Сәттіліктен үмітті жандарды лотереялар несімен жарылқады? Бұл бір бөлек әңгіме, ал еліміз лотерея операторларынан қандай пайда көріп жатыр? Осыған терең үңіліп көрейікші. Қазақстанда заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған жеке тұлғаларға 200 АЕК (530 мың теңге), заңды тұлғаларға 700-2 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Жыл басында Мәжіліс қабырғасында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Ізін ала осы жаңалық әлеуметтік желіде біраз талқыға түскен. Негізінде ол заң еліміздегі лотереялық қызметті құқықтық негізде жүйелеп, жүзеге асыру үшін тың ұстаным ретінде қаралған. 2017 жылы Үкімет пәрменімен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы ретінде танылды. Заңға сәйкес, бұл лотерея операторы лотерея билеттерін сату, қазақстандықтарға ұтыстарды төлеу, ел бюджетіне салық төлеу, спортты дамытуға төлем жасау, сондай-ақ үш мыңнан астам шағын бизнес субъектілеріне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәселесін қамтамасыз етіп отыруы тиіс. «Сәтті жұлдыз» лотерея операторы ел спортын дамытуға жылына жалпы табысының 15 пайызын аударып отырады. Лотерея операторларының спортты қолдау тәжірибесі әлемнің көп елдерінде бұрыннан бар. Әсіресе, олимпиада кезінде лотерея ойындары жиі ұйымдастырылады. Мысалы, КСРО тұсында «Спортлото» 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасын өткізу үшін 500 миллиард рубль көлемінде қаржы түсірген екен. Ал дәл осындай 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиада үшін жергілікті лотерея компаниялары сатылымнан түскен қаржының 30 пайызын мемлекеттік бюджетке аударған. Ол шамамен 300 миллион долларды құрапты. – Спортқа 15 пайыз қаржы бөлу міндетті емес. Дегенмен біз бұл стандартты елімізге алып келгеннен кейін оны асыра орындауды құп көрдік. Әр қазақстандық ұтыс билетін сатып алу арқылы ұлттық спорттың дамуына өз көмегін тигізді, – деген болатын «Сәтті жұлдыз» АҚ президенті Александр Тен. Осыдан кейін «спортты дамытуға бөлген «Сәтті жұлдыздың» 15 пайыз қаржысы аз емес пе?» деген сұрақ туындаған. Бірақ жуырда баспасөз беттерінде «Сәтті жұлдыз» Ұлттық олимпиада комитетіне жыл сайын 15 емес, 2 пайыз ғана ақша аударып келгені айтылды. Бірақ бұл ақпарат баспасөз беттерінен көп ұзамай жойылған болатын. Біз бұл әңгіменің анық-қанығына жету үшін Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласқан едік. – «Сәтті жұлдыз» лотерея операторы жыл сайын тиісті ақшаны аударып отыр. Ал қалған қаржылық деректерді сол мекеменің өзінен білесіздер, – деп жауап қатты министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбол Қапешов. Ақпаратқа сүйенсек, «Сәтті жұлдыз» 2018 жылы түскен 376 млн теңге табыстың 40 млн теңгесін Ұлттық олимпиада комитетіне аударыпты. 2019 жылы 125 млн теңге қаржы құйған. Сонда жиналған қаражаттың 50 пайызы жүлде қорына кетсе, 10 пайызы Ұлттық олимпиада комитетіне кетеді екен. «Ал қалған 40 пайыз қайда кетеді?» деген ой келеді. 10 пайыз спортқа жұмсалған жерде, басқа да әлеуметтік мақсаттарға қаржы бөлінуі керек секілді. «Сәтті жұлдыз» лотерея операторының PR-менеджері Әсемгүл Сыздықова болса, қаржының қалай жұмсалғанын білмей тұрып, пікір айтушыларға наразы екенін жеткізді. – Жуырда баспасөз беттерінде біздің тек 2 пайыз табысты спортқа бөлетініміз жайлы қауесет шықты. Біз оларды сотқа бермедік. Бірақ өзімізге хабарласпай тұрып, қаржылық жағдайымыз жайлы жалған сөз тарату –заңсыздық. Әуелде Үкімет табыстың 10 пайызын ғана спортқа бөлу жайлы пәрмен берген, бірақ біз 15 пайызға ұлғайттық. Енді қараңыз, 15 пайыз спортқа, 50 пайыз жүлде қорына кетеді. 12 пайызға жуық салығымыз бар, 6 пайыз агенттіктерге төленеді. Одан бөлек, жарнама, тікелей эфирді сатып алу, жүргізуші жалдау, қызметкерлердің жалақысын есепке алғанда «Сәтті жұлдыз» лотерея операторының өзіне бар болғаны 2-3 пайыз ғана табыс қалады, – дейді маман. Қазіргі уақыт – әлеуметтік желінің дамыған заманы. Кітабын, көлігін, пәтерін, тіпті үстіндегі киімін лотереяға ойнатып жатқандар көбейіп кетті. Бұл заң бойынша коммерциялық мақсатта деп айтылады. Жалпы, лотерея болсын, карта болсын, ешкім ұтыламын деп ойнамайды. Бәрі қызығып, үміттеніп қатысады. Бәрі бірдей ұтысқа ие бола алмайтыны тағы анық. Себебі ойынға қатысып отырғандардың басым бөлігі – қарапайым халық. Ал лотерея ұйымдастырған адамның елге де тигізер пайдасы болған жөн. Бүкіләлемдік лотерея қауымдастығына толыққанды мүше болу үшін ұйымның арнайы талаптары бар. Соның бірі – өз еліңде спортты дамыту және қоғамға қажетті жобаларға қаржы аудару.