Тендерді жеңуге жеткен сауат газетті шығаруда неге ақсады?
Тендерді жеңуге жеткен сауат газетті шығаруда неге ақсады?
515
оқылды
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін берілетін тапсырысты бүгінде ретін кетіргендер ұтып алып, аудандық, қалалық газеттерді зар қақсатуда. Басқа аймақтарды білмейміз, ал Алматы облысында 2015 жылдан бері Талдықорған қаласында медицина және білім саласына арналған, ешкімге белгісіз екі газет шығаратын «Қос періште» атты ЖШС аудандық, қалалық басылымдарға білгенін істеп келеді. Жыл сайын өздері емін-еркін игеріп жүрген қаржыдан қағылған немесе жолай жырымдалған миллиондардың жұғынын ғана қанағат тұтып жүрген редакциялардың көнбістігін басынған ұтып алушылар ендігі жерде аудандық газеттердің мемлекеттік тасырысын ұтып алып қоюды қанағат тұтпай, жұмысты да солардың есебінен реттеуді жолға қойып алыпты. Оған шыдамы таусылған редакторлардың бірінің төмендегі жанайқайы дәлел бол алады.
«Сарқан газеті» ЖШС кейінгі жылдары мемлекет тарапынан ақпараттық насихатқа бөлінген қаржыны тендер арқылы ұтып алып жүрген болатын. Жыл сайын порталға Алматы, Талдықорғанда шығатын газеттер де өз ұсыныстарымен шығып, бізбен бәсекелес болып жүреді. Биыл жылдағы дәстүрмен ақпараттық насихатқа бөлінген қаржыны төмен баға қою арқылы Талдықорғанда орналасқан «Білім шапағаты» жеңіп алды да, аудандық газетті мемлекеттік қолдау мүмкіндігінен айырды. «Білім шапағаты – Сарқан» (Сарқан ауданына тарайтын газет) атауымен ауданға сәуір айынан бері таралып отырған басылым бұрын жарияланған тұтастай еңбекті көшіріп, өз аттарынан жариялауды айып көрмейтін секілді. Атап айтқанда, газеттің 1 мамырдағы санының 3-бетіндегі «Алаштың бір арысы – Махетов-Мәметов Базарбай» атты мақала менің «Сарқан» газетінің 2018 жылғы 13 шілдедегі «Баршамыз бас иеміз арда есімге» деген төлтума жазбамнан айна-қатесіз көшіріп алынған. Бұл зерттеу, сонымен қатар, 2018 жылы шыққан «Кие қонған, Қыдыр дарыған Сарқан» кітабымда да бар. Кітаптың электрондық нұсқасы оқырман үшін қолжетімді. Біреудің еңбегін ұрлау әдеби ұрлық немесе плагиат деп дәрежеленіп, заңмен қудаланатындығын аталған газеттіің сарқандық тілші білмесе де, редакция алқасы білуі тиіс қой? Газеттің мамырдың 22-сіндегі №17 санында сол қателік тағы да жалғасын тауыпты. Аталған кітаптағы «Қазыналы Қойлық» атты зерттеуімді тағы да сол А.Рахимжанова тападай тал түсте қолды қылып, өзінің атынан тұтастай сол қалпында бір әрпін де өзгертпестен оқырманға қайтадан ұсынып отыр. Ешқашан абырой әпермейтін мұндай қадамға барған басылымды және тілшіні ұяттан ада демеске лажымыз жоқ. Осы басылымның 29 мамырдағы (№18) жарияланымы да бұрынғы олқылықтардан ұзап кете алмаған. Бұған мысал ретінде газеттің 6-бетін тегіс алып жатқан «Көтен Тәуіп Байғотанұлы» деген мақаланы келтіруге болады. Мақаланың аңдатпасында «Гиппократ Орта Азия елдеріне келіп, емші, тәуіп, сынықшы, бақсы-балгерлермен кездескен» деген сенімсіз дерек айтылады. Арғы-бергі тарихтан хабары бар кез-келген оқырман мұндай сауатсыздыққа дау айтуы сөзсіз. Мақаланың алғашқы абзацында "Алтынарық бойында 1835 жылы дүниеге келген әулие Көтен Тәуіптің шыққан тегі Найман-Матай" дейді де, сол абзацтың ішінде Көтен Тәуіп әулие Сыр бойында дүниеге келген, өзі үш ағайынды, бірінші ағасы Түгел, екінші ағасы Күшмән, өзінің азан шақырып қойған аты Қойлыбай деп тарихи деректен тағы да ауытқып кетеді. Көлемді мақалаға өзінің қолын қойған А.Рахимжанованың тарихи тұлға туралы түсінік-пайымы шамалы сияқты. Біріншіден Көтен Тәуіп Байғотанұлы мен Көтен Тәуіп Қоңырбайұлы екеуін бір мақалаға кіргізіп, мидай араластырып жіберген. Көтен Тәуіптің азан шақырып қойған аты Қойлыбай деп бұл киелі тұлғалардан әлдеқайда бұрын Орталық Қазақстан өңірінде ғұмыр кешіп, аты аңызға айналған Балталы-Бағаналы Қойлыбай бақсымен шатастырып, оқырманды, әсіресе кейінгі толқынды тағы да адастырады. «Көзі тірісінде бір ғана елдің емес» деп басталып, «...қасиеті де үлкен себеп болғаны айқын» деп аяқталатын 150 жолдық мақаланың негізгі бөлімі менің «Кие» атты кітабымның 8-14 бетінен көшіріліп алынғандығы сауатсыздық па, әлде жауапсыздық па? «Қазіргі заман ұғымдарымен терминдерінің қысқаша түсіндірме сөздігінде» (Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001.ISBN 5-7667-8676-Х) және «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедиясында» (Бас редактор Ә.Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9) әдеби ұрлық туралы төмендегідей сипаттама берілген: «Плагиат (лат. plaqіo – ұрлау, ұрлық) – басқа aвтордың әдеби немесе ғылыми туындысын иемдену, шығарма үзінділерін өз еңбегінде авторын көрсетпей пайдалану. Плагиаттық жасап, басқа біреудің шығармасын иемденіп, еңбегін пайдаланған адам авторлық құқықты бұзғаны үшін заң алдында жауапқа тартылады». Мұндай бағытпен мағынасыз үнпарақ шығарып, көпшілікті алдау кімге абырой әпермек?!

Жомарт ИГІМАН, Қазақстанның Құрметті журналисі. Сарқан ауданы, Алматы облысы.