Карантин: қалта да, жүйке де жұқарды
Карантин: қалта да, жүйке де жұқарды
231
оқылды
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы ел арасында зерттеу жүргізіп, осындай қорытынды шығарған. «Биліктің каран­тин кезіндегі жұмысына бе­ріл­ген баға» атты сауалнамаға қа­тысқан­дардың көбі «мемлекет кейбір мін­детін орындаса, кейбір жерде сырт қалып отыр» деп есептейді. Сауалнамаға 2-8 маусым күндері 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда тұратын, 18 жастан асқан 1 100 адам атсалысыпты. Қатысушылардың 53%-ы – ерлер, 47%-ы – әйелдер. Сұрақтар қазақша және орысша қойылған. Зерттеу барысында стационар телефондарға да қоңырау шалынған. «Қазақстанда коронавируспен күресу мақсатында енгізілген қатаң карантин шаралары әлсіреді. Еліміз оқшаулану режимінен шықты. Дегенмен Үкімет халыққа санитарлық талаптарды сақтауды жалғастыру керек деді. Карантин кесірінен табысынан айырылған халық арасында наразылық пайда болып, коронавирустың рас екеніне күмәнмен қарай бастағандар көбейді. Сауалнама қорытындысынан қо­ғам­ның карантин кезінде енгізілген ша­ра­ларға берген бағасын көруге болады» – дей­ді зерттеушілер. Респонденттердің жартысы (48%) биліктің карантин кезіндегі жұмысын «орташа» деп бағалаған. Үштен бірі (30%) «жоғары» деп бағалап, «Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмыла кірісіп, жақсы жұмыс істеп жатыр» деген. «Төмен» деп бағалағандар – 16%. Олардың ойынша, карантин кезінде бірнеше жыл бойы қордаланған, шешілмеген мәселелер қалқып шығып жатыр. Салыстырмалы түрде СҚО (43%) мен Қызылорда (40%) өңірінде Үкімет жұмысына көңілі толғандар көп. БҚО (23%) мен Нұр-Сұлтан қаласы (21%) тұрғын­дарының ішінде енгізілген шара­ларды нәтижесіз деп бағалағандар басым. «Карантин кезінде маңызды инди­ка­торлардың бірі – азаматтардың коро­навирус инфекциясына көзқарасы. Қа­зақстандықтардың 80%-ы коронавирустың бар екеніне сенеді. Алайда 33%-ы денсау­лыққа соншалықты қауіпті деп қабыл­дамайды. Коронавирустың бар екеніне сенбейтін қатысушылар – 14%», – деп жазады мамандар. Қоғамның жай-күйін айқындайтын негізгі көрсеткіш – материалдық әл-ауқат. DEMOSCOPE сауалнамасында респонденттердің 37%-ы жағдайы өзгер­мегенін жеткізіпті. 35%-дың табысы қатты азайған. Себебі карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған. 25%-дың кірісі кішкене ғана төмендеген. Сауалнамада «Карантин шараларына негіз бар ма?» деген сұрақ қойылыпты. 51% қатысушы енгізілген шектеулерді толық қолдайды. Сөздерінше, бұл ко­ро­навирустың жаппай таралмауына кө­мектеседі. 41%-ы «коронавирус зардабы адамдардан гөрі экономикаға ауыр тиеді» деген пікірде. Кей сарапшылар алдағы күзде эпи­демиологиялық ахуал ушығады деп болжайды. Қатысушылардың жартысынан артығы (55%) карантинге түсінікпен қарайды және мемлекет жұмыссыз қалған адамдарға көбірек жәрдемдесуі керек деп санайды. 19%-ы қатаң шектеулерге наразы, 11%-ы тыйымның барлық түріне үзілді-кесілді қарсы. Айтпақшы, дәл осы DEMOSCOPE бюросы наурыз және маусым айларында халықтың көпшілігі карантин шараларын қолдайды деп мәлімдеген-ді. Ал мына соңғы зерттеуден тұрмысы нашарлаған тұрғындардың карантиннен қажи бастағанын байқаймыз. «Халық мемлекет тарапынан қол­дау және несие төлеу, коммуналды шы­ғындарды бөліп төлеу және азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалау секілді нақты әрекеттер күтеді», – дейді DEMOSCOPE сарапшылары. Әрине, бұл қиындық бізге ғана емес, бүкіл әлемге ортақ. Халықаралық еңбек ұйымы 2020 жылдың екінші жартысында коронавирус тудырған дағдарыс кесірінен әлемде 305 миллион адам жұмыссыз қалуы ықтимал деп топшылайды. «Барлық өңірде ахуал нашарлап бара жатқанымен, жұмыссыздық деңгейі АҚШ, Еуропа мен Орталық Азия елдерінде қатты өседі» деп жазады ХЕҰ. Дағдарыстың алғашқы айында Еуропа мен Орталық Азияда бейресми жұмыс істейтін азаматтар табысы 70 пайыз құлдыраған. Мұндай кедейлік деңгейі пандемияға дейін 34 пайыз еді. Мамандар енді бұл көрсеткіш 80 пайызға жетуі мүмкін деп жорамалдайды. Жұмыссыздық толқыны Қазақстанды да айналып өтпейді. Cтатистика комитетінің сайтында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың наурыз айында 4,8% деп көрсетілген. Ал Ұлттық экономика министрлігі «биыл Қазақстандағы жұ­мыссыздық деңгейі 5,8%-ға артады» дейді. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, бұл көрсеткіш алдағы уақытта 7,8%-ға дейін көтерілуі ғажап емес. Жалпы, карантин зардабын тартқан­дардың ауқымын Үкімет көмегіне өтініш бергендер санына қарап шығаруға да болады. Мемлекет тарапынан бөлінетін 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақыны алуға 8 млн 29 мың адам ниет білдірген. Яғни, елдегі экономикалық белсенді аза­маттардың 87 пайызы мемлекет қолдауына мұқтаждық танытқан.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ