Қазақстанда крематорий салудың маңызы неде?

Қазақстанда крематорий салудың маңызы неде?

Тіпті, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұ­мыстары аяқталуы тиіс. Қала әкімдігі крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжатын даярлауға тендер жариялады. Жоба құжатын әзірлеудің өзі 46,8 миллион теңгеге бағаланып отыр. Бірден айтайық, кре­ма­то­рий қазаққа жат. Тіпті, атын естігеннің өзінде біртүрлі де­нең түршігеді. Әйтсе де, отыз жылдан астам уақыт тал­қы­ланған мәселеге нүкте қойыл­ды. Дереккөздерге қа­ра­­сақ, Алматы қаласы әкім­ді­­­гінің крематорий салу тура­лы шешімі 2004 жылы-ақ шы­ғып қойған екен. Деген­мен жоба содан бері іске ас­паған. Өмірден озған жандарды жуып, арулап жер қойнына тап­сыру – мұсылман бала­сы­на тән жоралғының бірі. Діни тү­сінік бойынша топырақтан жа­ралған адам көз жұмған соң қайта жер қойнына оралуы керек. Осындай үрд­і­сі­міз бола тұра, крематорий салуға бел будық. «Құранда «Сөз жоқ, біз адам баласын ардақтадық», – дейді. Мұсылмандардың үр­ді­сі бойынша адам дүниеден өт­кеннен кейін оны жуын­ды­рып, жер қойнауына беру ке­рек. Мәйітті өртеу – ша­ри­ғат­қа қайшы келетін амал. Олай жасауға болмайды. Жал­пы, мұсылман қауымы адам дүниеден өткеннен кейін оны жерлеу керек еке­нін біледі. Ал мәйітті өртеу оны қорлау, азаптау болып са­налады. Тіпті, Пай­ғам­бары­­мыздан (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын) жет­кен хадисте «Өлген адам­ның сүйегін сындыру – тірі адам­ның сүйегін сын­дырған­мен тең» деген. Демек, дү­ние­ден өткен адамның мәйітін жағу оған, жалпы адамзатқа де­ген құрметсіздік болады. Сон­дықтан мәйітті жағу ис­лам шариғаты тұрғысынан дұ­рыс емес», – дейді Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасының Шариғат және пә­туа бөлімінің маманы Ме­дет Құрмашұлы. Крематорий – қайтыс бол­ған адамның денесін өр­тей­тін салттық қызмет көр­се­ту ғимараты. Ауыр да болса, ақи­қатын айтсақ, мәйіт ар­найы өндірістік пеште өрте­ле­ді. Крематорий кешеніне салт­т­ық қызмет көрсету және тех­никалық корпус, колум­барий, галерея мен автокөлік тұрағы кіреді. Салттық қыз­мет көрсету корпусында мар­құм­мен қоштасу залы, вес­тибюль мен медпункт болуы тиіс. Ал техникалық корпу­сын­да пеш орналасқан кре­ма­ция залы болады. Колум­барий – мәйіттің күлі салын­ған қобдишаны сақтайтын орын. Сыртынан қарағанда кре­маторийдегі мәйітті өртейтін пеш кәдімгі кірпіш пеш сияқ­ты. Оның құрылысынан да бір­ден күрделі ештеңе бай­қал­­м­айды, дегенмен олай емес. Кремация пеші – ком­пью­термен басқарылатын жо­ғары технологиялық құ­рыл­ғы. Бұл процесс бірнеше са­ғатқа созылуы мүмкін. Ол кремациялық пештің үлгісіне, марқұмның жасына, салмағына және қандай аурумен сырқаттанғанына байланысты әрқалай болады. Мәселен, қатерлі ісік, туберкулез ауруларымен ауырған адамдардың мәйіті өте баяу жанады екен. Өртеу табиғи жол­мен жүргізілуі тиіс, яғни оның іс­ке асы­рылуын жылдамдатуға мүлдем бол­май­ды. Мәйіттің денесі жанатын ма­те­риалдан жасалған табытқа салынып, 860-1100 градустық ыстықта өртеліп, ұсақ бөл­шектерге бөлініп, күлге айналады. Күл бірнеше минутта ақшыл сұр ұнтақ болып шығады. Күлде органикалық зат мүлдем бол­майды, сондықтан ол инфекциялық жағынан алып қарағанда қауіпсіз болып са­налады. Кремациядан кейін үлкен адам­ның күлі 4,5 литрге дейін жетеді екен. Жиналған күл металл капсулаға не­месе жерлеу қобдишасына салынады. Кәсіби жерлеу ісімен айналысатын ICCFA және NFDA сияқты бірнеше ха­лық­аралық ұйым бар. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жерлеу бюросы клиенті кре­мация барысы қалай болатынын нақты білуге құқылы. Ол кремация барысында белгіленген стандарттар сақталатынына сенімді болуға тиіс. Бұл кері қайтара ал­майтын процесс болғандықтан, оған дейін барлық тиісті құжаттар әзір болуы шарт. Егер өкілетті агенттің жазбаша рұқ­саты болмаса, крематорий әкімшілігі бір мезгілде бір камерада бір ғана мәйітті кремациялауы тиіс.  

Елімізде крематорий не үшін керек болды?

Сонымен, Қазақстанда крематорий салу­дың маңызды неде? Бір сәт осы мәселенің астарына үңіліп көрейікші. Осы шаруаның реттелуін қос қолдап қол­дайтындар крематорий құрылысы, біріншіден,  жер мәселесін шешеді деген уәж айтады. Жылдан-жылға Алматы халқы көбейіп келеді. «Алматы қалалық салт­тық қызмет көрсету орталығы» ЖШС директорының орынбасары Ма­рат Смайловтың айтуынша, 2017 жы­лы Алматыда 7 448 адам жерленген. Ал 2018 жылы ол 7 920-ға жеткен. Бай­­­­қағандарыңыздай, олардың саны жыл­дан-жылға артып келеді. Шотқа салып есеп­теп көрсек, жыл сайын қалада қан­ша­ма гектар жер адамдарды жерлеуге ке­те­ді. Ол жерлердің қайтадан жалпы айна­лымға енуі үшін 50-60 жыл керек екен. Екіншіден, қалдықтарды минерал­дан­дыру мерзімі 50 жылдан 1 сағатқа дейін қысқарады. Дәстүрлі жерлеу рә­сімі бойынша табытпен жер қойнына тап­сырылған биомассаның ыдырауына ке­мінде жарты ғасыр керек екен. «Ес­кі зират орнын бұл кезде басқа мақ­сатта пайдалану мүмкін емес. Ол жер­ге үй тұрғыза алмайсың, тек саябақ жа­­сауға ғана жарайды. Алматыдағы көп­теген саябақ пен алаң бұрынғы зират­тың орнына салынған. Мысалы, «28 панфиловшылар», «Фэмили парк» саябақтары, Төле би және Мұқанов кө­шелерінің қиылысындағы сквер мен басқа да көптеген алаңның аумағы бұ­рын­ғы зират орындары», – дейді Марат Смайлов. Үшіншіден, адамдарды дәстүрлі әдіс­пен жерлегенде, мүрде өзінен птомаин бөле­ді, бұл – өте улы зат. Птомаин сол жердегі топыраққа да сіңіп қалады. Одан бөлек, зиратқа жиі келетіндер немесе санитарлық-қорғаныс аймағында, аны­ғы, зи­рат қоршауынан 300 метрден аз қашықтықта тұратындар өз ағзасына птомаин сіңіріп алу қаупі бар. Жалпы, осы тақырып қозғалғанда ауызға алынатын тағы бір мәселені айт­пай кетуге болмайды, ол – медициналық мекемелерден жиналатын биоқалдықтар жайы. Бұл мерзімінен бұрын және өлі туған шақалақтар, медициналық аборт қалдықтары, басқа да түрлі ота жасал­ғанда алынған биоқалдықтар. Марат Смайловтың айтуынша, кейде қала мед­мекемелерінен 300 келіге дейін био­қалдықтарды алып келеді екен. Бұл мас­саны бір жерде көмуге болмайды. Оларды шамамен 70 келі салмақта бөліп көму­ге тура келеді, әйтпесе ол жерде улы заттың ошағы пайда болады. Оның та­биғи жолмен минералдандыру мерзімі ұзақ­қа созылып, экологияға кері әсерін ти­гізуі мүмкін. Сондай-ақ кремация әдісін қолдану ірі қалаларда қайтыс болған үй-күйі жоқ қаңғыбастар мәселесін де шешеді-міс. Мысалы, тек Алматының өзінде жы­лына 100-ге жуық қаңғыбас дүниеден озады екен. Олардың арасында өзге ұлт өкіл­дері де баршылық. Өлген қаңғыбас иттер мен мысықтарды, басқа түрлі өлексені залалсыздандыру үшін де осындай кре­мация қолданылады.  

Кремация көп елде қалыпты үрдіске айналған

Крематорий көптеген елде кеңінен тараған. Алысқа бармай-ақ көршілес Ресейді алайық. Патшалық Ресейде ал­ғашқы крематорий обадан өлген малды өртеу үшін салыныпты. Кейіннен жұқпалы аурудан өл­ген адамдардың денесін өртеуге де пайдаланылған. Мысалы, 1905-1907 жыл­дары оба дертін зерттеуші дәрігерлер В.Турчинович-Выжникевич пен М.Шрейбер өздеріне оба жұқтырып, олардың денелері де өртеліпті. Бүгінде көр­шілес елдің ірі қалаларында 30-ға жуық крематорий бар. 1933 жылы Мәс­кеуде көз жұмған Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мәйіті де өр­тел­ген. Тарихта оның сүзекпен ауырып қайтыс болғаны жазылған. 2011 жылы оның мәйіт күлі салынған қобдиша елге жет­кізіліп, қайта жерленді. Айта кету керек, бұған дейін кремация қызметіне жү­гіну үшін қазақстандықтар Мәскеу, Челябинск, Барнаул және Новосібірге хабарласатын. Жасыратыны жоқ, қазір елімізді ғана емес, бүкіл әлемді коронавирус ин­фекциясының зардабы алаңдатып отыр. Өкініштісі – осы сырқат салдарынан көз жұмғандардың қатары күн санап артып келеді. 26 наурызда жұқпалы аурудан көз жұмған алғашқы науқас тіркелгенде, «Оны қалай жерлейді?» деген сұрақ көп­тің көкейінде тұрды. Одан кейін ин­фекция жұқтырғандарды жерлеудің ар­найы алгоритмі қабылданды. Аты жаман аурудан көз жұмғандарды өртейтін үр­діс барын жоғарыда да айттық. Өйт­кені өртенген мәйітте органикалық зат мүлдем болмайды, сондықтан ол ин­­фекциялық жағынан алып қарағанда қауіпсіз болып саналады. Осындайда «Та­лай жылдар бойы бір шешімін тап­паған крематорий салу мәселесіне дәл қазір нүкте қойылуының астарында не бар? Коронавирус крематорий салуды жыл­дамдатып жіберген жоқ па?» деген сұрақ туындайды.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ