Иә, дәл солай. Ол үшін 2 айда бір рет қан орталығына барып, донор болсаңыз – жеткілікті. 14 маусымды адамзат қан доноры күнін атап өтеді. Ұзақ жылдар бойы үздіксіз қан тапсырып келген тұрғындарды мадақтап, қоғамға жол сілтейді. Ал Қазақстанда донор болу мәдениеті қандай? Игі іс өз дәрежесінде насихатталып жүр ме? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандартына сәйкес, әр мың адамға шаққанда 50-55 донордан айналуы керек. Дәрігерлер тұжырымы бойынша, қан доноры болу адам ағзасына пайдалы. Өйткені қан көп дәріге таптырмас ингредиент болады. Әрі адам өмірін сақтап қалуда миллилитр қанның өзі рөл ойнайтыны тағы бар. Сондықтан шетелде қан доноры болу мәдениетін кеңінен насихаттайды. Балабақша мен мектеп қабырғасынан донор болуға, ауруханаға асығуға үйретеді. 18 жасқа толған адамның қан тапсыруына болатыны белгілі. Жастайынан қоғам пайдасына жарап өссін дей ме, әлемнің көп бөлігінде жоғарыдай көпке қол ұшын созуға үндейді. Өз кезегінде қан тапсыруды бизнеске айналдырғандар да бар. Мәселен, Америкада тұрмысы төмен халық қан тапсыру арқылы нәпақа табады. Әлемдік қан плазмасы өндірісінің 70%-ы – АҚШ-тың иелігінде. Ал Испаниядағы Grifols компаниясы қан плазмасынан дәрі-дәрмек шығарады. Яғни, Америкадан келген «өнімді» Испания кәдеге жаратады. Елімізде қан тапсырушыға ақша берілмейді. Мұны Алматы қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіров БАҚ-қа берген сұхбатында сан мәрте айтқан. Оның айтуынша, қанын тегін тапсыратын донорлардың қаны қауіпсіз екен. Себебі донор болғаны үшін ақша алатын адамның ішкі идеясын түсіну қиын. Ал оған ақша беретін болса, адамдар материалдық жағдайы үшін өзіне де, өзгеге де зиян тигізуі мүмкін. Денсаулығындағы түрлі кінәратты жасырып, тек ақша жасаудың қамын ойлауы ғажап емес. Сондықтан қан тапсырған донорға ақша төлеу ісі жолға қойылмаған. Десе де, қан тапсырған адамға азын-аулақ тиын-тебен ұстататыны бар. Мұны студенттер жақсы біледі. Оған тәтті мен шай-пай беретінін қосыңыз. Студент үшін мұнан артығы бар ма? Кейіпкеріміз Күнту Айтбекұлы жылына бір рет қан тапсыру үрдісін студент кезінде бастаған. Бұған университет қабырғасындағы ағай-апайлардың ықпалы болған. «Бастапқыда тиын-тебен беретініне таңданып, жалпы қызық үшін бардым. Топтағы студенттердің дені солай ойладық. Кейін процесті көзбен көрген соң мұның қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Содан бері республикалық қан орталығына жолым жиі түсетін болды», – дейді Алматы тұрғыны Күнту Арынбекұлы. Кейіпкеріміз сөз еткен тиын-тебен төмендегідей жіктеледі. Жалпы, қан тапсыратын донордың үш түрі бар: ақылы донор, өтеусіз донор мен автодонор. Аты айтып тұрғандай, ақылы донорға ақша төлейді. Ақысын эритроцит, плазма немесе тромбоцит тапсырғанына қарай есептейді. Мұндай донор түріне 2-8 АЕК аралығында қаражат береді. Сәйкесінше, өтеусіз донорға да 0,25 АЕК шамасында ақы төлейді. Қанды ерікті түрде тапсырса да, төлем жасау шарт. Яғни, 1 АЕК-тің 2 778 теңге екенін ескерсек, өтеусіз донорға 692 теңге шамасында ақша береді. Кейіпкеріміз нұсқаған азын-аулақ ақша – осы. Ал автодонорларға ақы төленбейді. Өйткені олар ота жасатар алдында 2 ай бұрын өз қанын жоспарлы түрде өткізеді. Кейін өткізген қанды науқастың өзіне құяды. Республикалық қан орталығының медицина жөніндегі орынбасары Гүлсара Хабиқызы бір сұхбатында Алматыдағы жоғары оқу орындарына ерекше алғысын білдірген. Өйткені университет студенттері 14 маусым күні қатардан қалмай қан тапсыруға асығады екен. Оның айтуынша, студенттер арасында қан доноры болуды насихаттау – құптарлық іс. Осылайша, қоғамның негізгі буынын тәрбиелей аламыз. Себебі университет қабырғасындағы жас – ертеңгі маман. Демек, ол барған жерінде бұл әрекеттің игі іске бастайтынын айта жүреді. Болашақ мұғалім шәкіртіне, дәрігер науқасына, бастық қол астындағы қызметкеріне донор болудың мән-жайын жақсы түсіндіреді. Еліміздегі донор болу мәдениетіне келсек, шетелдегідей насихаттың кеңінен жүрмейтініне куәміз. Біразымыз қан тапсырудың пайдасы жайында университет қабырғасында білдік. Оның өзін қатарластарыңмен қан орталығына барғанда білесің. Атмосферасын сезгенде, біреудің өмірін сақтап қалуға шамаң жетерін аңғарғанда бойыңды бір күш билейді. Сөйтесің де келесі жылы міндетті түрде қайта келермін деп түйесің. Міне, біраз адам осылай ойлайды. Жалпы, адам баласының эритроцитті 2 айда бір рет, плазманы 2 аптада бір рет тапсыруға рұқсат. Әрине, бойыңызда АИТВ инфекциясы, мерез, вирустық гепатит, туберкулез, қан аурулары, онкологиялық ауру, тағы басқа күрделі дерт болмағаны жөн. Қан орталығына бара қалсаңыз, сізді міндетті түрде тексеруден өткізеді. Бір жағынан бұл сізге пайда әкелмесе, зияны жоқ. Біраз адам резус факторын, бойындағы қан тобын жетік білмейді. Қан доноры болу – кішігірім тексеруден өткенмен тең. Айта кетерлігі, донор болу үшін жеке куәлігіңіз қалтаңызда жүрсе, жетеді. Гүлсара Хабиқызы 2019 жылы «Өмір тамшысы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Донор мектебі» жобасы іске асып жатқанын айтқан-ды. Жоба аясында мектеп пен балабақшада донорлық жайында сабақ өтеді екен. Демек, бастама аяғы сұйылып кетпесе, өскелең ұрпақ донор болудың қыр-сырын үйреніп өседі. Осылайша, қоғамда донор болу мәдениеті қалыптасады. Олар адам өмірін тамшы қаныңды тапсырумен-ақ құтқаруға боларын түйсінеді деп сенеміз. Жалпы, елімізде жылына орташа есеппен 230-250 мың адам қан тапсыруға келеді. Мұны Алматы қалалық қан орталығының директоры кезекті сұхбатының бірінде атап өткен. Ал қалалық қан орталығына жылына 15-16 мың донор қан тапсырады. Оны орталық 20 шақты медициналық мекемеге жеткізеді. Байқағаныңыздай, сіз тапсырған қан бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға септігі тигізеді. Сондықтан донор болу мәдениетін кеңінен насихаттағанымыз жөн. Бұл – сіз бен бізге, қоғамға пайдалы шара.