, мем­қызметшілерге және мем­ле­кеттік функ­цияларды орындай­тын тұл­ғаларға ақысы төле­нетін өзге қыз­метпен айналысуға тыйым са­лынған. Оларға өз лауазым­ды қыз­меті сыртында тек педа­гог­тік, ғылыми және өзге де шығар­ма­шылық қызметпен айналысуына ғана жол ашық. Осыған байла­ныс­ты кейбір ғылыми атағы бар шенділер университет-академияда дәріс оқиды. Бұл ретте шығармашылық қызмет дегеннің аясы кең екені мәлім. Мысалы, «Мәдениет ту­ралы» заңында бұған «кез келген нысан-формада және кез келген тәсілмен көркем құндылықтар жасауға немесе әдебиет пен өнер шы­ғармаларын түзуге, тәр­жі­ма­лауға бағытталған қызмет» деген анықтама беріледі. Бірақ Қазақстан заңнамасында «өнер» деген ұғымға нақты не жа­татыны жазылмаған. «Уақыт бір орнында тұрмайды, заманауи технологиялар рөлі барған сайын артқан мына заманда әлеуметтік желілер адамдардың негізгі бір ақпарат көзіне айналды. Әрбір екінші адам күннің көп бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді. YouTube, Инстаграммда көптеген адам блог жүргізеді, төл бейнерепортажын жасайды. Яғни, өз бетінше өнім өндіреді. Блогерлер халық арасында кең танымал. Мемлекеттік қызметшілер де, квази­мемлекеттік сектор қыз­меткері де блогер бола алады. Интернет арналар ақысын төлеп, оларды тележүргізуші, интернет бағдарламасының жүргізушісі ретінде тарта алар еді», – дейді М.Ахметолдин. Ол агенттік басшысынан блогер болуды, әлеуметтік желіде вайн жасауды, телеарна-радиотолқында бағдарлама жүргізуді, солар үшін өнім өндіруді «өнерге» немесе «көркем құндылыққа» жатқызуды ұсынды. Сонда мемқызметшілер немесе ұлттық компания қызмет­керлері қосымша табыс көзіне қол жеткізе алатын көрінеді. Алик Шпекбаев заңнама бойынша шенеуніктер қосымша тек шығармашылық қызметпен ғана шұғылдана алатынын рас­тады. «Дегенмен қандай да бір қыз­метті шығармашылық қызметке жатқызу мәселесі салалық заңна­мада анықталады. Тиісінше, егер уәкілетті орган блогерлікті шығар­машылық қызмет ретінде та­ныса, онда онымен қоса шұғылдану мемлекеттік қызметті өткеруге еш кедергі болмайды», – деп жауап қатты жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы. Қорқыныштысы сол, Үкімет блогерлікті реттеуге талай талап­танып көрді, шуылдаудың ше­бері болып алған блогерлер билік өкіл­дерімен жанжалдасып, жағаласып оны қабылдатпайды. Мемлекеттің қолынан бар келгені – «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына өзгеріс енгізіп, барлық интернет-ресурсты БАҚ-қа теңестірді. Тиісінше, заң жүзінде Facebook, Instagram, Twitter, ВК, ОК – бұқаралық ақпарат құрал­дарына жатады. Сонымен бірге, оларда орналастырылған барлық материал, соның ішінде пайдаланушы топтары, жеке парақ­шалар, пікірлер мен посттар – БАҚ өнімі болып есептеледі. Бірақ бұл ресурстардың барлығы – шетелдік. Оған Қазақстанның әмірі жүрмейді. Оның үстіне «БАҚ туралы» заңға сәйкес, тек мерзімді баспасөз бен ақпарат агенттіктері ғана міндетті түрде тіркеуге қойылуы тиіс. Блогерлер тіркеуге алынбайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта блогер мәртебесі және оларды БАҚ санатына жатқызу өлшемдері заңнамамен анықталмаған. Биыл ақпарат мәселелері жөніндегі заңнамаға түзету енгізіп, «блогер» статусын айқындау жоспарланған. Заңның қашан өмірге жолдама алары беймәлім. Қалай болғанда, қоғамдық пікірге әсер ететін, тіпті мемор­гандардың іс-әрекетін түзетіп, мемлекеттік саясатқа ықпал жа­сайтын, артында қаржылық, саяси топтар тұрған күштерді заң аясында реттеу аса маңызды. Мәселен, бірер жыл бұрын бір топ блогер Bek Air шоқпарына айналып, әуекомпаниясын лицензиялауға тырысқан министрліктің аяғын тұсады. Ақыры былтыр Bek Air-дің ұшағы апатқа ұшырап, адам құрбанына соқтырғанда солардың ешқайсысы жаза тартпады.  

Елдос СЕНБАЙ