COVID-19: ІІ толқын еңселі кеңселерді басты
COVID-19: ІІ толқын еңселі кеңселерді басты
137
оқылды
Онымен араласқан, қол алысқан, жалпы отырыс залында қасында отырған депутаттар тегіс «күдікке» ілікті. Сондай-ақ ол кіретін Мә­жілістің Әлеуметтік-мәдени даму ко­ми­тетінің барлық мүшесі COVID-19 тестінен өтіп­ті. Осы дерек жаңа індеттің адамды бай-ке­дей, билік-бұқара деп бөлмейтінін, бәріне бір­дей қауіп төндіретінін айғақтады. Сонымен қатар бұл Қазақстанда коро­на­ви­рус инфекциясының екінші толқыны күш алғанын көрсетеді. Осы кезеңде вирус, тіпті ең жақсы қорғалған, барлық санитарлық-эпи­демиологиялық шаралар қатаң сақталған ны­сандарға да кіріп  жатыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­тановтың коронавируспен ауырып қалғаны ту­ралы хабар елді дүр сілкіндірді. Бұл хабарды бір-біріне жарыса айтпаған адам қалмады де­сек, артық болмас. Мәліметті Елжан Амантайұлының өзі екі күн бұрын, 14 маусымда жария етті. Әдетте, әлем­дік және ұлттық тәжірибе бойынша қан­дай да бір лауазым иесі уақытша жұмыс қа­біле­тін жоғалтса, орнына басқа адам қойы­ла­ды. Мысалы, осының алдында бұрынғы ден­саулық сақтау вице-министрі Камалжан Нәдіровтің бойынан коронавирус табылды. Ол 21 сәуірде Алматы қаласының Қоғамдық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы қыз­метіне ауыстырылған еді. Алайда К.Нә­діров­тің ауруханаға жатқызылуына байла­нысты басқарманың бұрынғы басшысы Тілеу­хан Әбілдаевтың отставкасы кейінге қалды. Камалжан Талғатұлы SARS-CoV-2 вирусынан толық арылғасын, 1 маусымда ғана басқарма басшысы қызметіне кірісе алды. Көрші Ресейде де үкімет басшысы Михаил Ми­шустиннің осы індетке душар болғаны анық­талысымен, 30 сәуірде В.Путин премьер-министрдің уақытша міндетін атқарушы ре­тінде Андрей Белоусовты тағайындайтын жар­лық шығарды.  19 мамырда ауруханадан шық­қан соң ғана Мишустиннің барлық өкі­лет­тігі қалпына келтірілді. Әзірге Е.Біртанов орнына «м.а» тағайын­далған жоқ.  

Министрден кеңес

ДСМ басшысы жуықта ғана сырқаттарды симптомды және симптомсыз деп екіге бөлген болатын. Енді өзінің қай жақта екенін де ашып айтты. Министр сондай-ақ індетті үйін­де емес, дәл жұмыс орнында жұқтырғанына се­нім­ді. Әйтпесе, мысалы Нұр-Сұлтанда КВИ-ге шалдыққан медицина қызметкерінің кө­бісін, 70 пайыздайын «індетті үйіңде не кө­шеде жұқтырдың» деп, үстемеақыдан қаққан. – Коронавируске тапсырған соң­ғы тестің нәтижесі нашар шық­­ты, менен де ауру анықталды. Өкі­нішке қарай, мендегісі симп­том­­сыз емес түрі, сондықтан жұқ­­­­палы аурулар ауруханасында жа­­­тырмын. Санитарлық шара­лар­­ды қатаң сақтағаныма қара­мас­тан бұл індет мені де айналып өт­педі. Әсіресе, қашықтан, үйде оты­рып жұмыс істей алмайтын қыз­меткерлерге қиын. Соңғы күн­дері бірқатар өңірде кәсіп­кер­лер, кәсіпорын қызметкерлері, ме­дицина мамандары, мем­ле­кет­тік органдар, БАҚ қызметкерлері ара­сынан індет жұқтырғандар қа­тары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған пробле­ма­ларды шешу үшін көптеген аза­мат қарқынды жұмыс істеуде. Біз­ге жиі жеке кездесулерге бару­ға, өңірге іссапарға шығуға тура ке­леді, мұндай жағдайда COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары, – дейді Елжан Біртанов. Ол барша қазақстандықтан «жеке карантин», яғни өзінше оқ­шаулану ережелерін қатаң сақ­тауды сұрады.   COVID-19-1 «Достар, аурудың алдын алу ша­р­аларына мұқият мән беріңіз­дер. Біріншіден, жұмыста, көлік­те, көшеде, дүкенде және басқа жер­лерде мүмкіндігінше арақа­шық­тықты сақтаңыз. Екіншіден, егер сіз кеңсе-офис қызметкері бол­саңыз, мүмкіндігінше үйде жұ­мыс істеуге тырысыңыз. Үшін­ші­ден, туыс-туған, достармен он­­­­лайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялар көмегімен ба­йланыс орнатыңыз. Төр­тін­ші­ден, қоғамдық орындарда бет­пер­де киіп жүріңіз. Бесіншіден, қол­ды сабынмен жиі әрі кем де­ген­де 20 секунд бойы жуып, са­нитайзермен өңдеңіз. Алтын­ш­ы­дан, өзіңіздің және отбасы мү­ше­лерінің температурасын жиі өл­шеп тұрыңыз. Дұрысы, сынапты градусникті пайдаланыңыз», – деді Денсаулық сақтау министрі. Оның  айтуынша, егер  бо­й­ыңыз­­­­­дан келесі симп­томдар­ды бай­қасаңыз: әлсіздік болса, ба­сыңыз ауырса, тамағыңыз жы­быр­­ласа, дене қызуыңыз көтеріл­се, дереу дәрігерге хабарласыңыз. «Абай болыңыздар! Баршаңызға зор ден­саулық тілеймін!», – деді ми­нистр.  

COVID-19 вакцинасы зауыты салынады

Қазақстанда пандемия өрші­ген шақта дәрігерлермен қатар жур­налистер де күрес пен жұмыс­тың алғы шебінде жүр. Сал­дары­нан коронавирусқа шалдыққан ақ­парат құралдары өкілдерінің са­ны барған сайын артуда. Жа­қын­да «Еуразия» арнасының қызметкерлері  ізімен «Қазақстан» ұл­т­тық арнасының 24 қызметкері, Atameken Business арнасының екі қызметкері COVID-19 жұқтыр­ға­ны мәлім болды. Бұған дейін, сәуір-мамырда Қазақстанда 7 жур­налист бойынан COVID-2019 вирусы табылған-тын. Еліміздегі елеулі журналистердің бірі, Қа­зақ­стан Президентінің баспасөз хат­шысы Берік Уәли де 6 мау­сым­да осы дертке шалдыққанын ха­бар­лады. «Әлемді айналып, елімізді шар­­­лап кеткен коронавирус ін­де­ті ­менен де табылды. Ауру­хана­да, дә­рігерлердің қарауында жатыр­мын. Жағдайым бірқалыпты. Ем қабылдаудамын» деп жазды Б.Уәли Facebook-тегі парақша­сын­да. Ол осы індет басталғалы ақ­парат құралдары дабыл қағып, сақ­­тануға, дертті жұқтырмау жол­дарын қарастыруға шақырып ке­ле жатқанына назар аудартты. «Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоққа шығаратындар азай­­май тұр. Ондайда «Ауырған адам­ды көрсетіңдерші», «Менің та­нысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жа­тыр?», «Ауырған адамдардың ат­­тарын неге атамайды?» деген сияқ­­ты пікірді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жа­сырмай жариялап отырмын. Мұн­дағы мақсат: алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүр­ген кісілердің көзі жетсін де­ге­нім. Ауру бар. Оны жұқтыру­шы­лар­дың саны күн сайын артып жа­тыр. Баршаңызды өзіңіздің және жақындарыңыздың ден­саулығын сақтау үшін карантин режимі мен профилактикалық ша­ра­ларды ұстануға шақырамын. Панде­мия­ға жеңіл-желпі қарауға бол­май­ды», – деді Президенттің баспасөз хатшысы. Саясаттанушы Самат Нұртаза Б.Уәлидің жағдайы қалыпты еке­нін, қызуы қайтқанын айтты: «Өкінішке қарай, Бекеңнің ата-анасына да індет жұғыпты. Қазір ол кісілер ауруханада жатыр. Ол әке-шешесіне алаңдайды. 70-ке кел­ген қарт кісілердің денсаулығы көтере алса екен дейді. Жаратқан жар болсын», – дейді ол. Сарапшылар азаматтардың жап­пай бетперде тағуы және вак­цинаның енгізілуі пандемияға тос­қауыл бола алатынына назар ау­дартады. Ал әлеуметтік арақа­шықтықты 2022 жылға дейін сақ­тауға тура келуі мүмкін. Оның үстіне, жаһандық індетке қарсы отан­дық вакцина Жамбыл облы­сын­да шығарылатын болады. Өт­кен аптада, 12 маусымда Пре­мьер-Министр Асқар Мамин осы зауыттың құрылысын бастап бер­ді. Биофармацевтикалық зауыт Қордай ауданының Гвардейский қала үлгісіндегі кентінде орна­ласқан БҒМ-ның Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты аумағында бой көтермек. Қазіргі кезде институттың COVID-19 вирусына қарсы вак­ци­на-кандидаты ДДСҰ тізіміне енгізілді және клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Зауыттың құрылыс жұмыстарын биылғы жел­тоқсанда аяқтау және жыл сайын биофармпрепараттардың 60 миллион дозасына дейін өн­діру көзделген. Өйткені кәсі­п­орын­да жалғыз КВИ екпесі ғана емес, сонымен қатар панде­мия­лық тұмауға, туберкулезге, бру­цел­лезге, нодулярлық дерматит­ке, жануарлар обасына, қой мен ешкінің контагиозды эктимасы­на, қой шешегіне, құтырмаға жә­не басқа да жұқпалы ауруларға қар­сы вакциналар жасалады.  

Елдос СЕНБАЙ