– Елжан Амантайұлы, ең алдымен, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы соңғы жетістіктермен бөліссеңіз?
– Елбасының халыққа Жолдауларында ұлт денсаулығы ел болашағының негізі ретінде қарастырылған. Сондықтан Министрлік, ең алдымен, қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға, қолжетімді медициналық көмекке көп көңіл бөлуде.
2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 3 жыл ішінде еліміздегі медициналық-демографиялық жағдай жақсарды: азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 73,15 жасқа дейін ұзарды; жалпы өлім 3 %-дан аса төмендеді; ана өлімі 9 %-ға төмендеді; нәресте өлімі 6,5%-ға, туберкулезден қайтыс болғандар саны 29 %-ға төмендеді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) шеңберінде скринингтік бағдарламада ересектер мен балаларға арналған 7 түрлі жедел зерттеу қарастырылған. Өткен жылы 12,2 млн адам зерттеп-қараудан өтті, нәтижесінде 826,4 мың науқас анықталып, 409,4 мың азамат тіркеуге алынды.
Медициналық көмекті жетілдірумен қатар жоғары технологиялық медициналық қызметі де дамуда. 2018 жылы 1 200 транспланттау жүргізілді. Қазақстан жасанды жүрек қарыншасын ауыстырып қондыратын мемлекеттердің қатарына кіреді. Елімізде осындай өте сирек кездесетін 43 операция жасалды. Былтыр отандық хирургтер сымсыз зарядты бионикалық жүректі сәтті импланттады.
Инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы сәтті жүзеге асуда, бүгінде бұл жүйеге 220 мың пациент қатысуда. Нәтижесінде, елімізде сырқаты асқынып ауруханаға түскендердің саны 2,5 есеге азайды.
МСАК-қа арналған 165 жаңа нысан мен 1 мыңнан астам жалпы практика дәрігері учаскесі және 79 педиатриялық учаске ашылып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін дәрігерлердің жүктемесі жеңілдеді. ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде жан басына шаққандағы тарифтің 20 пайызға артуының есебінен МСАК-қа бөлінген қаражат 40 пайызға артты. Ал МСАК цифрлы жүйеге көшкен соң емханалардағы кезек 2 есеге азайды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде медициналық қызметтің қолжетімділігі жоғарылап, сапасы артты.
Сонымен қатар 2018 жылдан бастап жедел медициналық көмек жаңа стандартқа көшті. Жедел жәрдем автокөлігінің 83 пайызына GPS-навигация орнатылды. Қызметкерлер халықаралық стандартқа сәйкес шұғыл көмек көрсету курсынан өтті. Автокөліктердің 33 пайызының дизайны қайта жасалды. 2018 жылдан бастап жедел жәрдем науқас шақырған жерге 15 минуттың ішінде жетеді. Осы өзгерістердің нәтижесінде жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттан қайтыс болғандардың саны 3,2% төмендеді. Ал ауруханалардағы қабылдау бөлімдері триаж жүйесіне өтті де, «жедел жәрдем дәрігері» деген мамандық пайда болды. Осының арқасында Қазақстанда ауруханаға жетпей қайтыс болғандардың саны 0,4 пайызға қысқарды. Елімізде 30 медициналық ұйымның қабылдау бөлімдерінде пилоттық режимде триаж жүйесі енгізілді.