Сондай-ақ Жамбыл облысының 80 жылдығы аясында аймақта ұмыт болып бара жатқан бабалар мұрасын қайта жаңғырту, өңірімізден шыққан композиторлардың туындыларын насихаттау, этно-фольклорлық ұжымдардың шығармашылық қарым-қатынасын қалыптастырып тәжірибе алмасуды мұрат еткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ансамбль қатысты. Бүгінде ежелгі Тараз киелі Әулиеата жерінде туған еліне күмбір күйлерін тарту еткен Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Әбдімомын Желдібаев, Садыхан Әубәкіров, Мәди Шаутиев, Байсерке Қылышұлы, Тұраш Әбуов, Алтынбек Қоразбаев, Боранқұл Қошмағанбетов, Аман Малдыбаев, Мұқтарбай Рахманқұлов, Ержан Рысметов, Талғат Орынтаев, Асыл Жыңғылбаев, Өмірғали Ертуған, Олжас Байбек және басқа да талант иелерінің мол мұрасы ұлтымыздың құндылығына айналып отыр. Байқаудың алдында ұйымдастырылған баспасөз конференциясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Дәурен Ғылымов, Қазақ ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, композитор Әлқуат Қазақбаев, күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев мәдени шараның мазмұнын тарқатып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Конкурстың салтанатты ашылуы театрландырылған қойылыммен басталады. Қойылымда Ықылас, Жамбыл, Кенен және Нұрғиса бабаларымыздың образдары сомдалады. Сонымен қатар «Тараздан тарту» атты би композициясы ұсынылады. Жалпы, мұның алдында конкурстың бірінші кезеңінде байқауға қатысқан ұжымдар Жамбылдан шыққан композиторлардың немесе көне Тараздың тарихын сипаттайтын бір туындыдан орындаса, ал екінші кезеңде Жетісу өлкесінің шығармаларын орындап іріктеу кезеңіне шыққан болатын. Сөйтіп, байқауға қатысушылар гала-концерттің алдында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты домбыра party-ге қатысты. Конкурстың марапаттау рәсімінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы алғысөз алып, жеңімпаздарды құттықтап, марапаттарын табыстады. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен бас жүлде, лауреат белгісі және 700 000 теңгенің сертификаты «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбліне (Алматы облысы) табысталды.
І орын, лауреат белгісі және 500 000 теңгенің сертификатына «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы (Нұр-Сұлтан) ие болды. Көкшетаудан келген «Айнакөл» фольклорлық ансамблі ІІ орын, лауреат белгісі және 300 000 теңгенің сертификатын иеленді. «Тұмар» фольклорлық ансамблі (Шымкент) ІІІ орын, лауреат белгісі және 200 000 теңгенің сертификат иегері атанса, «Оқжетпес» фольклорлық ансамблі (Ақмола облысы), «Тараз ғасыр» фольклорлық ансамблі (Тараз) дипломант атанып, олардың әрқайсысына 100 000 теңге қаржылай сыйақы берілді. Сондай-ақ байқауда Ықылас Дүкенұлы атындағы жүлде «Жігер» этникалық тобы (Қызылорда облысы), Жамбыл Жабаев атындағы жүлде «Сұлу саз» халықтық ән-би ансамблі (Шығыс Қазақстан облысы), Кенен Әзірбаев атындағы жүлде «Алатау» фольклорлық ансамблі (Жамбыл), Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлде «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі (Шу ауданы), Садыхан Әубәкіров атындағы жүлде «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі (Байзақ ауданы), Алтынбек Қоразбаев атындағы «Меркі әуендері» халықтық ән-би ансамблі (Меркі ауданы), «Үздік шығарма» «Қазақ елі» ансамблі (Тараз) «Көне Тараз күмбірі» арнайы жүлдесі «Сарыарқа» халық музыка ансамблі (Нұр-Сұлтан), «Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының» арнайы жүлдесі, «Жәдігер» этнографиялық ансамблі (Атырау), «Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының» арнайы жүлдесі: «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамбліне (Алматы облысы) берілді.
Жамбыл облысы