Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жұмыссыздар, фрилансерлер жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылады, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтеді.
Өз ісін ашқысы келетіндерге жеңілдікті несие мен гранттар беруге үлкен көңіл бөлінеді. Халықтың осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек беру тиімділігін арттыру көзделген.
– Үкімет пен Ұлттық банктің маңызды міндеті – баспана қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта аз қамтылғандарға ұсынылатын арендалық тұрғын үй көлемі 2 есе ұлғайтылады: жылына 20 мың пәтерге жеткізіледі. Ал жұмыс істейтін жастарға арналған баспана көлемі 3 есеге – жылына 1 мыңнан 3 мыңға дейін өсіріледі, – деді Ә.Смайылов.
Барлық өңірде аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдау шаралары жүйелендіріледі: оған ыстық тамақ беру, тегін жол ақысы, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету кіреді. 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы жастарға қосымша 5 мың нысаналы білім гранттары бөлінеді. 1 қыркүйекте колледждерде жұмысшы мамандықтарына оқитын 123 мың жастың шәкіртақылары 30%-ға көбейтіледі.
– Осы шаралар халықтың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік көңіл күйінің жақсаруына жаңа серпін береді, – деп түйді Әлихан Смайылов. Оның мәліметінше, борыш жүктемесін азайту арқылы мемлекет 500 мың қазақстандықтың қаржылық жағдайын жақсартады.
Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтардың барлығының бірдей кредиті кешірілмейтінін, бұл шара тек белгілі бір санаттарға ғана қатысты екенін ескертті.
– Көмек көрсетілетін тұлғалар санатына көпбалалы отбасылар; асыраушысынан айырылған отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар; 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедек адамды тәрбиелеп отырған отбасылар; АӘК алатындар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа дейінгі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Бұлардың барлығы деректер базасында бар. Енді сол база бойынша банктермен бірге бұлардың несиесінің бар-жоғын қараймыз. Алдын ала деректер бойынша мемлекет көмегіне аса мұқтаж әрі несиелері бар азаматтар саны 443 мыңды құрайды, – деді
Г.Әбдіқалықова.
Ол осы қаржылай көмекті көрсету кезінде несиенің қандай мақсатта алынғанына қатысты ешқандай да тексеріс жүргізілмейтінін қосты.