Ауыр атлетика үшін өте ауыр соққы
Ауыр атлетика үшін өте ауыр соққы
© коллаж: Әсел Балтақызы
464
оқылды
Қай спорт түрін ал­саңыз да, биік нәтижеге жеткен мықтыларды түрлі дәрілік препарат қолданды деп айыптау толастар емес. Оның үстіне, халықарлық федерациялардың да «бар­мақ басты, көз қысты» әрекеттері спортқа деген көз­қарасты біршама өзгерткендей. Соның бірі – ауыр атлетика. Белең алған жемқорлық, бітпейтін допинг дауының кесірі ауыр атлетиканың олимпиада ойын­дарының бағдарламасынан алынып тасталуына әкеп соғуы мүмкін.  

IWF-тің беделіне нұқсан келді

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басынан дау арылмады. Федерация қызметіне қатысты тергеу әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Егер жем­қор­лық фактілері толық әшкере­лен­ген жағдайда аталған спорт түрі олимпиада ойындарының бағ­дарламасынан шығарылуы әб­ден мүмкін. Мұны ХОК басшысы Томас Бах хабардар еткен бо­латын. «Біз IWF-ті тазартудың жолын табуымыз керек. Оларға көмектескіміз келеді. Біздің қа­таң шаралар қабылдауға құқы­ғымыз бар. Тіпті, ауыр атлети­каны олимпиада бағдарлама­сынан шығарып тастауымыз да мүмкін», – деді Бах. Енді Бахтың мұндай мәлімдеме жасауының басты себебіне үңілейік. Халық­аралық ауыр атлетика федера­циясының кейінгі екі сайлау кон­гресін алып қарасақ, сайлау­шыларға пара беру тым артып кеткен. Мәселен, оң нәтиже бер­ген 40 допинг сынамасы жа­сы­рылып келген. Аталған сы­байлас жемқорлыққа қатысты тергеуді басқарған канадалық заңгер Ричард Макларен ауыр атлетика бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәуелсіз тергеу нәтижесін жариялап, онда Халықаралық ауыр атлетика фе­дерациясының бұрынғы бас­шы­сы Тамаш Аянды «IWF-тің» ав­то­ритарлық көшбасшысы» деп атаған. Себебі ол Халықаралық ауыр атлетика федерациясында 44 жылдан бері қызмет атқарып келеді. 81 жасар Тамаш Аян ХОК-тың бұрынғы мүшесі, IWF-та 70-жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. 2000-жылдан бері биыл қызметінен кеткенше федерация президенті болған.  

ХОК неге қауқарсыз?

Ричард Макларен өз баянда­масында IWF-тегі сыбайлас жемқорлықты егжей-тегжейлі сипаттап берген. Құжаттағы мә­лімет бойынша, қолма-қол ақша Тамаш Аянның негізгі «табыс көзі» болған. Допинг айып­пұл­дары мен ірі жарыс алдында фе­дерация есепшотынан қомақ­ты қаржы алынып, тікелей Аянға төленіп отырған. 22 қаңтарда Аян IWF басшысы міндетінен босатылған соң ұйымда ішкі тергеу басталды. 15 сәуірде IWF атқарушы комитеті Тамаш Аянның жұмыстан кету туралы өтінішін қанағаттан­дыр­ды. Қазіргі таңда федерация бас­шысының міндетін атқарушы Урсула Папандрея болып таға­йын­далған. «Біз қазір IWF-тің жаңа басшылығына федера­ция­ны реформалауды, сондай-ақ допингке қарсы жүйені феде­рациядан тәуелсіз ету әрекетін толығымен қолдайтынымызды айтамыз. Оған негізгі қа­дамдар жасалды», – деді Ха­лық­аралық олимпиада комитетінің бас­шысы Томас Бах. Қазір сы­байлас жемқорлыққа және до­пингке қарсы ережені бұзу жағ­дайларын жасыруға байланысты тергеу жүріп жатыр. Бұл өз ке­зегінде ауыр атлетика имиджіне кері әсер еткені сөзсіз.  

Допинг дауы түбімізге жетпесін

Ауыр атлетикадағы халық­аралық ахуалды былай қойғанда, елімізде де осы спорт саласында допинг пен жемқорлық жиілеп кеткені жасырын емес. Жыл басында неміс арнасының ауыр атлетикадағы жемқорлық жайлы фильмінде Қазақстан да аталды. Мәселен, деректі фильмде отан­дық ауыр атлет Светлана По­добедованың бірнеше жарыста тек бір-ақ рет допинг сынамасын тапсырғаны жайлы айтылған. Ал оған қатысты біздің тараптан ресми жауап болған жоқ. «Бізде допинг тексерістен өтпеді деген ақпарат жоқ. Пекин мен Лон­донда алтын алған төрт ауыр атлетіміз допинг қолданды деп айыпталып, медальдарын қай­тарып берген соң бізге көп назар аударып жатыр» деген болатын Спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев. 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лон­донда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тек­серген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олимпиада ойын­да­рынан кейін қайта тексеру ке­зінде Пекин және Лондонда чем­пион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин екі алты­нынан айырылды. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лон­донда чемпион болған Мая Ма­неза, Зүлфия Чиншанло, Свет­лана Подобедованың анализдері де оң нәтиже беріп, чемпиондық атақтарынан айырылған еді. Пекин мен Лондон Олимпиа­дасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те до­пинг қолданды деп айыпталған. Отандық ауыр атлет Анна Нұр­мұхамбетова Лондон Олимпиа­дасында 5-орыннан көрінген болатын. Кейіннен Беларусь спортшылары Марина Шкер­манкова мен Дина Сазановец допингпен ұсталып, қола ме­дальға ие болған. Енді сол сында 2-орын алған румын атлеті Рок­сан Кокоштың допинг тесті оң нәтиже көрсеткендіктен, спорт­шымызға күміс жүлде табыс етілуі мүмкін. Алайда Анна Нұр­мұхамбетованың өзі 2019 жылы Талдықорғанда өткен спарта­киадада допингпен ұсталғаны үшін 4 жылға спорттан шеттету мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.  

Түйткілді мәселелер бар

Осы айдың басында Қазақ­стан құрамасының ауыр атлетте­ріне жалақы төленбегені жөнінде шу шыққаны белгілі. 8 маусым күні Рио олимпиадасының чем­пионы Нижад Рахимов, осы олимпиаданың қола жүлдегер­лері Денис Уланов пен Карина Горичева, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон, 2015 жылғы Азия чемпионы Рүстем Сыбай мен Айдар Қазов, 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ибрагим Берсанов алты ай бойы федерациядан тиісті қаражатын ала алмай жүргенін айтып, ви­део­жолдау жариялаған болатын. Федерация бұл жағдайдың мә­нін түсіндіруге тырысты. Илья Ильин «Менің ойымша, осының бәрі неден шықты? Жарты жыл ішінде спортшылар мен феде­рация менеджменті арасындағы байланыстың азаюы» десе, Қа­зақстан ҰОК бас хатшысы Ан­дрей Крюков «Басқа қаржы­лан­дыру көздері пандемияға бай­ланысты өздерінің бюджетін қыс­қартты. Атап айтқанда, де­меу­шілер тарапынан еңбекақы алатын ұлттық құраманың кей­бір мүшесіне төленбеу туралы мәселе бар», – деді. Дегенмен бұл мә­селелер спорттың осы саласында түйіні тарқамаған түйткілді мә­селелердің бар еке­нін аңғартса керек. Осы даудан кейін Қазақ­стан Үкіметі допинг қолданған­дарға жазаны күшей­тетін заң қабылдады. Егер спорт­шы до­пинг­пен ұсталып, нәти­жесі жо­йылса, Үкімет атлетке берілген ақшалай сыйақыны қайтарып алып, ұлттық құра­ма­дан шетте­тетін болады. Біз тізбелеп өткен жағдайлар елдегі ауыр атле­тика үшін өте ауыр соққы. Бірақ осы жайттардан сабақ алып, ауыр атлетиканың болашағына оң әсер етеді деген сенімдеміз.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=