Өмірлік миссияңды орындау – ең үлкен бақыт
Өмірлік миссияңды орындау – ең үлкен бақыт
409
оқылды

Қоғамның локомотиві – озық ойлы адам

 

– Жақсыбек Әбдірахметұлы, бү­гінгі сіздің ел арасындағы ам­плуа­ңыз қандай?

– Қиын сұрақ. «Керемет едім», «ерекше едім» деген адамды өз ба­сым да дұрыс түсінбес едім. Адам өз-өзіне есеп беріп отыруы керек, дей тұра оның өзіне-өзі баға беруі қисынсыз шаруа деп бі­лемін. Жалпы, кез келген аза­мат өз еңбегінің еленгенін қа­лай­ды. Дей тұра, бірінші әділ сыншы – халық. Сондықтан бұл сауал­дың жауабын басқалардан сұра­ған жөн.

– «Кез келген мамандықтың шыңына жету үшін адам ой ер­кін­дігін сақтау қажет» деген сөз бар. Осы ойға қосыласыз ба? Ойыңыз еркін бе? Осы арқылы қанша­лық­ты жетістікке жете алдыңыз?

– Нарықтық қатынастар үс­тем­дік ететін қоғамның бәсекеге қа­білетті болып, тұрақты дамуы үшін ол елде ат аунағанша ақыл тауып кететін, қиыннан қиыс­ты­рып, ұтқыр шешім шығара біле­тін озық ойлы, іскер азамат көп болуы керек. Ал бұған қол жет­кізу үшін қоғам еркіндікке құ­рылуы тиіс, соның ішінде ой еркіндігінің алар орны ерекше дер едім. Санасы шектеліп, ойы құрықталған кісінің нарықтық экономикада үлкен жетістіктерге жетуі екіталай нәрсе. Сондықтан алдыңғы қатарлы елдің бәрі – азаматтарының білімі мен бі­лік­тілігін арттырып, олардың ойлау жүйесінің еркін дамуына мейі­лінше ықпал жасайды. Анығы сол, нарықтық экономика деге­ні­міз – еркін экономика, себебі мем­лекеттің дамуы негізінен же­ке кәсіпкерлердің, бизнес өкіл­дерінің белсенді іс-әрекетіне тәуел­ді. Кәсіпкерлер неғұрлым із­де­німпаз, инновацияшыл бо­лып, шаруаларының тиімділігін ұдайы арттырып отыратын бол­са, онда олардың бәсекеге төтеп бере алары даусыз. Қысқасы, мем­лекеттің бәсекеге қабілетті бо­лып, тұрақты дамуы оның мү­шелерінің ой-өрісінің еркін­дігі­мен сабақтасып жатқан құбылыс еке­ні дәлелдеуді керек етпейді.

Адам дүниеге келген алғашқы қадамынан бастап «білсем, таны­сам, көрсем, өз қолыммен бір­деңе жасасам» деп талпынатыны баршаға аян. Егер ересек адамдар баланың осы талабын тежеп, дүниетанымына кедергі жасаса, ойын тежейтін болса, ондай баланың өсе келе ел танитын тұл­ғаға айналуы екіталай. Ал ойын жасқанбай еркін айтатын, ың­ғайсыз сұрақтар қойып, батыл сөй­лейтін бала мұғалімге ұна­мауы мүмкін. Бірақ түбінде сол баладан атақты ғалым, мықты өнертапқыш немесе ел мүддесі үшін аянбай тер төгетін тұлға шығуы әбден мүмкін. Сондықтан да ой еркіндігі мен сананың шек­телмеуі – қоғамды прогреске сүйрейтін бірден-бір локомотив. Жал­пы, кез келген адам өзінің өмір­лік миссиясын таба білсе жә­не оны толықтай жүзеге асыра біл­се, бес күн жалғандағы ең үл­кен бақыт сол болар еді деп ой­лаймын.

Статистикаға сүйенсек, кез кел­ген мемлекетте халықтың екі пайызға жуығы ғана озық ойлы, солар қоғамды алға жетелейді екен. Демек, кез келген мемлекет үшін талантты азаматтарды тауып, олардың өз әлеуеттерін то­лық іске асыруына жағдай жа­сап отыру – мемлекеттік саясат­та­ғы негізгі басымдықтың бірі болуы тиіс. Бұл ойымды басқаша кес­те­лесем, кез келген қоғамда әді­лет­тілік орын алуы керек. Бір қарағанда әділдік орнату өте қиын шаруа сияқты көрінеді. Бірақ әсте олай емес. Оны орнату үшін бір ғана нәрсені іске асыр­сақ, жетіп жатыр. Барлық істе тек білімді адам мен кәсібилікке сұра­ныс тудыру керек. Сол кезде қо­ғамда әділеттілік өз-өзінен ор­найтынына сенімім мол. Өйт­кені білімді адамда, ең алдымен, ішкі мәдениет қалыптасқан, ол еш­кімнен қорықпайды, ешкімге жалтақтамайды. Бойындағы осы құдіретті күш арқылы ол жанына білімді адамдарды жинаудан қай­мықпайды. Осылай биліктің бар­лық тармағында жағымпаздар мен тамыр-танысқа емес, білім­діл­ерге сұраныс көбейе түседі. Ал мұн­дай жағдайда жағымпаздық, та­мыр-таныстық, коррупция жә­не басқа толып жатқан келеңсіз жайт­тың бәрінің жолына балта ша­былады. Шынында да, әділдікті ор­натудың ең басты алғышарты – білімге сұранысты қалыптастыру аксиома екені даусыз.

Нарықтық экономиканың үлгісіне айналып отырған АҚШ-та талантты жеке тұлғалардың алға қойған мақсаттарын қай салада болса да толықтай іске асыруына жағдай жасалған. Сондықтан осы мемлекет көп инновациялық жетістіктің отанына айналып, ал сол инновацияның авторлары дүниедегі ең ірі компаниялардың иелері әрі ең жас миллиардерлері болып жатыр. Міне, бұл – көп елге өнеге болатын жағдай. Біздің елде де әртүрлі салада көзге түсіп жүрген талантты жастар жетерлік. Олардың халықаралық деңгейдегі жарыстар мен байқаулардағы жетістіктерін жиі байқаймыз. Бірақ соған қарамастан, талантты жастармен жұмыс істеуде әлі де болса немқұрайлылық аз емес.

Енді сұрағыңыздың екінші жартысына келсек... Менің мамандығым – математик. Соның ішінде математиканың экономи­када қолданылуы деген бөлігімен көбірек айналыстым. Кеңес үкіметінің кезінде гуманитарлық ғылым салаларында, соның ішінде экономикалық зерттеулерде догма көп болды. Жоқ нәрсені бар қы­лып, адамға түсініксіз, теориялық зерттеулерде ғылыми негізі әлсіз тұжырымдарға арқа сүйеу сүйегі­міз­ге сіңіп кетті. Ой еркіндігін шектеу, жаппай цензура болғаны баршаға мәлім. Ал жаратылыстану ғылымдары саласында ондай шектеу болған жоқ, сондықтан Кеңес үкіметінің математика мен физика саласындағы ғалымдары үлкен жетістіктерге жетіп жатты. Экономиканы зерттеуде пайдала­на­тын математикалық аппарат негізінен бүкіл дүниежүзінде ұқсас болды, соның нәтижесінде нарық­тық экономиканың кейбір тұстары бізге сол кездің өзінде белгілі еді. Сол себепті, экономика-матема­тикалық зерттеулермен айналысып жүрген азаматтарға нарықтық экономиканың негізгі пәндерін тез игеріп, жаңа экономикада орын алып жатқан құбылыстарға бейімделу оңай болды.

1993 жылы тамыз айында Дүние­жүзілік банктің ұйымдасты­руы­мен Мәскеуде МГУ-дың база­сын­да екі аптаға созылған арнайы сынақ өтті. Сынақ нарықтық экономика негіздерінен болды. Оған Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан және Қазақстаннан жас ғалымдар қатысты. Мен де сол топтың ішінде болдым. Кеңес Одағының тұсында Мәскеуге бару біз үшін үлкен оқиға болатын. Сол себепті, сынақтың не үшін өтіп жатқанына аса үлкен мән бермей, негізгі уақытты Мәскеудің тарихи орындарын аралауға жібергенім рас. Дегенмен екі апталық тестің нәтижесі бойынша мен алдыңғы қатардан орын алыппын. Оған менің экономика-математикалық зерттеулермен айналысқаным себеп болған секілді.

Ол кезде Алматы халық шаруа­шылығы институтының қолдан­балы математика кафедрасында жұмыс істейтінмін. Жалақы өте төмен болғандықтан бизнеске бет бұрғым кеп, екі ойлы болып жүрген едім. Сөйтіп жүргенде, Дүниежүзілік банк әлгі сынақтан жақсы өткен азаматтарды 1993 жылдың күзінде екі айға Америкаға дайындық курсына алып кетті. Бұл курсқа бес мемлекеттен елу шақты адам қатыстық. Осы дайындық курсының жоғары деңгейде өтуіне Дүниежүзілік банк ерекше көңіл бөлді. Бізге сабақ берген мамандар бүкіл әлемге аты шыққан профес­сорлар еді. Екі айдың ішінде біз магистратураның бір жылдық оқу бағдарламасын еңсердік десем, қателеспеймін. Осылайша, нарық­тық эконо­миканың негізгі алғы­шарт­тарын меңгеріп шықтық. Елге келгеннен кейін Дүниежүзілік банктің мемлекеттік қызмет­кер­лерді қайта дайындай­тын орта­лығын ашып, еліміздегі мемле­кеттік қызметкерлердің нарық­тық экономика туралы түсініктерін кеңейтіп, біліктіліктерін арттыруға атсалыстық. Сол орталықтың арқа­сында 3-4 жылдың ішінде АҚШ, Еуропа, Австралияның белгілі оқу орталықтарында жиыр­ма шақты рет дайындық кур­сынан өтіп, білімімді жетілді­ру­мен айна­лыс­тым. Әрине, өзімді ерекше адаммын деп айта алмаймын, дегенмен экономист-математик болғаным ой-өрісімнің еркін қалыптасуына септігін тигізгені рас.

– Мемлекеттік қызметкерлерді қайта дайындау арқылы мемлекеттік қызметке ықыласыңыз ауған сияқ­ты. Солай ма?

– Мемлекеттік қызметкерлерді дайындап жүріп, көп адаммен араласа бастадым. Сол достарым бірнеше рет мені қызметке шақыр­ғысы келді. Алғашында қызыққан жоқпын, себебі Дүниежүзілік банктің орталығында дәріс беріп, зерттеулер жүргізуден табатын табысым жоғары болатын. Реті кел­генде айта кетейін, сол жыл­дары еліміздегі ең қымбат лек­тордың бірі болдым. Бір сағаттық лекцияма төленетін қаржы университет профессор­ла­ры­ның бір айда алатын жалақы­сынан жоғары болды. Күніне төрт-бес сағатқа дейін лекция оқитынмын, сондықтан айына қанша ақша шығатынын есептей берсеңіз болады. Осылай табысты қызмет атқарып жүргенімде, сол кездегі Үкімет басшысы мені статистика комитетіне басшылық қызметке шақырды. Келістім. Осылайша, мемлекеттік қызметке араласуым статистика комитетінен басталды. Алғашында комитет басшысының орынбасары, бір жылдан соң Қазақстан статистикалық комите­ті­нің төрағасы болып тағайындал­дым. Ол бір қиын уақыт еді. Статистика саласындағы жұмыс компьютерлік техниканың тапшы­лы­ғы мен нормативті-әдістемелік құралдардың жетіспеуінен тұралап қалған. Техника жетіспегендіктен жұмысты жаңа үлгіде, дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып ұйым­дас­тыру, қиынға соқты. Қаржының тапшылығына қарамастан, 1999 жылы елімізде тұңғыш Халық санағын жоғары деңгейде өткіздік. Басқа да айтулы жетістіктер аз болған жоқ. Статистика саласында атқарған жұмыстар туралы айтқан­да, ең алдымен, сол кездегі ұжым­ның аз уақыт ішінде қол жеткізген үлкен жетістігі – Қазақ­стан статистикасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келеді деген халықаралық институттардың бағасына ие болғаны. Біз ТМД мемле­кеттері арасында мұндай нәтижеге алғашқы болып қол жеткіздік. Бұл сол кезде үлкен жетістік еді.

 

Балық беріп – байыта алмайсың, балық аулауды үйретіп – байыта аласың

 

– Экономика министрі болып келген тұста «Кедейшілікпен күрес» бағдарламасын енгіздіңіз. Бірақ біз сол «кедейлікпен» әлі толыққанды күресе алмай отырға­нымыз неліктен?

– Статистика саясатпен айналыспайды. Бірақ бұл құрылым ғалымдар мен сарапшылардың зерттеулер жүргізуіне аса қажетті статистикалық мәліметтерді толы­ғымен қамтамасыз етуге міндетті. Ол мәліметтердің нақты әрі шынайы болуы да статистик­терден ерекше талап етіледі. Сондықтан статистикада жүргенімде Дүние­жүзілік банктің сарапшыла­рын шақырып, бірнеше бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, статисти­ка­лық мәліметтердің нақтылығын көтеруге бағытталған біраз ауқым­ды жұмыстар атқардық. Нарықтық экономикаға енді өте бастаған қиын кезеңде, халықтың тұрмысы Кеңес Одағы кезеңімен салыстыр­ғанда күрт төмендеп кеткен еді. Бұл біздің қоғам үшін жаңа құбылыс болды. Сондықтан оның масштабын түсіну үшін елімізде алғашқы әлеуметтік арнайы зерт­теулер ұйымдастырып, кедейші­лік­тің деңгейін анықтауға тырысқаным рас. Нәтижесі жағдайдың қиын екенін көрсетті. Сондықтан 1999 жылы Экономика министрі қызметіне келгенде осы жағдайды ескере отырып, тұңғыш рет «Кедейшілікпен күресудің мемлекеттік бағдарламасын» дайындадым. Осы бағдарлама шеңберінде алғаш практикаға енген тәжірибенің біразы бүгінгі күнге дейін қолданыста жүр.

Жалпы, кез келген қоғамда кедейлер болады, сондықтан ондай азаматтарды қамқорлыққа алып, әлеуметтік қорғау – мемлекеттің негізгі функциялары­ның бірі. Елімізде де осы салада атқарылып жатқан шаруа аз емес, алайда даму қарқыны өте жылдам болып тұрған мына заманда әртүрлі себептермен топқа ілесе алмай жататын азаматтар көптеп кездесетіні ақиқат. Кедейленген азаматтарды бюджеттен бөлінетін жәрдемақыға қарық қылу қиын. «Балық беріп – байыта алмайсың, балық аулауды үйретіп – байыта аласың» деген аталы сөз бар. Сондық­тан кедейленген азамат­тардың арасында еңбектенуге шамасы келетіні болса, соларды заман ағымына сай бейімдеп, оқытып, өмірде өз орнын табуға жағдай жасау – кедейшілікпен күресудің ең тиімді жолы болары сөзсіз.

Елімізде осы бағытта біраз жұмыстар атқарылды, дей тұра Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы органдардың басшы­ла­ры­на әлеуметтік мәселелерді шешуде немқұрайлылық көрсет­пей, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамтуды негізгі басымдық ретінде қолға алуды тапсырды. Сондықтан елімізде осы салада біраз серпіліс болады деп үміттенемін.