Әңгіме ағзаға COVID-19 вирусының түскен-түспегенін анықтайтын тест тапсыру турасында болып отыр. Төтенше жағдай мен карантин кезінде бетперде киюге, сақтық шараларына назар аударуға немқұрайды қараған отандастарымыз қазір тест тапсыру үшін берісі 10 мыңнан 16 мың теңгеге дейін ақы төлеуге мәжбүр. Бұл – ел астанасындағы жағдай. Елі ішінде тараған жалған ақпараттардың, түрлі қауесеттің, індеттің таралуына сенбеудің керісі бүгінде тұрғындардың қалтасын қағып жатқан жайы бар. Шамасы, бұқара тест тапсырудың маңызды екенін енді ұғына бастады-ау, әйтеуір соңғы күндері елордадағы COVID-19 вирусын анықтайтын тест лабораториялары қарбалас жұмыс істеп жатыр. Вирустың шынымен де қауіпті екеніне таныс-тамырлары сырқаттанбай тұрып сене қоймағандар қазір сақтанудың маңызды екенін сезінген сыңайлы. Әйтпесе, соңғы апталарға дейін тестілеуден өтуге асыққан азаматтар қарасы аз еді. Оның үстіне, коронавирусты жұқтыру мен тұмауға шалдығу, суық тигізіп алудың бірқатар симптомы ұқсас болғандықтан да, жұрт әбігерге түскен сыңайлы. Содан да болар, вирус жұқтырған-жұқтырмағанын тексерушілер қатары көп. Еліміздің жетекші инфекционисі Динагүл Баешева коронавирус жұқтыру мен ЖРВИ дертінің ұқсас тұстарын да айта келе, белгілі бір симптомдар байқалса, тест тапсыруға тұра жүгіру қажет пе, жоқ па дегенді айтты. Ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген инфекционист: «Тест тапсырмас бұрын неден және қалай ауырып қалғанын білу қажет. Мүмкін, ол адам бірнеше күн бұрын туған күнін атап өткен болар... Ауру барысын бақылау керек: адамдармен байланыста болды ма, кімнен жұқтырып алуы мүмкін. Мысалы, сіз жақында туған күнге барған болсаңыз, сонда болған танысыңыз коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен болса, сіздің де инфекция жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін», – деді. Яғни, тест тапсыру үшін де ойлану қажет болып тұр. Оның үстіне, коронавирусты анықтайтын тестің жарамдылық мерзімі 7 күн. Кейбір орталықтар 10 күнге де жарайтынын айтуда. Қалай болғанда да вирус жұқтырып алмағанына көз жеткізу үшін азаматтар айына екі-үш рет тест тапсыруы қажет. Бұл дегеніңіз – әжептәуір қаржы. Сондықтан сақтық шараларын сақтаудың өзектілігі тіптен арта түсті. COVID-19-дан ғана емес, кәдімгі тұмаудан да сақтану қажет. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы үш айында елімізде жедел респираторлық сырқаттардың, тұмау мен өкпе қабынуының кесірінен 1 008 адам қайтыс болған. Ranking.kz сайтының мәліметі бойынша, бұл мөлшер былтырғыға қарағанда 110 адамға аз, алайда биыл жағдайды коронавирус ушықтыруы мүмкін екенін назарда ұстаған абзал. Өйткені COVID-19 індетін жұқтырғандар саны кеше 15 192 адамға жетті. Ал көшеде бетпердесіз жүретіндер, той-томалаққа баратындар әлі де азаймай тұр.