Дауды өршіткендер
Жыл басында абайтанушы Омар Жәлел «әйелді затқа, маркерге теңеп», қоғам сынына ұшырағанын білеміз. Бұл дау өршімесе, тоқтаған жоқ. Әңгіме енді ғана басылды дегенде, «Жезөкше» атты қысқаметражды фильм қоғамды тағы сілкіндірді. Фильмді Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы тапсырыспен түсіртіпті. Бірақ орталық бейнероликті түсіруге қаржы бөлмегенін айтып ақталған еді. Әрине, ағалық ақылын айтып, қыз баланы жөнге салғысы келген шығар, бірақ ер адамның бұлай сөйлегені көптің көңіліне тигені рас. Оның үстіне, киіміне қарап, адамның ішкі жан-дүниесіне баға беру де әбестік. «Әйел десең, әжеңе тиеді» деген аталы сөз есімізден шығып кеткен сыңайлы. Осылайша, бейнероликті «тәрбиеге толы» деп жақтағандар мен «әйелді кемсітуші» деп тапқан екі тараптың арасындағы қырқыс басылмай тұр.Әйелдердің еңбек үлесі
Қазақстанда әр салада жүрген әйелдердің үлесі өте көп. Тіпті, ерлерден асып жатады. Мысалы, маңызды деген екі саланы алайық. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің дерегіне қарасақ, 2019 жылы елдегі 339 мың мұғалімнің 81 пайызы әйелдер екені белгілі болған. Ер мұғалімдердің үлесі өте аз, көбісі мектеп директоры немесе денешынықтыру пәнінің мұғалімі екен. Ол аз десеңіз, медицина қызметкерлерінің 70 пайыздан астамы әйелдер. Сонда біз кімді кемсітіп жүрміз? Қазақстан Парламентінің өзі квота санын есептер болсақ, 30 пайызы әйелдер болу керек деген межені бағындыра алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, әйелдердің еңбек үлесі ерлерден еш кем түспейді.Менталитет кедергі ме?
Көбіне әйел құқын сақтауға қоғамның жаңашылдықты жатырқауы кедергі болып жататындай көрінеді. Кейбірінің алға тартатыны – ұлттық менталитет. Шынында, қазақ дүниетанымы әйел құқын шектеді ме? Бұл сауалға байланысты болжам көп. Анығы, бұл тұста тағы бір тартыстың тиегі ағытылады. Ол – жаңашылдық пен дәстүр келіспеушілігі. Осыған орай, біз БҰҰ Әйелдер структурасы Еуропа және Орталық Азия офисі азаматтық қоғам ақылдастар кеңесінің мүшесі, Сүлейман Демирел университетінің профессоры Молдияр Ергебековтің пікірін білген едік. – Ең әуелі ұлттық менталитет деген нәрсенің өзі күңгірт дүние. Сіз ұлттық менталитет дін деп білуіңіз мүмкін, ал мен ол Абай деп тануым мүмкін. Яғни, белгілі бір қағидасы жоқ. Сондықтан жаңашылдықты да бөліп қарай алмайсыз. Жаңашылдық өз дегенін жасайды. Бірақ өзгеріске бейімделмеген, жаңа биікке шыққысы келмеген адам менталитет деген сынды күңгірт дүниеге иланып алады да, жаңашылдыққа қарсы тұрады. Сол секілді әйел адамның өзгергенін, білімді болғанын қабылдағысы келмейді. Біз жастарды, оның ішінде қыздарды жаңашыл болғаны үшін айыптамауымыз керек. Кей тұстарында тыйым болған жөн. Бірақ жастарға қарсы шығып, менталитет десек, олар үлкендерді тыңдамайды. Ал керісінше, пікір алмасып, түсіністік танытсақ, ұтатын едік, – дейді профессор.Тәрбие осал ма?
Тәрбиенің ошағы саналатын отбасында да жағдай жетісіп тұрған жоқ. Бұлай деуге себеп бар. Қазақстанда әрбір бесінші әйел күйеуінің зорлық-зомбылығына ұшырайды. Жылына 400-ден астам әйел күйеуінің кесірінен көз жұмады. Ал ол шаңырақтағы балалар нендей тәрбие көріп жатыр? Бұл да өзекті мәселе. Осы жайында Молдияр мырза қазақ қоғамында тек тәрбиенің екі түрі ғана барын, оның нәтижесі бірдей екенін айтып отыр. – Қазақ тәрбиесінде АНА деген киелі атау бар. Бірақ лайықты дәрежесінде ұлықтай алмай жатқан сыңайлымыз. Отбасында тәрбиенің екі түрі ғана беріліп келе жатыр. Ер балаларға тым қатал тәрбие береміз немесе тым ерке өсіреміз. Қатал тәрбиемен өскен бала төзімді болар, бірақ белгілі бір қағидаларға сүйеніп өзге адамдардың, болмаса әйелдердің құқын шектейді. Қыз баланы да қатал немесе ерке етіп өсіреміз. Бірақ қыз балаға шектеуді көп жасаймыз. Сосын есейген кезде қыз бала өзі қалаған дүниені меңгеріп, өз мақсатын орындай алмай жатады. Сондықтан ол біреуге бағынышты болып қалады. Мысалы, күйеуіне. Қорыта айтқанда, ауыр болса да бір нәрсені мойындау керек. Ата-аналар баласына тұлға ретінде емес, жай қоластындағы еңбек атқарушы ретінде қарайды. Осындай түйткілді мәселелер бізде жетерлік, – дейді. ТҮЙІН:Сөз соңында бір сөз еріксіз еске түседі. «Отан отбасынан басталады» демекші, әйел құқығын шаңырақтан бастап қолға алған жөн секілді. Тыйымның күйігін тартып отырғандаймыз. Әйтпесе, әйелді ана, қарындас, дүниенің көркі мен нәзіктігіне теңейтініміз қайда қалды? Ал сіз, әйел затын қаншалықты құрметтейсіз?
Мадияр ТӨЛЕУ