Жаңарған Түркістан – серпілген ұлттық рух
Жаңарған Түркістан – серпілген ұлттық рух
860
оқылды
Уа­қытты тиімді жұмсау, әр сағатты елге пай­далы істермен өрнектеу – за­ман талабы. Осы қағиданы ұстанатын Түркістан облысының жұртшылығы әр таңды еңбекпен қарсы алып, әр күнді еңбекпен шығарып салуда десек қателеспейміз. Оған – 2 жыл ішінде ажары ашылып, маңдайы жарқырай түскен Түркістан қаласындағы өзгеріс­тер дәлел. 2018 жылы 19 маусымда Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамудың жаңа сатысына қадам басты. Көне шаһардың жаңа дәуірі басталды. Тарих үшін қысқа ғана уақыт болып есептелетін 2 жылда Түркістанда адам қызығарлық істер атқарылды.   Түркістан (3)

Неге Түркістан?

Кейбір ағайындар «осындай дағдарыс кезеңінде Түркістанның құрылысына неге сонша қаржы жұмсайды? Басқа өңірдің бәрі дамып кетті ме? Жаңа құрылыс алаңы ретінде неге Түркістан таңдалды?» деген сұрақтарды қойып, қоғам талқысына салып жүр. Орынсыз талқы. Қазақ үшін Түр­кістанның орны бөлек. Түркістан – ұлттық рухымыздың жаршысы, мемлекет­тілігіміздің сақталып қалуына үлес қосқан қасиетті шаһар. Қазақтың болмысы мен тарихы, шежіресі сіңген қала. Елбасымыздың «Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп» деген сөзінен-ақ оның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркістанды дамытуға деген ниеті, жоспары болғанын аңғарамыз. Түркістан туралы тарихи дерек өте көп. Бүгінде Күлтөбе қорғаны маңындағы археологиялық жұмыстар қаланың тарихы өте тереңде екенін дәлелдеуде. Көне ғасыр­ларда Шауғар, Яссы деп аталған шаһардың нақты қанша жыл бұрын пайда болғанын дөп басып айту қиын. Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін көрсеткен. 550 мың жыл! Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің зерттеу мақаласында Түркістан туралы маңызды деректерді жұртшылыққа ұсынды. Профессордың еңбегінде орыс зерттеушісі П.Рычковтың Түркістанды ең көне шаһарлардың бірі деп бағалап, жазып кеткені айтылады. Рычков тіпті, Ташкент, Ходжант, Кашкар, Табат және өзге де қалалардың Түркістан билігіне бағынғанын да сөз еткен екен. «Қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер Түркістан қашан қала болып қалып­тасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, метталлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазір Түркістан кішкене қала болғанымен, ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігі болды», – дейді Ж.Артықбаев. Темір дәуірінде Сырдың орта ағысы парсы деректерінде «Сака» аталған. Мұнда «Авеста» айтуы бойынша «тура» деп аталатын тайпалар мекен еткен. Сол себепті сақ-тұр тайпалары мекен еткен өлке Тұран деп аталған. Ахмет Ясауи кесенесінің салынуына байланысты Иасы қаласының көлемі батыс пен оңтүстікке қарай ұлғайып, аймақтың саяси орталығына айналады да, қала жаңа атаумен – «Әзіреті Түркістан» деп аталады. XVI ғасырдан бастап «Түркістан» атауы қалаға мықтап бекиді. Жалпы, қазақ даласында қалалар аз болмаған. Олардың ішінде ежелгі Иа­сының, одан берідегі Түркістанның жалпы түркі жұрты, оның ішінде қазақ халқы үшін қадір-қасиеті де, ұлт тарихынан алатын орны да ерекше болған. Ол – өткен мен бүгінгіні жалғап тұрған, кешегіміз бен келешек арасындағы алтын көпір іспетті. Қазақтың айбынды хандары мен би­лері, ұлы тұлғалары өмір сүріп, мәңгі қоныс тапқан Түркістан туралы әлі талай зерттеулер жүргізіліп, деректер ашылатыны анық. Қазір Қ.А.Ясауи кесенесі маңында жүргізіліп жатқан абаттандыру мен археоло­гиялық жұмыстардың өзінде жәдігерлер табылып, зерттеліп жатыр. Ендеше кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанды қолдау, дамыту – тарих алдындағы әділдік. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген шешімін айтпай кетуге болмайды. 1992 жылы «Бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз» деген Елбасы Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстарды бастап берді. Ұлы Жібек жолы арқылы Еуропа мен Қытайды, Орта Азия мен Ұлы даланы жалғастырып жатқан тарихи шаһардың туристік әрі экономикалық әлеуеті жоғары. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастауында да үлкен мән бар. «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген еді Қазақстан Президенті. Бүгінде Мемлекет басшысының тіке­лей қолдауымен, ел Үкіметінің жіті қада­ғалауымен Түркістан қаласындағы құрылыс қарқынды түрде жалғасып жатыр. Түркістан (1)

Жаңа нысандар – жақсы нышандар

Былтыр «Түркістан облысын әлеу­меттік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» қабыл­данды. Үкімет тарапынан бір айда Түркістан туралы 5 қаулы қабылданып, маңызды жоспарлар жасалды. Ел басшылығының тікелей қолдауымен қолға алынған бұл жоспарды әзірлеп, оны жүзеге асыруда Түркістан облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің еңбегі зор. Қазір Түркістан қаласының барлық аумағында дерлік құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Инфрақұрылым жаңарып, жол төселіп, көше бойындағы арықтардан су аға бастады. Сәулеті көзді арбайтын ғимараттар бой көтерді. Жобаға сәйкес Түркістанда 170-тей жаңа нысан салу жоспарланған. Ірі 30-дан астам нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. Елбасы тапсырмасымен әрбір облыс пен ірі үш мегаполис Түркістанға бір-бір нысаннан тарту етіп жатыр. 2019 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталды. Олар: облыс әкімдігі ғимараты (Түркістан облысы), «Нұр Сұлтан» алаңы (Нұр-Сұлтан) қаласы, медиаорталық (Алматы қаласы), олимпиадалық резерв спорт мектебі (Солтүстік Қазақстан об­лысы), музыкалық мектеп (Батыс Қа­зақстан облысы), Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар), шығыс моншасы (Қызылорда), қабылдау орталығы (Жамбыл облысы), музыкалық субұрқақ (ШҚО), амфитеатр (Маңғыстау), неке сарайы (Қостанай) және «Түркістан» автовокзалы (жеке инвестор). Ал биыл Түркістанда 70 нысан пай­да­лануға беріледі деген жоспар бар. Нәти­жесінде 6 300 отбасы баспанамен қамта­масыз етіліп, 3 604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізілетін болады. 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық тұрғын үй құрылысы, 30 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 88 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бұл дегеніңіз – талай отбасы баспанамен қамтылады деген сөз. Түркістан облысындағы және қала­сындағы құрылыс барысын өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев тікелей қадағалап, тез салынуы жолында еңбек етіп жатыр. Әр­бір нысанды өзі аралап көріп, құрылыс­шылармен тілдесіп, ақылдасып іс атқаруда. Коронавирус індетінің таралуына қара­мастан санитарлық талаптарды сақтай отырып, ғимараттардың құрылысын тоқ­татпау жүктелген. Биыл өңірде аса маңызды нысандар пайдалануға беріледі. Халықаралық әуежай, драма театры, саябақ, Hampton by HiltonTurkestan, RIXOS, «Нұр Аспан» қонақүйлері, облыстық басқармалар ғимараты, аумақтық департаменттер үйі, конгресс орталығы, УЕФА талаптарына сай стадион, жабық бассейні бар спорт кешені, оқушылар сарайы, ғылыми-әмбебап кітапхана, ұлы дала елі орталығы, цифрлы кеңсе және өзге де нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мұның бәрі Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру бағытындағы нақты қадамдар десек болады.  

  Жасыл аймаққа айналу бағытындағы қадамдар

Түркістан – еліміздегі тұрғын саны көп өңірдің бірі. Демографиясы жоғары. Өзекті мәселелері де аз емес. Тек облыс орта­лығын ғана емес, тұтас облысты да­мыту бағытында да жүйелі жұмыс бар. Өткен жылдың қорытындысы туралы жұртшылыққа ақпар берілген. Сондықтан Түркістан облысының 2020 жылдың қаңтар мен сәуір айы аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Облыста 168,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,1 %-ды құрады. Тек Түркістан қаласына салынған ин­вестицияның өзі 160 млрд теңгеден асты. Түркістан облысының негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы. Бұл салада жалпы өнім көлемі 110,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Оның ішінде өсімдік шаруа­шылығы – 18,3 млрд теңгені (100,0%), мал шаруашылығы 90,8 млрд теңгені құрап отыр(102,8%). 71,1 мың тонна ет (тірідей салмақта), 221,1 мың тонна сүт, 65,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Түркістан облысы құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артты. Облыс әкімінің бастамасымен Түр­кістан қаласы маңында жасыл белдеу қалыптастыру және жаңбырлатып суғару тәсілін енгізу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. «Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа тех­нология қою керек. Сала үш бағытта дами­ды. Үлкен шаруашылық жасап не орта шаруа­шылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмауы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы. Бүгінде Түркістан облысында 2-3 га алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беріп жатыр. Жобаның тиімділігі сол 1 га жерден жылына 6-7 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруа­шылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асыруда облыста Сарыағаш, Түлкібас, Жетісай, Отырар, Келес аудан­дарында ілкімді іс бар. Түркістанды жасыл қалаға айнал­дыруды негізгі мақсаттың бірі деп баға­лайтын Өмірзақ Естайұлы ауыл шаруашылығындағы жаңа тәсілдерді енгі­зуге бастамашыл болып келеді. ­Шаруалармен кездесуінде өңір бас­шысы «Түркістанның айналасына каналдар қазылып, су келді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары көбейгені қуантады. Аптап ыстықта ыры­сын қара жерден іздеген шаруалар мез­­гілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді. Осылайша, біз қалада «Азық-түлік белдеуін» қалыптастырамыз. Жаппай жүргізілген «Жасыл белдеу» шаңды жел мен дауылдан қорғану үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалуда. Жасыл желекке бөленіп, қала­дағы ауаны тазартып, климатты жұм­сартады» деген болатын. Өңірде 141,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиіс­ті кезеңімен салыстырғанда 128,7%-ға ұлғайды. 2020 жылдың қаңтар мен наурыз айы аралығында Түркістан облысының сыртқы сауда айналымының көлемі 58,6 млн АҚШ долларына жетсе, оның ішінде экс­порт көлемі 42,1 млн АҚШ долларын құраған. Сәуірдегі көрсеткіш бойынша облыс халқының саны 2 022,7 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 1,5%-ға өсті. Бұл деректерді бекер қозғап отырған жоқпыз. Әрбір сан мен көрсеткіштің артында мыңдаған адамның маңдай тері мен еңбегі жатыр. Жалпы, тарих үшін екі жыл дегеніңіз өте қысқа уақыт болғанымен, Түркістан облысы осы уақытта үлкен белесті бағын­дырды. Аудан, қалаларды дамыту бойын­ша да жүйелі жұмыс, бағдарлама бар. Қиын­дықтар да көп кездесті. Былтыр Арыс қа­ласындағы жарылыстан кейін тұтас қала қайта салынды деуге болады. Биыл Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жою бойынша да өңір басшысы шұғыл шешім қабылдап, істі бақылауға ала білді. Өзбекстанға барып, су арнасын бұру туралы келісімге қол жеткізді. Қазіргі таңда Мақтааралдағы бес ауылдың тұрғындары үшін баспана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өңірде «Nur Otan» партиясы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, «Қамқорлық» бағдарламасын, «Біз біргеміз» акциясын жоғары деңгейде атқарып келеді. Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоры­ның шарапатын көргендер де аз емес. Облыстағы партия фракциясының мүшелері, мәслихат депутаттары және өзге де меценат азаматтар елге көмектесіп, жанашырлық танытты. 40 мыңнан астам отбасына азық-түлік беріліп, 17 мыңнан астам отбасына 50 мың теңгеден аударылды. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облысқа бірнеше рет жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өзекті мәселенің шешілуіне ұйытқы болды. Қысқасы, Түркістанда қайнаған еңбек, болашаққа деген сенім бар. ЮНЕСКО-ның өзі мойындаған киелі шаһар тұтас өңірді алға сүйрейтін күшке айналып, экономикаға оң серпін беретін күндер алыс емес. Қазір Түркістан өңірінің, Түркістан қаласының жаңа ғасырдағы жылнамасы жазылып жатыр. Жылнама жарқын істер­мен өрнектеле бергей!  

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары