Нұрсұлтан Назарбаев партияның алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Бауыржан Байбектің тәжірибесінің жеткілікті әрі оның соған қажетті біліктілікке ие екенін атап өтті. Оның үстіне Б.Байбек 2013 жылдың қаңтарынан 2015 жылдың 9 тамызына дейінгі аралықта партияда дәл осы лауазымда қызмет атқарған болатын.
– Бауыржан Байбек «Болашақ» бағдарламасының түлегі, дипломатиялық қызметте және Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді. Ол бұған дейін партия Төрағасының Бірінші орынбасары қызметін атқарған. Бауыржан Байбектің Алматы қаласының әкімі лауазымындағы жұмысына оң баға беруге болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбектің партияны және бүкіл мемлекетімізді дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруға өнімді үлес қосатынына сенім білдірді.
Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәулен Әшімбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, ары қарайғы қызметіне табыс тіледі.
Сондай-ақ енді жетекші саяси ұйымды үлкен міндеттер күтіп тұрғанына партиялықтардың назарын аударды.
– Мәулен Әшімбаев партия басшылығында болған кезеңде екі съезд өткіздік, Президент сайлауына қатыстық. Осының барлығы партиямыз үшін күрделі сынақ болды. Ол табысты жұмыс істеді деп санаймын. Nur Otan – еліміздің басты саяси күші. Алдымызда партияның қоғамдағы беделін одан ары арттыру міндеті тұр, – деді Елбасы.
Соңында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Nur Otan партиясының қызметі бүкіл елімізді дамытуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.