Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды, соның ішінде, парламентаралық ықпалдастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері Қазақстанның Еуропадағы басты серіктестерінің бірі ретінде Австриямен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін атап өтті. Бұл ретте Нұрлан Зайроллаұлы Еуропалық одақ аз уақыт бұрын қабылдаған Орталық Азия бойынша стратегия қазақстандық-австриялық өзара іс-қимылдың өңірлік форматта да нығаюына септесеріне сенім білдірді.
Н.Нығматулин Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын биылғы жылдың ең маңызды саяси оқиғасы ретінде атай келе, жаңа сайланған Мемлекет басшысы Елбасының стратегиялық бағытын одан ары жалғастыратынын еске салды.
Тараптар қос мемлекет арасындағы саяси-экономикалық байланыстарды нығайту жайын сөз етті. Халықаралық серіктестермен қатынастарды дамытудың маңызына тоқталған Мәжіліс төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іргесін қалаған қазақстандық сыртқы саясаттың басты бағыттары өзгеріссіз қалатынына да екпін түсірді.
Палата спикері Австриямен ынтымақтастықтың келешегі зор салалары қатарында ауыл шаруашылығын, цифрлық экономиканы, инфрақұрылымдық дамуды, энергетиканы, «жасыл» технологияларды, инвестициялық жобаларды атады.
Өз кезегінде мәртебелі мейман мемлекетімізге алғаш рет сапармен келіп отырғанын, Қазақстанның және елорданың даму қарқыны таңғалдырғанын жеткізді.
Кездесушілер парламентаралық әрекеттестік – қазақстандық-австриялық қарым-қатынастың маңызды бөлігі болып саналатынын алға тарта отырып, заңнамалық тәжірибе алмасу үшін парламенттердің бейінді комитеттері мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасында тығыз байланыс орнатуға мүдделестік танытты.
Нұрлан Нығматулин австриялық әріптестерін 23–24 қыркүйекте, Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысуға шақырды.