Елімізде крематорий не үшін керек болды?
Сонымен, Қазақстанда крематорий салудың маңызды неде? Бір сәт осы мәселенің астарына үңіліп көрейікші. Осы шаруаның реттелуін қос қолдап қолдайтындар крематорий құрылысы, біріншіден, жер мәселесін шешеді деген уәж айтады. Жылдан-жылға Алматы халқы көбейіп келеді. «Алматы қалалық салттық қызмет көрсету орталығы» ЖШС директорының орынбасары Марат Смайловтың айтуынша, 2017 жылы Алматыда 7 448 адам жерленген. Ал 2018 жылы ол 7 920-ға жеткен. Байқағандарыңыздай, олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Шотқа салып есептеп көрсек, жыл сайын қалада қаншама гектар жер адамдарды жерлеуге кетеді. Ол жерлердің қайтадан жалпы айналымға енуі үшін 50-60 жыл керек екен. Екіншіден, қалдықтарды минералдандыру мерзімі 50 жылдан 1 сағатқа дейін қысқарады. Дәстүрлі жерлеу рәсімі бойынша табытпен жер қойнына тапсырылған биомассаның ыдырауына кемінде жарты ғасыр керек екен. «Ескі зират орнын бұл кезде басқа мақсатта пайдалану мүмкін емес. Ол жерге үй тұрғыза алмайсың, тек саябақ жасауға ғана жарайды. Алматыдағы көптеген саябақ пен алаң бұрынғы зираттың орнына салынған. Мысалы, «28 панфиловшылар», «Фэмили парк» саябақтары, Төле би және Мұқанов көшелерінің қиылысындағы сквер мен басқа да көптеген алаңның аумағы бұрынғы зират орындары», – дейді Марат Смайлов. Үшіншіден, адамдарды дәстүрлі әдіспен жерлегенде, мүрде өзінен птомаин бөледі, бұл – өте улы зат. Птомаин сол жердегі топыраққа да сіңіп қалады. Одан бөлек, зиратқа жиі келетіндер немесе санитарлық-қорғаныс аймағында, анығы, зират қоршауынан 300 метрден аз қашықтықта тұратындар өз ағзасына птомаин сіңіріп алу қаупі бар. Жалпы, осы тақырып қозғалғанда ауызға алынатын тағы бір мәселені айтпай кетуге болмайды, ол – медициналық мекемелерден жиналатын биоқалдықтар жайы. Бұл мерзімінен бұрын және өлі туған шақалақтар, медициналық аборт қалдықтары, басқа да түрлі ота жасалғанда алынған биоқалдықтар. Марат Смайловтың айтуынша, кейде қала медмекемелерінен 300 келіге дейін биоқалдықтарды алып келеді екен. Бұл массаны бір жерде көмуге болмайды. Оларды шамамен 70 келі салмақта бөліп көмуге тура келеді, әйтпесе ол жерде улы заттың ошағы пайда болады. Оның табиғи жолмен минералдандыру мерзімі ұзаққа созылып, экологияға кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондай-ақ кремация әдісін қолдану ірі қалаларда қайтыс болған үй-күйі жоқ қаңғыбастар мәселесін де шешеді-міс. Мысалы, тек Алматының өзінде жылына 100-ге жуық қаңғыбас дүниеден озады екен. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық. Өлген қаңғыбас иттер мен мысықтарды, басқа түрлі өлексені залалсыздандыру үшін де осындай кремация қолданылады.Кремация көп елде қалыпты үрдіске айналған
Крематорий көптеген елде кеңінен тараған. Алысқа бармай-ақ көршілес Ресейді алайық. Патшалық Ресейде алғашқы крематорий обадан өлген малды өртеу үшін салыныпты. Кейіннен жұқпалы аурудан өлген адамдардың денесін өртеуге де пайдаланылған. Мысалы, 1905-1907 жылдары оба дертін зерттеуші дәрігерлер В.Турчинович-Выжникевич пен М.Шрейбер өздеріне оба жұқтырып, олардың денелері де өртеліпті. Бүгінде көршілес елдің ірі қалаларында 30-ға жуық крематорий бар. 1933 жылы Мәскеуде көз жұмған Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мәйіті де өртелген. Тарихта оның сүзекпен ауырып қайтыс болғаны жазылған. 2011 жылы оның мәйіт күлі салынған қобдиша елге жеткізіліп, қайта жерленді. Айта кету керек, бұған дейін кремация қызметіне жүгіну үшін қазақстандықтар Мәскеу, Челябинск, Барнаул және Новосібірге хабарласатын. Жасыратыны жоқ, қазір елімізді ғана емес, бүкіл әлемді коронавирус инфекциясының зардабы алаңдатып отыр. Өкініштісі – осы сырқат салдарынан көз жұмғандардың қатары күн санап артып келеді. 26 наурызда жұқпалы аурудан көз жұмған алғашқы науқас тіркелгенде, «Оны қалай жерлейді?» деген сұрақ көптің көкейінде тұрды. Одан кейін инфекция жұқтырғандарды жерлеудің арнайы алгоритмі қабылданды. Аты жаман аурудан көз жұмғандарды өртейтін үрдіс барын жоғарыда да айттық. Өйткені өртенген мәйітте органикалық зат мүлдем болмайды, сондықтан ол инфекциялық жағынан алып қарағанда қауіпсіз болып саналады. Осындайда «Талай жылдар бойы бір шешімін таппаған крематорий салу мәселесіне дәл қазір нүкте қойылуының астарында не бар? Коронавирус крематорий салуды жылдамдатып жіберген жоқ па?» деген сұрақ туындайды.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ