Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар өздері бастамашы болған «жасыл экономиканы» дамытуға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол қоқысты «энергетикалық утилизациялау» ұғымын бекітеді. Мәжіліс депутаттары тұрмыстық қатты қалдықтарды «термикалық өңдеуге», қарапайым тілмен айтқанда, отқа жағуға рұқсат ететін заң жобасын әзірледі. Олардың байламынша, осы әдіс «қалдықтардың қоршаған ортаға теріс ықпалын төмендетуге, сондай-ақ көмуге жататын қоқыстар көлемін қысқартуға мүмкіндік береді». Қоқыс жағу кезінде бөлінетін энергия жақын тұрған тұрғын үйлер мен ғимараттарды жылу және жарықпен қамтуға қызмет ете алады. Рас, зерттеушілердің байламынша, қоқыс өртейтін зауыт мұржасынан ауаға шығарылатын зиянды заттар 24 шақырымға дейін жетіп, жерге «тұнады». Диоксинмен қаныққан мұндай ауамен тыныстау онкологиялық аурулардың, демікпенің, ауыр аллергиялық кеселдердің туындауына соқтырады. Бұған қоса, айналаға сынап, қорғасын, күшәла-мышьяк, хром, кобальт, никель тасталады. Қалдық өртеуден кейін пештерде бастапқы қоқыстың 10-30%-ы көлемінде күл қалады. Оны қауіпсіз жою тетігі қарастырылмаған, арнайы орындар көзделмеген. Құрылғылары көнерген дәстүрлі қоқыс өртеу зауыттары бүгінде дамыған елдердің бірде-бірінде жұмыс істемейді. Олар тек дамушы немесе арттап қалған мемлекеттерде тұрғызылуда. Көрші Ресейде қуатты экологиялық қозғалыс 2018 жылдан бері осындай бірнеше кәсіпорынның салынуына тосқауыл қойды. Дамыған елдерде де қоқыс өртеледі, бірақ мұржаларға бекітілген арнайы фильтрлер ешбір зиянды затты ауаға шығартпайды. Заманауи озық қондырғылар қоқысты түк шлак қалдырмай, жағып жібереді. Бірақ ондай зауыт құрылысы тым көп шығынды, мол инвестицияны талап етеді. Заң жобасы тұжырымдамасына сәйкес, энергетикалық утилизациялауды қолдау үшін қоқыс өртеуші кәсіпорындар өндіретін электр қуатын кепілдендірілген түрде сатып алу тетігі енгізілмек. Ол жаңғыратын энергетика саласындағы қолданыстағы қолдау тетігіне ұқсас. Мәжіліс сондай-ақ «Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы» заңына түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Онда шекараны бұзу қаупін азайту үшін Қазақстан аумағынан транзитпен өтетін теміржол көлігінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізбеу ұсынылып отыр. Шекара арқылы өткізу процесіне тікелей қатыспайтын құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне де өткізу бекеттеріне кіруге құқық беріледі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің пилотсыз ұшу аппараттарын қолдануы ережесін бекіту құзырыне ие болады.
Ерік ЕРДЕН