Биылғы меже – 35 мың тонна қант
Биылғы меже – 35 мың тонна қант
213
оқылды
Облыста тәтті түбірді қайта өңдейтін екі бір­дей кәсіпорынның жұмыс істеуі­нің арқасында Жетісудың төл дақылдарының бірі – қант қызыл­­ша­сынан біртіндеп қол үзе бастаған диқандар да стра­тегиялық маңызы бар тех­ника­лық дақылға қайтадан ден қоя бастады. Соның нәти­жесінде биыл облыста қант қызыл­шасы алқаптарының аумағы 16 мың гектардан асып жығылды. Бір Ақсу ауданының өзінде тәтті түбір көлемі 3 167 гектарға жетті. Алдағы кезде сыйымдылығы 41 млн текшеметрлік «Қызыл­ағаш» су қоймасы іске қосылат­ын­­ын ескерсек, ке­лер жылдан бас­тап жалпы егістік, оның ішінде қызылша алқаптарының аумағы айтарлықтай артатыны анық. Қазіргі кезде «Ақсу» қант зауыты жаңа жұмыс маусымына жан-жақты дайындалып, бере­ке­лі болады деп үміттендіріп отыр­­ған  алдағы күзде іркіліссіз жұмыс істеуге негіз қалауда. Жұмыс­тар аяқталғаннан кей­­ін өндірістік қуаттылығы саға­­­тына 10 тонна бола­тын, «жом­ды» барынша сы­­ғымдап, орамал­айтын желіні іске қоспақ. Соның арқасында қалдықсыз өндіріске қол жеткіз­іледі.  Бір маусымда кәсіп­орын 300 мың тонна қант қызылшасын қайта өңдеуден өткізіп, 35 мың тона құмшекер алады. Облыс басшылығының ай­туынша, бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Көксу» қант зауытының қатарына қосылған «АқсуҚант» ЖШС кейінгі жылдары облыс­тың ішкі экономикасының қар­қын­ды түрде алға басуына оң ықпал еткен.   kisilsha «Мемлекет басшысы был­тыр экономиканың 4 пайыздық өсі­мін қамтамасыз етуді тапсыр­ған болатын. Біздің өңір бұл міндетті асыра орындады дей аламын. Аймақ­тық жиынтық өнімнің 3 млрд теңгеден асып, өсім 4,5 пайызды құрады. Осы жоғары жетістікте Асу ауданының да айтарлықтай үлесі бар екенін атап өткен жөн. Он жылға созыл­ған мәжбүрлі үзілістен кейін мемлекеттік қолдаудың, облыс әкім­дігі мен «Жетісу» ӘКК және инвесторлардың өзара бірлескен іс-қимылы арқасында  іске қосылған қант  зауытының да оң әсері мол. Кәсіпорынның жұмыс істеуі ауданның экономика­лық жағдайын жасартты. Біз сервистік-дайындау орталық­тарын құрып, қант қызылшасын субсидиялауды жолға қойдық, жақсы тұқым алып бердік, агро­тех­никалық шараларды тұрақты ұйымдастырдық. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Алдағы кезде де бұл бағыттағы қолдаулар жалға­сады», – дейді облыс әкімі. Қысқа мерзімде кәсіпорын аймақтағы «зәкірлі» қайта өң­деу өндірісіне айналғанын айрық­ша атап кеткен дұрыс. Зауытқа шикізатты Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарындағы қант қызылшасын өсіретін 200-ден астам ұсақ шаруашылық, осы бағытта жұмыс істейтін 17 сервистік-дайындау орталығы жеткізеді. Маусым кезінде сала­дағы жұмысшылар саны 500-600 адамға жетеді. Отандық қант өндірісі сала­сы тарихында мемлекет қолдау­ымен қирап жатқан жерінен қайта қалпына келген бірден-бір кәсіпорын – «Ақсу» қант зауыты. «АқсуҚант» ЖШС кәсіпорнының жұмысы жергі­л­­ікті аумақ пен жақында орна­ласқан аудандардың тірлігіне сер­пін берді. Болашақта құрамажем өндірісі жөніндегі желі мен ашыт­қы зауыты құрылысы есебінен кәсіпорын өндірісін барынша кеңейту жоспарланған. Серіктестікте өндірістік үрдіс­терді автоматтандыру және шикізаттық схеманы жүзеге ас­ыру бойынша жұмыстар жүргізу мүмкіндігі де бар. Егер ойға алған­дар орындалса, зауыттың жыл бойы жұмыс істеуіне қол жеткізіліп, аймақ тұрғындарын еңбекпен қамту мәселесі де шешімін табар еді.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы