Қазақстан Президенті шетелдік инвесторлардың өзара тиімді жұмысы үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты.
– Сіздің компания республикамыздағы Ақтау, Құрық теңіз порттарындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатқанын білеміз. Аталған жобалар жемісті әрі тиімді болады деген үміттемін, – деді ол.
Өз кезегінде Сұлтан Ахмед бин Сулайем Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездескені үшін алғыс айтып, DP World жақын арада іске асыруды жоспарлап отырған перспективті инвестициялық жобалары туралы хабардар етті.
Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына Сауда және интеграция министрлігінің басшысы Бақыт Сұлтанов кірді. Қазақстан Президенті министрге бірқатар міндет жүктеді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовты қабылдады. Қ.Тоқаев өнеркәсіптік өндіріс көлемінің азаюына және өңірге тартылатын инвестиция көлемінің қысқаруына жол бермеу керегін атап өтті. Президент халықтың тұрмысы төмен топтарын қолдау, тұрғын үй, «Бақытты отбасы» бағдарламаларының орындалу мәселелерін облыс басшылығы тұрақты әрі мұқият бақылауда ұстауы қажет екенін нықтады.
Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровті қабылдады. Қ.Тоқаев халықтың тұрмысы төмен топтары құқықтарының қорғалуына мониторингті күшейтуді, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша оларға жәрдем беруді тапсырды.
Президент Қ.Тоқаев қабылдауында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те болды. Мемлекет басшысы көрсетілетін мемлекеттік қызметті және жалпы экономиканы цифрландырудың маңыздылығына министрдің назарын аудартты.