УАҚЫТ ТАҢДАҒАН ТҰЛҒА
XX ғасырдың соңында бұрынғы алып державалардың бірі – Кеңес Одағының күйреуі салдарын ұзаққа созылатын алапат апатқа теңеуге болар еді. Сол кезде бұрынғы кеңестік республикалар қатарында Қазақстан да аса сирек бұйыратын тәуелсіздік алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде алыста қалған сонау 1991 жылғы оқиғаның қуанышы жақсылыққа деген үмітті оятқанмен, ол алдағы болашаққа деген сенімсіздікпен, кейде тіпті үреймен де, түңілу сезімімен де сабақтасып жатты. Мұндай тағдыр сынға түскен шешуші сәтте билік тұтқасындағы білікті басшының жеке тұлғасы аса маңызды рөл атқаратыны анық. Тарихтың өзі көрсеткендей, дамудың түрлі кезеңінде қоғамда қандай да бір мемлекет көшбасшысына деген зәрулік пайда болады. Қазақстан үшін де сол бір аласапыран оқиғалардың алмағайып ағымында уақыт тынысын анық сезінуге, республиканың ішінде және сыртында болып жатқан қоғамдық-саяси процестердің сипатын айқын бағалауға қабілеті жететін жаңа толқынның жаңа басшысы ауадай қажет еді. Мемлекетті қайта қалпына келтіру, егемендіктің мазмұнын байыту, күрт өзгерістерге ұшыраған геосаяси жағдайда елдің лайықты орнын айқындау – осы және өзге де аса күрделі міндеттер ауқымды стратегиялық ойлау жүйесін, даналық пен салиқалылықты, сондай-ақ алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажет табандылықты талап етті. Ол айналадағы оқиғалар барысында аңтарылып қалатын немесе қалыптасқан жағдайдың ығымен жүре беретін, бірі келіп, бірі кетіп жататын қатардағы өзге көп саясаткерден ерекшеленіп тұратын дара тұлға болуы тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдің және халықтың алдындағы аса ауыр жауапкершіліктің жүгін өз мойнына алып, ұлттың рухын ояту, мемлекеттілікті жаңғырту миссиясын толық орындай алған нақ сондай көшбасшы бола білді. Болашақтың бұлыңғырлығына, экономикалық бейберекеттікке қарамастан, әлеуметтік дағдарыс туындатқан үрей мен күдікті сейілте алған ол Қазақстанның дамуын жалпы өркениет және ілгерілеу жолына бағыттап, қолайсыз оқиғалар ағымын кері қарай бұра алды. Жоғары стратегиялық міндеттер мен бетбұрысты кезеңнің шексіз мүмкіндігіне және сол алмағайып кезеңнің сипатына сай келетін мұндай жасампаздықты тек Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тұлғалар ғана жүзеге асыра алатын еді. Бұл ретте оның болмыс-бітімі, өрісті өнегесі ұлағатты ұрпақ үшін ғасырлар бойы мызғымас бағдар бола бермек. Жымысқылық пен қулық қабаттаса жүретін әлемдік процестер барысында ол Қазақстанның бейбіт әрі қауіпсіз дамуы үшін қажетті барлық жағдайды жасады, жаһандық саясаттың тегеурінді тұлғасы ретінде даңқ пен құрметке бөленіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырды. Ол мемлекетімізге басшылық жасаған отыз жылға жуық уақыт қажырлы еңбек ету, барлық ресурстар мен күштерді жұмылдыру кезеңі болды. Сондай-ақ бұл мезгілде тынымсыз ізденістер мен тың жетістіктерге, елеулі жаңалықтар мен серпілістерге жол ашылды. Бұл кезең бүгінде қазақстандықтар шынайы мақтан тұтатын таңғажайып табыстар мен ғаламат жетістіктерді тарту еткен нағыз «Жасампаздық дәуіріне» айналды. Терең зияткерлікпен, асқан еңбексүйгіштікпен және мақсаткерлікпен ұштасқан мызғымас жігерімен, батылдығымен және табандылығымен танылған Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты дамудың негізін қалап, ондаған жылдар бойы жас мемлекетімізді айқын бағытқа батыл бастап отырды. Нұрсұлтан Әбішұлының саяси көшбасшылығының феномені оның көпқырлы қызметінің бүкіл өн бойында көрініс тауып, ол тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор және қазіргі заманның көрнекті саяси қайраткері ретінде ұлт тарихына енді.ҮЛКЕН ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫНДА
Жасампаздық дегеніміз – өзінің концептуалды мағынасына сәйкес, асқан еңбексүйгіштікті, төзімділікті, уақытты, басы бүтін берілуді және ең бастысы, бүкіл жұмсалып жатқан күш-жігеріңнің түпкі мақсатын түсінуді талап ететін машақаты мол процесс. Бернард Шоудың сөзімен айтар болсақ, «жасампаздықтың бастауы – мақсатыңды көзге елестете білу». Жобалаушылардың кінәсінен болған қондырғының кінәратын қайтсе де жөндеуге болар, ал саяси қателіктердің салдары түзетуге келе қоймайды. Егемендіктің ұзақ жылғы дәстүрі қалыптаспаған, экономикасы біржақты дамыған, халқы көпдінді және көпэтносты, қоғамы идеялық бос кеңістіктен арылмаған Қазақстанды басқару үшін ерекше саяси шеберлік пен асқан ептілік қажет еді. Көрнекті шетелдік сарапшылар бірқатар посткеңестік елдердің қалыптасуы жолында бой көрсеткен қанды қақтығыстар мен азамат соғыстарын мұқият зерделей келіп, біздің жас мемлекетіміздің келешегіне де күмәнмен қараған-ды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарушылық дарыны, оның кеңестік Қазақстанға жетекшілік еткен жылдардың өзінде қалыптасқан мемлекетшіл әрі стратегиялық ауқымда ойлау қабілеті, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалды егжей-тегжейлі білуі өрескел қателіктерге жол бермей, пессимистердің жағымсыз болжамдарының күлін көкке ұшырды. Адамның адамдығының басты өлшемі еңбек болып саналатын ауылдағы қарапайым отбасынан шыққан ол қажымай-талмай жұмыс істеп, алдына айқын мақсат, нақты міндет қоюға бейімделді. Туған ауылындағы мектепті үздік бітірген Нұрсұлтан Назарбаев 1958 жылы комсомолдық жолдамамен Теміртау қаласына – Қарағанды металлургия зауытының құрылысына жіберіледі. От көсейтін металлург мамандығы оның ерік-жігері мен мінезін шыңдады, өзгелер арасында дараланып тұратын көшбасшылық қасиетін ұштай түсті. Ол жылдарда сталиндік жүйенің өктемдігі әлі толық басыла қоймаған болатын. Бірақ айналадағы орта күрт өзгере бастаған: қоғамдық және мәдени өмір жанданып, адамзат ғарыш кеңістігіне қарай қарышты қадам жасады, бүкіл ел бойынша алып өнеркәсіп құрылыстары қанат жайды. Энтузиазм рухымен, жарқын болашаққа деген сенімнен қанаттанған сол кездегі көптеген жастар сияқты ол да өз бастамалары арқылы әрдайым алда болуға талпынып, жан-тәнімен жаңалыққа, алғы шепке ұмтылды.Егемендіктің ұзақ жылғы дәстүрі қалыптаспаған, экономикасы біржақты дамыған, халқы көпдінді және көпэтносты, қоғамы идеялық бос кеңістіктен арылмаған Қазақстанды басқару үшін ерекше саяси шеберлік пен асқан ептілік қажет еді. Көрнекті шетелдік сарапшылар бірқатар посткеңестік елдердің қалыптасуы жолында бой көрсеткен қанды қақтығыстар мен азамат соғыстарын мұқият зерделей келіп, біздің жас мемлекетіміздің келешегіне де күмәнмен қараған-ды.
Белсенді әрі айналасындағы нәрсенің ешқайсысына бейжай қарамайтын Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық өмірдің қайнаған қалың ортасына түсті. Ол 1969-1979 жылдары партия және комсомол органдарындағы басшылық лауазымдарда бола жүріп, Қарағанды металлургия комбинатының, Теміртау қаласының, одан соң бүкіл Қарағанды облысының аумағындағы өндірістің дамуына, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты барлық проблемаларды үнемі табысты шешіп отырды. 1980 жылдардың орта тұсына қарай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп, көлік және байланыс жөніндегі хатшысы, кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезінде ол республиканың әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық мәселесіне жете қанықты, әрбір облыс пен әрбір нақты кәсіпорындағы істің жағдайын жақсы білді. Сонымен қатар республиканың да, тұтастай алғанда, бүкіл елдің де экономикалық дамуының ахуалына жетік болды. Көпшілік айтатындай, іскер басқару стилі, нақтылыққа бейімділігі және проблеманы шешу үшін көмектесуге даяр тұратыны оны өзгеден ерекшелей түсті. Оның көшбасшылық қасиеттері, әсіресе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарда айқын аңғарылды. Нұрсұлтан Әбішұлы сол 1980 жылдардың соңы – 1990 жылдардың басында-ақ есімі бүкіл елге кеңінен танымал, өзін бүкілодақтық деңгейде көрсете алған саяси қайраткер тұлғаға айналды. Ескі өлшем мен көзқарастан азат, ауқымды ойлайтын, өзіне сенімді Нұрсұлтан Әбішұлы қатып қалған ұстанымдар мен қасаң қағидаларды бұзып-жарып, жаңаша пайымдап, жаңаша іс-әрекет жасай білетін ұмтылысы арқылы елден ерекшеленіп тұратын. Өзгеріске, жетілдіруге, жаңа идеяларды байыптауға талпыныс Тұңғыш Президенттің белсенді болмысына тән қасиеттер еді. Сонымен бірге ол қоғамдық мүдденің әрдайым басым тұруға тиістігін айқын сезініп, сол үшін жаны ауыратын, оны әрдайым қорғайтын. Оның үстіне, сол кездегі көп қайраткерден ерекшелігі – жоғары басшылық алдына өткір мәселе қоюдан қашпайтын әрі уәжін батыл айтып, өз ұстанымын қорғай алатын. Мәскеудегілер Назарбаевтың осы табанды қасиеттері, біліктілігі мен батылдығы туралы бұрыннан-ақ – 1970 жылдардан бері білетін еді, өйткені оған талай рет республиканың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, көпшіліктің тұрмысы мен еңбек етуіне дұрыс жағдай жасау мәселелеріне жоғары дәрежелі партия қайраткерлерінің назарын аударуға тура келген болатын. Cыни тұрғыдан ойлай алатын ол елдегі артта қалған басқару формалары мен әдістерінің уақыт талабына сай емес екенін сезді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы бола жүріп, Нұрсұлтан Әбішұлы республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қайшылықтарды байқап, оны 1986 жылғы ақпанда Қазақстан Компартиясының XVI съезінде сынға алып, өткір сөз сөйледі. Қатаң әкімшілік-әміршілік жүйе жағдайында ол ескі әрі қиғаш тәртіпке қарсы шығып, ақырында өзінікі дұрыс екенін дәлелдеп шықты. Мәселен, КСРО халық депутаттарының І съезінде ол баяндап берген республиканың экономикасы мен қоғамдық өміріндегі кезек күттірмейтін мәселелерді шешудің идеялық-саяси бағдарламасы зор ықыласпен тыңдалып, кеңінен қолдау тапты. Сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының Премьер-министрі лауазымына лайық ең беделді әрі көреген саясаткердің бірі болды.ЖАСАМПАЗ ЖАҢА МЕМЛЕКЕТ
Алайда тағдырдың ұйғарымы басқаша болып, оған өміріндегі басты миссиясы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде тәуелсіз елді басқару мәртебесі бұйырды. Осы жоғары басқару органында оның Қазақстан мемлекетінің көрнекті басшысы, сәулетшісі және негізін салушысы ретінде таңғаларлық қуаты мен ерекше дарыны толығымен жарқырай көрінді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсан әлемнің саяси картасында алғаш рет пайда болған жаңа мемлекет тарихының бастапқы белесі болатын. Оның күш-жігерінің арқасында Қазақстан одақтың бір кездегі шеткері республикасынан Орталық Азияның көшбасшысы ретінде танылған, қарқынды дамыған елге айналатынын сол кезде ешкім де көз алдына елестете алмас еді. Жаңа мемлекет құрған ол зияткерлік және рухани-қайраткерлік күш-қуатын аянбай жұмсап, күндіз-түні еңбек етті, осы орайда өзіне де, үзеңгілестеріне де мейлінше қатаң талап қойып, ел өмірінің барлық өзекті мәселесі бойынша шешім қабылдап, тапсырмалардың орындалу барысын қадағалап отырды. Қазақстанның кейінгі замандағы тарихында Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі басшылардың ешқайсысына осыншама ауқымды және осыншама жауапкершілігі жоғары істі қолға алуға тура келмеген еді. Себебі мемлекетте үлгі бойынша «құрастырып ала қоятын» ешқандай дайын сызбалар немесе жобалар болған жоқ. Ол бәрін тек өзінің түйсігіне, жинаған тәжірибесі мен біліміне, ұйымдастырушылық қабілетіне, пікірлестері мен халықтың сеніміне арқа сүйей отырып, алғаш рет атқарып шыққан еді. Оның тікелей басшылығымен Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік атрибуттарына, қазіргі заманғы Конституциясына ие болды. Көп елдерде мойындалған билікті бөлу қағидаты Тұңғыш Президенттің күш-жігері арқасында жаңа демократиялық мемлекеттік институттардың өзегіне айналды. Еліміз халықаралық деңгейде кең танымалдылыққа және әлемнің жетекші мемлекеттері берген қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізді, мұның өзі көпжақты сыртқы саяси ынтымақтастықтың маңызды шарты саналды. Ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, тәуелсіз ақша-несие саясатын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл шаралар қабылдаудың арқасында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы қалпына келтіріліп, қалалар мен ауылдар электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіліп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуына жол ашылды.СЫН-СЫНАҚПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуындағы сындарлы кезең болған алғашқы онжылдықта Тұңғыш Президент бастамашылық еткен ауқымды нарықтық және институционалдық реформалар процесі бастау алды. Формасы мен өзгерістерінің мазмұны жөнінен бұл түбірлі өзгерістердің мақсаттылығы мен жүйелілігі Нұрсұлтан Назарбаевты Жапониядағы Мэйдзи, Түркиядағы Ататүрік, АҚШ-тағы Рузвельт, Германиядағы Людвиг Эрхард, Сингапурдегі Ли Куан Ю, Қытайдағы Дэн Сяопин сияқты әлемнің көрнекті реформаторларының қатарына қосты. Елбасы мұрындық болған ұлттық жаңғырту мен эволюция-лық өзгерістердің табысты тәжірибесін шетелдік сарапшылар «Қазақстан жолы», «Қазақстанның даму моделі» деп атады. Реформаторлар әрдайым уақыттан озып, алда жүреді. Сондықтан олардың бастамалары көбіне бірден ұғынылып, қабылдана бермейді, дереу құптала қоймайды, кейде тіпті ашықтан-ашық қарсылыққа тап болады. Нұрсұлтан Назарбаев та ескіліктен арылуды қаламайтын кертартпа күштердің қарсылығын еңсеріп, ағысқа қарсы жүрді. Артта қалған бұрынғы үмітсіз әлеуметтік-экономикалық үлгіге қайтып оралу мүмкін еместігіне және оның қауіптілігіне сенімді болғандықтан, бәрін түбегейлі қайта құруды жөн санады. Нұрсұлтан Назарбаев жанкештілікті талап ететін бұл істе өзгеше қабілеті мен қиындықтардың алдында бас имейтін қайтпас қайсарлығын көрсетті. Сонымен қатар ол тиісті алгоритмге сүйеніп, реформаларды долбармен емес, жүйелі жүргізді. Мемлекеттік құрылыстың ең маңызды мәселелері жөніндегі әдебиеттерді ақтарып, жаңа ілім-білімді санасына сіңірді. Ол дүниежүзіне белгілі реформаторлар – Сингапурдің бұрынғы Премьер-министрі Ли Куан Ю, Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер, Малайзияның Премьер-министрі Махатхир Мохамад сынды тұлғалармен, сондай-ақ батыс әлемінің экономика жөніндегі көрнекті сарапшыларымен кездескен сәттерінде бұл елдерде олардың реформаларының қалай жүзеге асырылғанына қызығушылық танытып, соның барысында қандай сын-қатерлер мен проблемалар алдан шыққаны және оның қалай еңсерілгені туралы егжей-тегжейлі сұрастырып отырды. Шетелдерге сапары барысында нарықтық тетіктердің қолданылуын зерделеді. Бұл кездесулер ойланып-толғануға, іштей байлам жасауға септігін тигізді, ең бастысы, бұдан әрі қарай нақты және орынды іс-әрекеттер жасауға бағыт сілтеді. Нұрсұлтан Назарбаев реформаларды жүйелі жүргізудің күрделі мәселелерін шешу барысында тек әл-ауқаты жоғары бақуатты қоғам ғана демократиялық құндылықтарды тиісінше қабылдай алатынын дұрыс пайымдап, экономикалық дамуға басымдық беру жолын таңдап алды. Егемендіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында халқы әрең күн көріп жатқан Қазақстан үшін бұл бірден-бір қолайлы қадам еді. Осылайша, «алдымен – эконо мика, содан соң саясат» формуласы елдегі бүкіл өзгерістер процесінің қисынын айқындап бер- ді. 1991 жылы Қазақстан КСРО-дан кенеуі кеткен экономиканы мұраға алып қалған болатын, еліміз шын мәнінде одақтық жоспарлы жүйенің шикізаттық шылауы саналатын еді. Бұрынғы кеңестік республикалардың шаруашылық саласындағы байланыстарының быт-шыт болып үзілуі мызғымастай көрінетін жүйені терең әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа әкеліп тіреді. Тұңғыш Президент батыл, кейде көпке беймәлім және қатаң нарықтық реформалар жасауға тәуекел етті, себебі тек осылайша ғана экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, қоғам тұрақтылығының тірегі – орнықты орташа тап қалыптастыруға болатын еді. Өзінің халыққа үндеулерінде Тұңғыш Президент мына жайтты баса айтатын: масылдық пен патернализмнен арылу керек, табысқа жетіп, өркендеу үшін бастамашылық пен жауапкершілікті өз мойныңа алып, өз күшіңе сенуің қажет. Ол толыққанды нарық қалыптастыру, жекеменшік институтын қалыптастыру және жұртты кәсіпкерлікке тарту үшін мемлекет барлық жағдайды жасайтынын талмай айтумен болды. Тұңғыш Президент қоғамның дағдарыстан шығып, өзінің экономикалық әлеуетін дәлелдеуі үшін нарыққа көшу барысындағы барлық қиындыққа шыдауы қажет екенін айтып, елді осыған шақырды. Оның күшті саяси ерік-жігері мен тәуекелшілдігі, батылдығы мен табандылығы бұрынғы шектен тыс орталықтанған әкімшіл-әміршіл экономиканы қазіргі заманғы нарықтық жүйеге көшіруді тарихи маңызы жағынан ұтымды әрі қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен посткеңестік кеңістіктегі ең табысты әрі ауқымды нарықтық реформаларды жүзеге асыру ісінде көшбасшыға айналды. ХХ ғасырда империялар мен одақтас мемлекеттерді күйреткен басты себептің бірі – этносаралық қайшылықтар. Тұңғыш Президент осы фактордың ерекше маңыздылығын ескеріп, қазақстандықтардың этникалық және діни ерекшеліктеріне қарамастан, бәрінің құқықтарының тең болуы мемлекеттік саясаттың іргелі қағидатының бірі екенін жариялады. Бұл постулатты берік ұстану Қазақстанға ең басты нәрсені – бейбітшілікті, тыныштықты, саяси тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық татулықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осылайша, этникалық әралуандық елдің стратегиялық артықшылығының факторына айналды. Бұрынғы кеңестік державаның күресінде қалған Қазақ-стан Тұңғыш Президенттің күш салуы арқасында аса күрделі күйзелісті жағдайдан жаңа сапада қайта түлеп, өсіп-өркендеді. Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, жаңғыртудың бастапқы кезеңінде жан-жақты дағдарысты еңсеру, экономиканы қалпына келтіру, жаңа саяси жүйені қалыптастыру мәселелері шешілді.ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫМЕН
Еліміз үлкен жолдың бастауында ғана тұрған болатын, Тұңғыш Президент мұны анық түсінді. Жүйелі, ауқымды ойлайтын ол әрдайым уақыттың көзге көрінетін көкжиегінің арғы жағына үңілуге тырысты, оқиғалар мен процестер барысын бірер жыл ертерек, тіпті ондаған жылдар бұрын болжап-біліп отыруға дағдыланды. Тұңғыш Президент мемлекеттік істер, протоколдық іс-шаралар, кездесулер мен іссапарлар барысында дамуға қатысты мәселелердің бәрін кеңінен талдауға, мүмкіндіктерді бағалап, сын-қатерлерді саралауға және өз елінің перспективаларын айқындауға әрдайым уақыт бөліп отырды. Кіші Сенеканың «Қай айлаққа баратынын білмейтін кеме үшін ешқашан жел оңынан соқпайды» деген сөзі сол тұста Қазақстан бастан кешіп жатқан сәттің маңыздылығын айқын аңғартатын еді. Жаһандық бәсекелестік нарығында елдің бұдан былайғы даму векторы ұлттық экономиканы жаңғырту, ырықтандыру ыңғайында болуы тиіс екені анық-ты. Қазақстан осы жылдарда Тұңғыш Президенттің қажырлы зияткерлік ізденістерінің арқасында жоспарлаудың ұзақ мерзімге арналған стратегияларынан бастап, нақты іс-әрекеттерге дейінгі өзара үйлескен бір құрылымға байланған тұтас жүйесін құруға қол жеткізді. Мән-маңызы батыл байламға негізделген «Қазақстан – 2030» стратегиясында елдің ғаламшардағы бәсекеге ең қабілетті елу мемлекеттің қатарына қосылуы бағдарланды. Алғашында күмәнмен қабылданған бұл стратегия мерзімінен бұрын орындалды. «Қазақстан барысы секіріс жасады»: экономиканың тұрақты өсімі қамтамасыз етілді, нарық жолына батыл қадам басқан экономиканы жаңғырту басталды. Кәсіпкерлік сала экономикалық дамудың шешуші факторының біріне айналды. Азаматтардың әлеуметтік тұрмыс деңгейі өсті, тұрақты орташа тап қалыптаса бастады. Экономикалық және саяси реформалардың жүйелі үйлесімі азаматтық қоғам институттары – саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік емес БАҚ-тың одан әрі дами түсуіне ықпал етті. Елорданы Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіру елдің өзгеруін стратегиялық бағыт етіп ұстаған бетбұрысты қадам болды. Жаңа әкімшілік және саяси орталықты тыңнан салу бүкіл Қазақстанның, экономика мен қоғамның барлық саласының дамуына зор ықпал еткен мультипликативті нәтиже берді. Реформалар жеделдеді, мемлекеттік билік нығайды, халықаралық ынтымақтастық жанданды. Ғасырлар тоғысындағы аса қысқа мерзімде жүзеге асқан, ауқымы жөнінен теңдесі жоқ, инновациялық бағдары жөнінен аса батыл бұл мегажоба – Тұңғыш Президенттің Қазақстан қоғамын топтастыру мен біріктіру бағытындағы рух көтерер қуатты бастамаларының бірі. Жаңа елорда тәуелсіз Қазақстанның символына, Тұңғыш Президенттің стратегиялық көзқарасының, саяси жігері мен еңбегінің жүзеге асуының, қазақстандықтардың арманының орындалуы мен үмітінің ақталуының көрінісіне айналды. Жаңа астанаға қарап бой түзеген өңірлік орталықтардың бәрі жаңарып-жасарды. Әсіресе, Тұңғыш Президент жарлығымен 2018 жылы Түркістан облысының әкімшілік орталығы мәртебесіне ие болған көне шаһар Түркістан айтарлықтай үлкен өзгерістерді бастан кешті. Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткерлік қызметінің тағы бір маңызды қыры – тәуелсіз Қазақстанның басшы кадрларының жаңа шоғырын қалыптастырғаны. Осы жылдар ішінде ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастаған, елдің Үкіметін, өңірлерін басқарған, алғашқы дипломаттарымыз бар көрнекті мемлекет қайраткерлері тобын тәрбиелеп шығарумен бірге елдегі билік транзитінің конституциялық заңнама аясында үйлесімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алды.Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткерлік қызметінің тағы бір маңызды қыры – тәуелсіз Қазақстанның басшы кадрларының жаңа шоғырын қалыптастырғаны. Осы жылдар ішінде ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастаған, елдің Үкіметін, өңірлерін басқарған, алғашқы дипломаттарымыз бар көрнекті мемлекет қайраткерлері тобын тәрбиелеп шығарумен бірге елдегі билік транзитінің конституциялық заңнама аясында үйлесімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алды.
ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы адамзаттың жаһандық трансформация дәуіріне қадам басуымен есте қалмақ. Соның барысында әлемде адамдардың тығыз қарым-қатынасына және ақпарат алмасу жылдамдығының артуына байланысты «цифрлы өркениеттің» негізі қаланып, саясатта, экономикада, бизнесте және мәдениетте жаңаша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар әлемдік дамудың пропорциясындағы сәйкессіздік күшейді, дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы ресурстарға, технологияларға қолжетімділіктің теңсіздігі артты. Тұңғыш Президент елдің жаңа сын-қатерлерге бейімделуіне, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға қажеттіліктің зор екенін көре біліп, «Қазақстан – 2050» стратегиясына бастамашы болды. Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосуды мақсат тұтқан бұл бағдарлама арқылы экономиканы, саяси және қоғамдық салаларды байланыстырып, елді жүйелі жаңғырту қолға алынды. Мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы одан әрі индустрияландыруға бағытталған Институционалдық бес реформа мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары бұл процестің құрамдас бөлігіне айналды. Сонымен бірге елде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жалғастыру нәтижесінде мыңнан астам жаңа өндіріс орны құрылып, инновациялық экономиканың жаңа салалары мен сегменттері қалыптасты. Тұңғыш Президент бастамашылық еткен, өзгерістердің қисынды буынына айналған саяси реформа тек мақсат қана емес, жедел өзгеріп жатқан әлемде мемлекеттің, билік институттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ұмтылыстың нәтижесі еді. Бұл мемлекеттік басқару жүйесін суперпрезиденттік модельден президенттік-парламенттік үлгіге транзиттеудің басталғанын аңғартатын. Осылайша, өзара байланысты концептуалды қадамдар арқылы Қазақстанды орнықты дамудың жаңа сапалы деңгейіне шығару үшін ауқымды институционалдық тұғырнама қалыптастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, қазіргі жағдайда жеке адамның ғана емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттің де бәсекеге қабілеттілігінің факторы болып саналатын адами капиталдың сапасы, индивидтердің біліктілігі мен машығы бұл процесте шешуші рөл атқарады. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевтың ойынша, елді трансформациялау бағытында жүріп жатқан процеске қоғамдық сананың өзгерісі де ілесіп отыруы тиіс-тін. Ол әлденеше рет атап көрсеткендей, Қазақстан жаһанданудың ағыны күшті тасқынында жұтылып кетпей, әлемдік прогресс даңғылымен ілгерілей отырып, өзінің дербес ерекшелігін сақтай білуі керек еді. Оның бұл мәселеге ерекше назар аударуын тек сыртқы культурологиялық факторды ескергендігі деп қана емес, халқы мен елінің болашағы туралы ойлауы және өзінің ішкі рухани интенциясы деп түсіндіруге болады. Ел басқарған жылдарының бәрінде де ол өзін туған тілінің, халқының мәдениеті мен тарихының нағыз патриоты ретінде көрсетті, бұл мәселелер әрдайым оның жіті назарында болды. Мұндай сергек көзқарас халықтың рухани өрлеу процесін байыпты ғылыми және институционалды тұрғыдан негіздеу бағытындағы жүйелі және ұзақмерзімді шаралармен дәйектелді. Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық идеологиясында көрсеткен рухани мұраны, ұлттық кодты, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалудың маңыздылығы туралы қағидалар еліміздің жас ұрпағы үшін ұлағатты үндеуге айналды.БІТІМГЕРШІЛІК БЕЛЕСТЕРІ
Тұңғыш Президент тәуелсіздік кезеңінің басынан бері сыртқы саясат саласына барынша мән берді. Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұтымды дипломатия елдің ұлттық мүддесін ілгерілету барысындағы басты тетіктің бірі болды. Қазіргі заманғы көпполярлы әлемдік тәртіптің ахуалын ескере отырып, ол халықаралық кездесулер мен байланыстарды жолға қойды, көпвекторлы ынтымақтастық пен прагматизм қағидаттары негізінде сыртқы саясатымызды айқындады. Түрлі ұсыныс жасалып, уәде берілгеніне қарамастан, ол қауіпсіздікті ядролық қару иелену жолымен емес, жауапты мемлекет құру арқылы қамтамасыз етуді жөн көрді. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең үлкен сынақ орны – Семей ядролық полигонын жауып, еліміздің бейбітсүйгіш саясатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетіп, нағыз тарихи актіні жүзеге асырды. Оның қажырлы еңбегінің арқасында қалыптасқан сенімді инфрақұрылымның, тығыз халықаралық ынтымақтастық пен серіктестіктің нәтижесінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Өзінің барлық көршісімен сындарлы, сенімді қарым-қатынас орнатты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет шекарасын барлық жағынан шегендеп, халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл – мемлекет құру жолындағы айрықша маңызды белес саналатын аса зор және шешуші жетістік. Тұңғыш Президенттің екіжақты мемлекеттік ынтымақтастықты, халықаралық іс-әрекетті жолға қою мен дамыту бағытындағы прагмативті қадамы өзара тиімді келісімдерге қол жеткізілуін және экономикаға миллиардтаған қаржы көлемінде инвестиция тартылуын қамтамасыз етті. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің басты дем берушісі және ұйымдастырушысы болды. Құрлықтағы мемлекеттердің кең ауқымдағы экономикалық интеграциясы қажет екеніне мейлінше сенімділік танытқан ол өз идеясын жүйелі түрде нақты жүзеге асыруға кірісті. Оның институционалдық көрінісі – тауарлардың, қызметтің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына арналған қуатты интеграциялық бірлестік – Еуразия экономикалық одағы болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы, сондай-ақ өзара сенімге негізделген, ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту бағытындағы жаңа халықаралық құрылымдар қалыптастырудағы өзекті бастамалары еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтты. Оның геосаяси процестердің өзара тәуелділігі мен байланыстылығы туралы терең пайымдауы Қазақстанның көптеген сын-қатерлер мен қауіптерді айналып өтіп, теңгерімді саяси бағыт ұстанып, табысты ілгерілеуіне септігін тигізді. Ал өңірдегі шиеленістер мен қайшылықтарды шешу ісіндегі белсенді бітімгершілік күш-жігері бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған деген шынайы құрметі мен сенімін оятты.***
Көптеген саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің мойындауынша, Тұңғыш Президент – жаһандық ауқымда ойлай білетін, аса танымал әлемдік деңгейдегі көшбасшының бірі. Бейбітсүйгіш және баршаға құшағы ашық, жарқын болашаққа көз тіккен Қазақстан – тұлға ретіндегі ұлылығы мен тереңдігіне уақыт пен өмірдің өзі биік бағасын берген Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің жемісі.Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы