Министрден кеңес
ДСМ басшысы жуықта ғана сырқаттарды симптомды және симптомсыз деп екіге бөлген болатын. Енді өзінің қай жақта екенін де ашып айтты. Министр сондай-ақ індетті үйінде емес, дәл жұмыс орнында жұқтырғанына сенімді. Әйтпесе, мысалы Нұр-Сұлтанда КВИ-ге шалдыққан медицина қызметкерінің көбісін, 70 пайыздайын «індетті үйіңде не көшеде жұқтырдың» деп, үстемеақыдан қаққан. – Коронавируске тапсырған соңғы тестің нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегісі симптомсыз емес түрі, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан бұл індет мені де айналып өтпеді. Әсіресе, қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде кәсіпкерлер, кәсіпорын қызметкерлері, медицина мамандары, мемлекеттік органдар, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, өңірге іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары, – дейді Елжан Біртанов. Ол барша қазақстандықтан «жеке карантин», яғни өзінше оқшаулану ережелерін қатаң сақтауды сұрады. «Достар, аурудың алдын алу шараларына мұқият мән беріңіздер. Біріншіден, жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және басқа жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз. Екіншіден, егер сіз кеңсе-офис қызметкері болсаңыз, мүмкіндігінше үйде жұмыс істеуге тырысыңыз. Үшіншіден, туыс-туған, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялар көмегімен байланыс орнатыңыз. Төртіншіден, қоғамдық орындарда бетперде киіп жүріңіз. Бесіншіден, қолды сабынмен жиі әрі кем дегенде 20 секунд бойы жуып, санитайзермен өңдеңіз. Алтыншыдан, өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз. Дұрысы, сынапты градусникті пайдаланыңыз», – деді Денсаулық сақтау министрі. Оның айтуынша, егер бойыңыздан келесі симптомдарды байқасаңыз: әлсіздік болса, басыңыз ауырса, тамағыңыз жыбырласа, дене қызуыңыз көтерілсе, дереу дәрігерге хабарласыңыз. «Абай болыңыздар! Баршаңызға зор денсаулық тілеймін!», – деді министр.COVID-19 вакцинасы зауыты салынады
Қазақстанда пандемия өршіген шақта дәрігерлермен қатар журналистер де күрес пен жұмыстың алғы шебінде жүр. Салдарынан коронавирусқа шалдыққан ақпарат құралдары өкілдерінің саны барған сайын артуда. Жақында «Еуразия» арнасының қызметкерлері ізімен «Қазақстан» ұлттық арнасының 24 қызметкері, Atameken Business арнасының екі қызметкері COVID-19 жұқтырғаны мәлім болды. Бұған дейін, сәуір-мамырда Қазақстанда 7 журналист бойынан COVID-2019 вирусы табылған-тын. Еліміздегі елеулі журналистердің бірі, Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли де 6 маусымда осы дертке шалдыққанын хабарлады. «Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бірқалыпты. Ем қабылдаудамын» деп жазды Б.Уәли Facebook-тегі парақшасында. Ол осы індет басталғалы ақпарат құралдары дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмау жолдарын қарастыруға шақырып келе жатқанына назар аудартты. «Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоққа шығаратындар азаймай тұр. Ондайда «Ауырған адамды көрсетіңдерші», «Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?», «Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?» деген сияқты пікірді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат: алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Баршаңызды өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтау үшін карантин режимі мен профилактикалық шараларды ұстануға шақырамын. Пандемияға жеңіл-желпі қарауға болмайды», – деді Президенттің баспасөз хатшысы. Саясаттанушы Самат Нұртаза Б.Уәлидің жағдайы қалыпты екенін, қызуы қайтқанын айтты: «Өкінішке қарай, Бекеңнің ата-анасына да індет жұғыпты. Қазір ол кісілер ауруханада жатыр. Ол әке-шешесіне алаңдайды. 70-ке келген қарт кісілердің денсаулығы көтере алса екен дейді. Жаратқан жар болсын», – дейді ол. Сарапшылар азаматтардың жаппай бетперде тағуы және вакцинаның енгізілуі пандемияға тосқауыл бола алатынына назар аудартады. Ал әлеуметтік арақашықтықты 2022 жылға дейін сақтауға тура келуі мүмкін. Оның үстіне, жаһандық індетке қарсы отандық вакцина Жамбыл облысында шығарылатын болады. Өткен аптада, 12 маусымда Премьер-Министр Асқар Мамин осы зауыттың құрылысын бастап берді. Биофармацевтикалық зауыт Қордай ауданының Гвардейский қала үлгісіндегі кентінде орналасқан БҒМ-ның Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты аумағында бой көтермек. Қазіргі кезде институттың COVID-19 вирусына қарсы вакцина-кандидаты ДДСҰ тізіміне енгізілді және клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Зауыттың құрылыс жұмыстарын биылғы желтоқсанда аяқтау және жыл сайын биофармпрепараттардың 60 миллион дозасына дейін өндіру көзделген. Өйткені кәсіпорында жалғыз КВИ екпесі ғана емес, сонымен қатар пандемиялық тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке, жануарлар обасына, қой мен ешкінің контагиозды эктимасына, қой шешегіне, құтырмаға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар жасалады.Елдос СЕНБАЙ