Төрт түлікке кірмейтін талпақ танаудың санын көбейтуге мүдделілерді сыбап жатты. Соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселеге қатысты мән-жайды түсіндіруге мәжбүр болды.
Сөйтіп, министрлік Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылғанын, бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың 2 есе азайғанын көрсететінін мәлімдеді. Бірақ қазіргі уақытта шошқаны асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу үшін субсидия берілетінін жасырған жоқ. Бірақ сол субсидияны былтыр бір шаруа қожалығы ғана пайдаланып, небәрі 6 бас мал алынғанын айтты.
Министрлік шошқа өсіруге субсидия беретін Үкімет жылқы бағушыларды субсидиясыз қалдырды деген пікірдің көбесін сөгіп тастады. Сөйтіп, бүгінгі таңда мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге сатып алынған асылтұқымды айғырлар үшін әр басқа 100 мың теңгеден, бие сүтін өндірушілер үшін литріне 60 теңгеден, асылтұқымды жылқының аналық басын бағуға, жемшөбіне жылына 20 мың теңгеден субсидия берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жемшөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия берілетінін, несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелердің 10 пайызын субсидиялайтынын да біліп алдық. Бұл қолдау шараларының барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған екен.
Айтқандай, министрлік шошқа еті негізінен экспортқа бағытталып отырғанын, себебі соңғы 2-3 жылда елімізде шошқа етін тұтыну 8 пайызға төмендегенін тілге тиек еткен. Бірақ халық тулады екен деп, шошқа өсіруге субсидия беруді тоқтатып қоймайтынын аңғартты.
Шынына келсек, шошқа етін өндіруді мемлекеттік қолдау, шошқа етін өндіру көлемін арттыру бүгін ғана қолға алынған жоқ. Алысқа бармай, бертінде қабылданған бір құжатты айтайық. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында шошқа етін өндіруді биыл 132 мың тоннаға, 2021 жылы 133 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Бұл құжатта «сүтті бағыттағы асыл тұқымды төлдің, шошқалардың асыл тұқымды төлінің, тәуліктік балапандардың, ата-енелік және ата-тектік нысандағы асыл тұқымды жұмыртқаның» қолжетімділігін арттыру үшін субсидиялау нормативтері ұлғайтылатын болады» деп жазылған. Бағдарламаның 2021 жылғы экспорттық саясат бойынша индикативті көрсеткіштерінде 10 мың тонна шошқа етін экспорттау жоспарланған, оның 4 мың тоннасы Еуразия экономикалық одағы елдеріне, 3 мың тоннасы Қытайға, қалған 3 мың тоннасы басқа елдерге жөнелтілетіні тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Айтқандай, біз сөз етіп отырған бағдарламада 2021 жылы еліміздегі шошқа басын 825 мыңға жеткізу көзделген. Бірақ бұл жоспар биылдың өзінде-ақ асыра орындалды десек болады. Себебі Energyprom.kz агенттігінің күні кеше ғана жариялаған сараптамалық материалында биылғы 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша шошқа саны 933,4 мыңға жеткені айтылады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,6 пайызға көп екен. Бірден айта кетейік, бұл біздің елде тек шошқа басы ғана көбейді дегенді білдірмейді. Мысалы, елдегі ірі қара саны 8,8 млн басқа жетті. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,1 пайызға өсіп отыр. Ал қой саны 22,3 миллионға (+2,7%), жылқы 3,2 миллионға (+7,6%), түйе саны 243,2 мыңға (+4,1%) жетіп жығылған. Ешкі саны керісінше 3 млн басқа (-1,4%), құс саны 45,2 миллионға (-0,8%) азайып кеткен.
Біздің байқағанымыз, шошқа өсіруге субсидия бөлуге қарсылық, сонау 2016 жылы Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын талқылау кезінде де болған екен. Сол кезде Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов асыл тұқымды шошқа сатып алуды субсидиялау 16,5 миллионнан 315 миллион теңгеге, яғни 19 есеге артып отырғанын, ал асыл тұқымды жылқы сатып алуды субсидиялау 387 миллионнан 126 миллион теңгеге дейін, яғни 3 есе кемігенін сынға алған болатын.
«... жеріміздің 70 пайызы жайылым бола тұра, халқымыздын 43 пайызы ауылда тұрса да, тауық қора мен шошқа қораны неге айналып шыға алмай жүрміз, оның артында кім тұр? Мүмкін, бұл саланы да қолдау керек шығар. Бірақ атадан қалған кәсіпті - дәстүрлі мал шаруашылығын одан кем қоймауымыз керек. Қашаннан бері қазақтың дастарқаны үшін тауық, қазы-қартадан артық болып еді?» деп ауыл шаруашылығының барлық саласына тең жағдай жасап, дәстүрлі мал шаруашылығын қолдауды төмендетпеуді сұраған екен. Осы сыннан қорытынды шығарды ма, әйтеуір сол кездегі Сағынтаев үкіметі шошқа өсіруге берілетін субсидияны екі есе азайтыпты.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев та шошқаны субсидиялау дұрыс емес деп санайды.
«Біздің дәстүрімізге де, дінімізге де жат нәрсе. Бұл жануарды өсіру біздің тарихымызда болмаған, қазақ шошқа бақты дегенді естімеппін. Біреулер айтады: Қытайда шошқаны жақсы жейді, сондықтан сол жаққа сатып байымыз деп. Ондай ақша береке әкелмейді бізге! Егер соншалықты көп табыс әкелетін бизнес болса, оны субсидиялап не керек? Неге мемлекет тарапынан көмек беруіміз керек? Мен қарсымын!» – дейді.
Ал бюджет сарапшысы Ғалымжан Оразымбеттің пікірінше, іргемізде ұшан-теңіз нарық пайда болды, соны пайдалануымыз керек.
«Қытаймен арадағы сауда жақсы. Ең бастысы, ұшан-теңіз нарық пайда болды. Соны неге пайдаланбасқа? Шошқа бағу харам, харам нәрсені сатып тапқан ақша да харам деп жатыр. Қашан экономикалық өлшемдермен, рационал ойлап үйренер екенбіз? Екі қазақтың үшеуінде кредит бар. Өсімқорлыққа аямай үлес қосып жүрміз. Соған қарамай шошқаға келгенде халал бола қаламыз. Харам боп оны ешкім қинап жегізейін деп жатқан жоқ. Экономика тілінде сөйлейтін жаққа сенімді араластырудың еш қажеті жоқ», – дейді. Оның пікірінше, сауда қып, біреу мұқтаж боп тұрғанда саудалап пұл жасауды меңгермей, кәсіпкерлерше ойланбай байымаймыз. Мәселе субсидия беру, бермеуде емес. Субсидияның ақыры «планшет зауыты», «канадалық сиыр» боп кетпей, шын пайдаға жеткізуінде...
Айтқандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығына бөлінетін субсидия туралы мәлімдемесінде «...мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді», - деді. Демек, шошқа өсіруге субсидия беріледі, шетелдегі бос нарықты шошқа етімен қамтамасыз ету жалғасады...