Қойылым 1941-1945 жылдардағы тыл мен майдандағы жағдайды бірдей суреттейді. Кейіпкерлері жиынтық образ болғанымен, нақты деректер берілген. Аймақ үшін маңызы зор тарихи фактілер барынша қамтылған. Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылған қостанайлық Қасым Ахметов, ержүрек жауынгер, арнайы ротаның снайпері Сұлтан Еркімбаевтардың есімі алғаш рет театр сахнасынан айтылды. Олардың ерліктері ұзақ жыл бойы белгісіз болып келген еді. Сондай-ақ соғыс жылдары Қостанай облысына көшірілген зауыт-фабрикалар, майданға ұшақ жасатуға қаржы бөлген Қабаш Қозыбаев сияқты еңбек ерендері, осы топырақтан шыққан Кеңес Одағының батырлары туралы мәліметтер келтірілген. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің баласы Тұңғышбайға жазған «Дабылыңды қақ, балам!» толғауынан үзінділер алынған.
«1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері КСРО-ның батыс шекарасын бұзып кіргені белгілі. Сөйтіп, адамзат тарихындағы алапат қырғын басталды. Осынау датаға орай өткен қойылым аяқталғанда көрермендер орнынан тік тұрып, үздіксіз қол соғып қошемет көрсетті», – дейді А.Мауданов. Сонын айғағы болар меценат, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Өмірзақ Ихтиляпов сахнаға көтеріліп, көрермендер атынан артистерге алғысын білдірді. «Қойылым маған қатты әсер етті. Көңіл толқығанын жасырмаймын. Кейіпкерлері – өрімдей қыз-жігіттер. Кешегі ел басына күн туғанда осындай жастарымыз қолына қару алып, жан аямай жаумен күресті. Сұм соғыс салған зардапты ұмытуға тиіс емеспіз. Қойылым арқылы көрерменге терең ой салған автор мен режиссерге, жанын салып ойнаған артистерге ризашылығым шексіз. «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыратын – сіздер сияқты өнерпаздар. Театр – тәрбие ордасы. Сондықтан өнерлеріңізге құрмет ретінде ұжымға 1 миллион теңге аударуға шешім қабылдадым», – деді Өмірзақ Бекділдаұлы.
Спектакль ұрандатқан пафостан ада. Халықтың бейбіт өмірге құштарлығы, тартқан бейнеті, соңғы дәмін аузынан жырып берген рухани ерлігі, жеңіске қосқан жан-жақты үлесі, жауынгерлердің достығы бәрі-бәрі режиссерлік шешімдермен сәтті берілген. «Орындалатын әндер де асқан талғаммен таңдалды. Би, қимыл үйлесімі де мінсіз болды деуге болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Автор, хормейстер, хореограф, артистер, жалпы шығармашылық ұжымның да идеяларын елеусіз қалдырмадық. Соның нәтижесінде, спектакльдің кей тұстары сахна үстінде жазылды, яғни сәт сайын жаңа ұсыныстар туындап, жетілдіріліп отырды», – дейді спектакль авторы.
Реквиемде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасынан» бастап, соғыс жылдары туған әндер шырқалды. Халық басындағы трагедия музыкамен, этюд, қимылмен үйлесімді берілген.
Перизат САҒАНТАЙ