Қалыңмалсыз қыз ұзатты
Режиссер өзінің жазбасында үлкен қызымыз Салтанатты Ақ мешітте некесін қидырып, жақын туыстарды жиып, құдайы бердік. Үлкендердің батасын алдыртып, шығарып салдық. Үйге айттап келген туыстар да екі жасқа тілектес болып, күйеубала алып келген айттықтарын алып, мәз болып қайтты. Белгілі драматург Сая Қасымбектің той туралы жазған постына толық қосыламын. Даңғаза тойларды тоқтату керек. Тойға шақыратын әртістердің гонорарын жастардың игілігіне жұмсау керек! Мен қызымның тойын екі рет жылжыттым. «Қыз Жібек» фильміндегі әкесі Сырлыбай айтқандай «...Ниетім түзу еді қызым... Осындай жағдай болады деп кім ойлаған? Сосын шешім қабылдадым. Құдалықты жақсылап өткізіп, тойға кететін қаражатты екі жастың үй мәселесін шешуге жұмсайық деп. Алғашқы жарна ретінде екі жақ та көмектессе, жастар пәтер жалдап қиналмайды да... Мен кеше қызыма берген қалыңмалды жастардың өзіне қайтарып бердім. Әрине, әркім өзі біледі, бірақ екі жас бақытты өмір сүруі үшін екі жақ та көмектесу керек. Балаларымыз бақытты болса, біз де бақыттымыз» депті ол жазбасында. «Қыз ұзатқан негізінен қиын ғой. Қызға берілетін дүние қалыңмалдан бірнеше есе көп. Сондықтан жастар бірін-бірі ұнатып жатса ортақ келісімге келу керек. Жалпы айтқанда, жастардың жағдайын жасауға тиіспіз», – дейді бізбен әңгімесінде ол. Дәстүрді берік ұстанатын шымкенттіктер үшін бұл тосын жаңалық болып көрінгені рас. Алайда жазба астына ой-пікірлерін білдірушілердің барлығы да бұл бастаманы дұрыс қабылдап, оң пікірлерін, құттықтауларын білдірген. Оқып отырып, той шығынынан әбден күйінгендерді байқайсыз. Иә, бүгінде той төңірегіндегі мәселелер жиі айтылып жүр. Елдің басым бөлігі екі жастың үйлену тойындағы шектен тыс көбейіп кеткен алыс-беріс, жөн-жоралғыны тоқтату керек деп айтады. Дегенмен жеме-жемге келгенде, мұндай қызықшылық өз бастарына түскенде, амал жоқ, елден қалмауға тырысады. Демек, айтуға оңай болғанымен, оны жүзеге асыру қиынға соғып жүргендіктен Дәуренбековтің бұл әрекеті – үлкен ерлік!Қарызға батып, несие алып үйленгендер көп
Қош, сонымен қалыңмал мәселесі жастардың жұп құруына қаншалықты кедергі келтіріп жүр? Бүгінде оңтүстік өңірде қыздың қалыңмалы кемі 800 мың мен 1 миллион теңгенің төңірегінде. Оның қасына «өлі-тірісіне» сойылатын қойдың ақшасы мен дастарқанға деп берілетін қаржыны қосыңыз. Яғни қалыңмалдың жанына 100-200 мың теңге төңірегінде ақша бөлек беріледі. Сонымен, үйленетін жігіт 1 миллион 200 мың теңгені бөлек жинауы қажет. Беташар мен құда-жегжатқа берілетін жөн-жоралғының ақшасын қоспағанда. Құда-жегжат арасындағы алыс-беріс шығындарын ата-анаға қалдыратын жастар негізінен қалыңмал мәселесіне бас ауыртады. Ал 1 миллион 200 мың теңгені қалай жинайды? Еліміздегі жас буынның жалақысы ары кеткенде 100 мың теңгенің төңірегінде. Біздің өңірде жас мамандар 50-60 мың теңгемен де жұмыс істейді. Сонда олар отау құру үшін бұл қаржыны қанша уақытта жинап болады? Байқап жүрміз, қазір қоғамда негізінен несие алып, отбасын құрып жатқандар көп. Басқа амал да жоқ. «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген қағиданы ұстанған қазақ мүмкін жұп құрған соң жағдайымыз түзелер дейтін сеніммен де қарызданып болса да, бір басын екеу етіп, алдан үміт күтеді. Қазір қарызға батып үйленіп, қызын ұзатып несиенің астында қалғандарды көп кездестіресіз. «Осыдан екі жыл бұрын қызымның қалыңмалына деп берген 500 мың теңге киіміне де жеткен жоқ. Тонының өзі 350 мың теңге, 10 шақты көйлекті 300 мың теңгеге, сөмкесі, боянатын заттары жалпы үстіне ақша қосып, киімінен құтылдық. Одан бөлек, жатын бөлме жиһазының өзін 400 мыңға алдық, алтындары, техникасы, ыдыстарын қосқанда, миллион теңгеден де асып кетті. Сонымен құтылдық па деп отырсақ, апарған көйлектеріміз кешкі тойларға киетін екен. Күнделіктіге киетінім жоқ деген соң артынан қосымша тағы жеткіздім. Әйтеуір анауым жоқ, мынауым жоқ деген соң барған жерінен ұят болмасын деп біртіндеп таси бердік қой. «Каспий ред» көмекке келіп жатты сол кездері. Енді міне, сол қарыздарымды әлі құтыла алмай жүрмін. Енді бесігін апару керек болып отыр», – дейді көршіміз Зәуре. Тағы бір танысымыздың қызы әжептәуір қалталы жігітке тұрмысқа шыққан. Бірақ өзінің қарапайым отбасы екенін білдіргісі келмей, анасына айтпай әр туысына түрлі жиһаздар алдыртыпты. Иә, айта берсең мысал көп. Алайда дәл осындай мәселелер ерлі-зайыптылардың арасына сызат түсірмесе, олардың беріктігін нығайтпасы анық.Қалыңмал дәстүрінің тозығы жетті
Драматург Сая Қасымбек қалыңмал дәстүріне үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатады ғой. Осы қалыңмал дәстүрі ендігі тозды. Бүгінгідей айлығы шайлығына жетпей жүрген көптеген жастарымыз қалыңмалдың салдарынан шаңырақ көтере алмай жүр. Себебі қазір қыздың ата-анасы миллион әкел деп керігеді. Таңқалатыным, миллион әкел дегенімен, өзі сол ақшаның үстіне қарызданып-қауғаланып 2-3 есе ақша қосып, несие алып, қыздың артынан дүние апарады. «Ойбай, киім» дейді. Онысы ертең қыздың өлшемі өзгеріп сыймай да қалады. 1 жылдан соң сәннен де қалып кетеді. Осы әурешілік кімге керек? Біз әлі де озық жағын қарастырмай, тозық жағын қазбалап күшейтіп жатырмыз. Ал қалыңмалға мүлдем қарсымын», – дейді Сая апай. Жалпы, бүгінгі той бизнесіне үнемі қарсылығын білдіріп, әлеуметтік желіде ойын бөлісіп отыратын Сая Қасымбек сүндет той мен үйлену, қыз ұзатудан басқасының барлығын тоқтату керек деп есептейді. Жалпы, әдетте қалыңмал қазақтың салтында бұрыннан бар дейміз. Дегенмен бұл дәстүр еліміздің бірқатар аймағында әлдеқашан құнын жойған. Кей аймақтарда бұл салтты ұстанбайды. Екі жастың бақыты алғашқы орынға қойылады. Кейбіреулер, тойдың сәні дейтін бұл жөн-жоралғыны дұрыс деп жатады. Жылдар бойы бойға сіңірілген бұл салттан бірден бас тарта алмасымыз анық. Алайда Батырхан ағамыз бастап берген дәстүр біртіндеп қолға алынатын шығар деген үміттеміз. Осынау тақырып төңірегінде жастармен сөйлесу кезінде олардың қазақтың салт-дәстүрлері, яғни құдалықтағы жөн-жоралғыны онша қаламайтынын білдік. «Үйленуіме қалыңмал мәселесі кедергі келтіріп жүрген жоқ. Тек қыз табылмай жүр. Ауылдағы жолдас жігіттер де анық үйленемін десе, қарызданып болса да, қарбызын сатса да, әрекет жасайды. Көбісі адал жар болатын жақсы қыз таңдауда жүріп қалады. Жалпы, үйлендіру әке-шешенің міндеті, мен де ертең ұлым болса, оны үй-жайлы етуді парызым санаймын. Негізі қазір карантин кезі үйленуге ең тиімді уақыт болып тұр. Өзім білетін 2 сыныптасым мен құда бала жөн-жоралғы салт-дәстүрлерден бойын аулақ етіп, миын ашытпас үшін осы кезде үйленіп алды. Екі жақ келіседі. Онша шығындалмайды. Шаңырақ көтерудің ең оңай жолы болып тұр», – дейді Шымкент қалалық жастар орталығының қоғаммен байланыс және ақпараттық байланыс бөлімінің басшысы Бижан Сәдибеков. Ендеше, бос әурешілік шығын ешкімге де ұнамайды. Тек «елден ұят болмасын, қызына түк бермепті» демесін деген жалаң ұятпен-ақ құр шашылып жүр. Оны өздері де сезеді. Бірақ...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы