Солай. Дәл солай. Сексеннің сеңгір шыңына көтерілгенше небір от пен судан өткен адамның, жастайынан ауыл баласының ауыр еңбегімен, кейіннен мың градустық мартенмен шыныққан, бара-бара біресе заман тосқан, біресе қоғам тосқан, біресе адам тосқан сан түрлі сынақтарды көре-көре, қарлы Қаратаудай қаптаған қиындықтарды бірінен кейін бірін жеңе-жеңе осы биікке жеткен адамның мықты рухы, мықты денсаулығы мұндай-мұндайға бой бермейтінін білеміз.
Осындай күндерде Елбасының еліне еткен еңбегінің бірер қырын ғана еске алсақ та, мұның бәрі ең алдымен рухтың мықтылығынан екенін көреміз.
Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осыдан 35 жыл бұрын ғана республикамызға кадрлық эксперимент жасала алатын еді, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере салатын еді. Бағымызға қарай Тәуелсіздік келді. Ел басына елін сүйген ер келді. Тарихта жеке тұлғаның алар орны қомақтылығына көз жетті. Нұрсұлтан Назарбаев әлгіндей елдің етектегі басын төрге шығарып берді. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың санасын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипатын жаңартып берді. Елдің рухын көтерді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жылдардағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. Тыныштықты, татулықты сақтап қалды. Әлемде бұрын болып көрмеген саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елдің кемшілігі саналып келген көпэтностылықты елдің артықшылығына айналдырды. Ассамблея жайында көп жазған журналист ретінде, Парламентке Ассамблеядан сайланған депутат ретінде де, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі ретінде де біз мұны анық айта аламыз.
Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Н.Назарбаевтың басшылығымен біз алдымен үй болдық. Мемлекет құра алдық, ел болып тұра алдық, мығым мемлекет ретінде құралдық. Одан кейін би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнықты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы саясаты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретінде дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еуропаның 56 елінің басын біріктіретін ұйымға төрағалық еттік. Сол ұйымның 11 жылдан бері шақырылмай жүрген саммитін шақырып, өткізіп бердік. Одан кейінгі тағы бір ірі жетістігіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымыз. Қауіпсіздік Кеңесінде әлемнің ең беделді ұйымының ең беделді құрылымына төрағалық еттік.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев феномені Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан жерінде, жоспар мен нарықтың түйіскен тұсында, социализм мен капитализмнің ұштасқан жерінде, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп айтқаны бар. Дәл анықтама. Халқымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, жас күнінен көпұлтты ортада өскен, өзін өмір бойы қамшылап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдегі сирек саңлақ саясаткердің бірі. Н.Назарбаев ел басқарған тұстағы онымен қатарлас тұлғалардың ішінде ешқайсысы да екі мәдениеттің ықпалын бірдей сезінген жоқ, экономиканың бір-бірінен алшақ жатқан екі түрінде, от пен судай саналып келген екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде басшылық қызметте болған жоқ, ешқайсысы да ол көрген қоғамдық катаклизмдерді көрген жоқ, ешқайсысы да жаңарған мемлекетті өз қолымен құрып көрген жоқ, осындай биікке өзі жеткізіп көрген жоқ.
Тарихта жеке тұлға қандай орын алатынын біз елдің басты байтағының орнын таңдаудан да тани алдық. Астана ауыстыру идеясының жеке-дара авторы да, сол идеяны жүзеге асырушы да – Н.Назарбаев. Елбасы елорданы Арқа төріне алып келу арқылы геосаясатта да, экономикада да ерекше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа парағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анықталды. Елбасымыз осы шешімімен халқының рухын көтерді. Өзіне сенім арттырды. Мықты мемлекет құра алатынымызға көзімізді жеткізді. Қазаққа ежелден тән рух асқақтығы қайта оралды. Даланың кеңдігіне сай ой еркіндігі қайта келді. Астана ауыстыру Қазақстанның геосаяси ұстанымдарын орнықтыра түсті. Бас қаланы орталыққа жақындату арқылы елдің қауіпсіздігі күшейтілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың көмейіне біржола құм құйылды. Аса ірі жалпыұлттық мақсат ойдағыдай орындалды. Жаңа дәуір – Тәуелсіздік дәуірі біз үшін іс жүзінде жаңа елорда таңдаудан, Астана қаласын салудан басталды. Астана салынғанға дейінгі қазақ пен Астана салынғаннан кейінгі қазақтың айырмасы едәуір. Оған дейінгі қазақ кемінде кейінгі үш ғасыр бойында рухы жаншылған, еңсесі езілген қазақ, одан кейінгі қазақ бойын тіктеген, ойын бүкпеген, қолынан ірі істер келеріне еркін сенген, алдағы асуларға бекінген қазақ. Бұл арқылы Елбасымыз біздің бәріміздің ойымыздағыны болдырды. Ерке Есілдің бойына ел қондырды. Арқа төсін халқымызбен толтырды. Қазақ өз жеріне нықтап орнықты. Бір ғана осы еңбегінің өзі Назарбаевтың есімін елдік шежіренің төріне жаздырта алар еді.
Қазақтың дүниеге танымал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, құрметтейтін елге айналуы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылғанын біз де ұмытпаймыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Бере де бастады.
Н.Назарбаевтың биліктің биігінде тұрған шағында мемлекет тізгінін өз бастамасымен, өз қолымен өткізуі, ел басқарудың эстафетасын өзі баулып өсірген, ұзақ жылдар бойы сан түрлі биік лауазымды қызметтерде сыналған, шыңдалған, министрлікті де, Үкіметті де басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін жетіп, әлемге танылған, әбден сенімді адамға тапсыруы да болашақтағы саясаткерлер талай талдайтын терең мәнді қадам болды. Елбасының ерендігіне тағы бір даусыз дәлел – осы.
Ерен күрескер бұл сынақтан да сүрінбей шығады. Құдай қуат берсін!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты,
Қазақстан халқы Ассамблеясы
депутаттық тобының жетекшісі