Форумға Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Моңғолияның тұңғыш президенті Цунсалмаагийн Очирбат, Әзірбайжан Республикасының тұңғыш премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Қырғызстан жоғарғы кеңесінің тұңғыш төрағасы Медетхан Шерімқұлов қатысты. Сонымен бірге, жиынға әлемнің 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері келді.
Халықаралық жиынның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатта Ұлы дала Еуразияны емен жайлаған халықтардың тарихи шежіресіне куә екені және бұл кеңістіктің шығыс пен батыс өркениетін біріктіріп жатқаны айтылған. Жаңа идеялар мен тың тұжырымдардың пайда болып, әрдайым жаңарып тұруы Ұлы даладағы жаһандану үрдісіне оң ықпал етті делінген. Сонымен қатар Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков те форумға деген ықыласын хатқа түсіріпті. Түркі халқының қалыптасу кезеңі түрлі этаптан тұратынын айта келе, форум қатысушыларын біріктірер тұсты көрсетіпті. Түркі жұртын тек тусыстық қатынас емес, ғылыми жаңалық ашу, инновациялық өнім өндіру, идея алмасу, актуалды мәселелердің шешу жолын табу сияқты өзекті мәселе байланыстыру керегін жазған.
Халықаралық Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі гуманитарлық форум осымен 4 рет өткізілгенін, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы жиынның арқауы екенін айтты. Сондықтан түркі әлемінің генезисі, түркі әлемінің адамзат дамуына қосқан үлесі жайы талқыға түсетінін жеткізді. Сонымен қатар форумда атаулы дата ескерусіз қалмайтынын алға тартты. Биыл Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіне» 950 жыл, Едіге дастанына 600 жыл, Насимиге 650 жыл толғанын негізге алды. Парижде ЮНЕСКО штаб пәтерінде Елбасы мақаласы төңірегінде жиын өткенін, форум аталған басқосудың мәдени жалғасы екенін атады. Нұр-Сұлтан қаласының түркология орталығына айналып келе жатқанына қуанатынын айтты.
Форумның басты міндеті – шетелдік және отандық түрколог ғалымдар арасында әлемдік түркітану ғылымының қазіргі жағдайына, жетістіктеріне, проблемалары мен дамуына талдау жасау. Ұлы дала мәдени құндылықтарының адамзат өркениетінің дамуындағы рөлі мен маңызын талқылау. Сон-дай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде тұжырымдалған стратегиялық мақсат шеңберінде түркі әлемі мәдени құндылықтарына мән беру көзделді.
Елбасы мақаласына әлем назар аударғаны форумнан байқалады. Себебі, алыс-жақын шетел газеттері Елбасы мақаласы жайында ой бөліскен. Мысалы, Түркияның Vatan газеті Түркістанның облыс орталығына айналғаны түркі жұрты үшін қуантарлық жағдай екенін жазған. Түркістанның күллі түркінің рухани орталығы екенін атап көрсеткен.
Жиынның ашылу салтанатында Моңғолия тұңғыш президенті Пунсалмаагийн Очирбатқа, Әзірбайжан Республикасы тұңғыш премьер-министрі Гасан Гасановқа, Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің тұңғыш төрағасы Медетхан Шерімқұловқа, антрополог, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлға Халықаралық Түркі академиясының алтын медалі табыс етілді.
– Түркі әлемінен құрметті қонақтар, меймандар келіп отыр. Форумның бағдарламасына көз жүгіртсеңіз, мәселелерге мән берілгенін байқайсыз. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында бірнеше мәселе көтерді. Форум мақала шеңберінде өтіп жатыр. Президентіміз құттықтау сөзінде форум Түркітану ғылымының дамуына үлес қосатынын айтты. Бұл форумның деңгейін көрсетеді. Түркі әлемі жаңалығын жария ететін форум жалғасын табатынына сенемін. «Архив – 2025» бағдарламасы бізді Түркі академиясымен біріктіреді. Сондықтан алдағы міндеттемелер бойынша жұмыс істейміз, – дейді Білім және ғылым министрі.
Министр мән бергеніндей, форум 6 тақырыптық секцияға бөлінген. Олар: «Түркі мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тарихы», «Ұлы дала өркениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі», «Түркі әлемінің әдебиеті мен фольклортануындағы өзекті мәселелері», «Түркі әлемінің этномәдени ерекшеліктері», «Қазіргі түркітану: жаңа көзқарастар мен тәсілдер» және «Еуразиядағы интеграциялық үрдістер: кеңістік пен уақыттың көкжиектері». Әр секция тақырыбы барынша талқыға түсіп, мәселенің шешімін табу көзделді.
Елбасы мақаласына әлем назар аударғаны форумнан байқалады. Себебі, алыс-жақын шетел газеттері Елбасы мақаласы жайында ой бөліскен. Мысалы, Түркияның Vatan газеті Түркістанның облыс орталығына айналғаны түркі жұрты үшін қуантарлық жағдай екенін жазған. Түркістанның күллі түркінің рухани орталығы екенін атап көрсеткен. Сондай-ақ Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыруды қолға алуды ұсынған. «Евразия Эксперт» Еуразия аймағының аналитикалық басылымы мен ресейлік REGNUM ақпараттық агенттігі Ұлы дала құндылығын сақтау мақсатында ұсынылған жобалар жайында жазған.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша нақты міндеттемелер бекітілді. Қазақстан және түркітілдес мемлекеттердің қоғамдық санасын жаңғыртудың өзекті бағыттары бойынша зерттеу форматын белгілеу жайы айтылды. Қазіргі түркі әлеміне қатысты зерттеу аймағын кеңейту, дамыту, сондай-ақ түркология және әлеуметтік ғылымдардың өзара ықпалын жетілдіру мәселесі де жиында сөз болды. Әлемнің түркітануға деген объективті көзқарасын қалыптастыру жайы талқыланды. Өзара түсіністік пен конструктивті ынтымақтастықты нығайтуға ғылымның интеграциялық әлеуетін байқау жайы қамтылды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ