Үмбетов үлгісі
Үмбетов үлгісі
250
оқылды
 Алла нәсіп еткен осынау белестен бұрылып, кейде өткен өмір соқпағыңа қарайсың. Сонда көзіңе кезінде өзіңмен ию-қию араласқан тағдыр соқпақтары түседі. Сол тарау-тарау тағдыр соқпақ­тары мына сен тұрған «70» деген белеске жеткенше сел­діреп қалыпты. Беу, дүние-ай, дейсің күрсініп. Бірақ сол балауса шақтан сенімен қатар келе жатқан құрбы-құр­дастарыңды көргенде, қабағың қайта ашылады. Баяғы ауыл қариялары еске түседі, қатарын көргенде қауқылдаса кететін. Сөйтсек, сол қариялардың мәз болатыны оларды қатарлары түсінгендей ешкім түсінбейді екен ғой! Бүгінде бір-бірімізді көргенде біздің де қауқылдаса кететін қата­рымыздың бірі – Серік Әбікенұлы. Тағдыр соқпағы деген де қызық. Соғыстан кейінгі жылдар біріміз – Жетісуда, біріміз сонау Әмудария жағасында жарық дүниеге келіп­піз. Бірақ жетпісінші жылдар ор­тасында тағдыр соқпағымыз Сарытауқұмда, Ақши ауылында тоғысыпты. Серік ол кезде зоове­теринарлық институтты сырттай оқып жүрген студент, біздің Т.Бокин совхозында бригадир. Ке­ліншегі Ермеккүл екеуі Жам­был ауданындағы Прудки ауылы­нан Ақшиге көшіп келді. Баспана іздеп жүріп біздің әкеміз Абаттың туған ағасы Абылай атамызға көрші үйден пәтер жалдады. Өрім­дей жас Серікке сопы атамыз Абылайдың ықыласы ауды. Оны өз баласындай көрді. Дереу мал сойып ауыл ақсақалдарын жинап: «Мына балаға батамызды бере­йік!» деді. Ауыл шалдары Абы­лай­дың жаңадан көшіп келген бұл балаға деген ықыласына қайран қалды. Қалай таңғалмасын, сырт­тай қарағанда Серіктің жүріс-тұ­рысында бір ерекшелік жоқ. Кә­дімгі қазақтың қара баласы. Со­н­да Абылай атамыз жұртты одан бетер таңғалдырып былай депті: – Бұл баланың басына бақ қонғалы тұр! Мына қонысы құтты болады. Ертең, осы үйінен көш­кенде бастық болып көшеді. Со­дан кейін ел басқарады. Осы об­лысты басқарады! Ақшиге шара­паты тиеді! – дейді. Жиналып отырған жұрт үй иесінің мына сәуегейлігіне сенер-сенбестерін білмейді. Серікке қа­рап отырып Абылай атамыз сөзін одан әрмен сабақтайды: – Балам, саған айтарым бар, сен араққа жолама! – дейді. Сонда Серік шыр ете түсіп: – Ойбай, ата-ау, арақты мен онсыз да татып алмаймын! – дейді. – Ендеше, екінші тілегім! Үлкендердің алдында келін бала басына орамал салып жүрсін! Ай­тарым осы, енді қолыңды жай! – дейді. Сопы атамыз Абылай құбы­лаға қаратып қос қолын жайып әуезді дауысын әндей созып Серікке бата береді. – Әумин! – деп, жиналған жұрт бет сипайды. Абылай атамызды «сопы» деп отырғанымыз ауылда жұрт оны осылай атайтын. Ол біздің көзі­мізбен қарағанда, сол кездегі Кеңес Одағының соңғы сопы­сын­дай көрінетін. Аузынан Алла­сы, қолынан тасфихы түспеген тақуа болды. Жаз болса шапаны делеңдеп: «Я, пірім, Қожа Ахмет!» деп, Түркістанға тартып бара жататын. Одан да әрі Бұхардағы Бахауатдинге тартып бара жата­тын. Осылайша, әулие-әмбие­лер­ді адақтап айлап жүріп ауылға жазды өткізіп бір-ақ қайтатын. Ақшиде Күрті ауданы ашылып ауылға Дінмұхамед Қонаев келді. Жол бойында түйе бағып жүрген шалды көріп Дінмұхамед Ахмет­ұлы көлікті тоқтатып, жаяу келіп ақсақалға сәлем береді. Түйе же­тектеген Абылай атамыз бен сон­дағы Д.Қонаевтың арқа-жарқа әңгі­мелесіп тұрған суреті сол жыл­ғы «Огонек» журналына да шықты. Абылай атамыздың айтқаны келді. Серік Әбікенұлы 1996 жы­лы Қазақстан президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Бұ кезде Абылай атамыз өмірден озған болатын. Бірақ Үмбетов әлі күнге шейін қандай үлкен қызметте жүрмесін, Ақшиге жолы түссе, алдымен ауыл сыртындағы зиратқа барып сол Абылай ата аруағына дұға оқиды.  

Ол Алматы облысын басқарып жүргенде бір ауылдың жастары жергілікті әкіммен тіл табыса алмады. Ауыл берекесі кетті. Әңгіме облыс орталығына жетті. Сонда облыс әкімі Үмбетов тосын шешім қабылдады. Ауыл әкімін орнынан алып, оның орнына әлгі әкімге бағынбай жүрген ауыл жастарының «атаманын» тағайындады. Сол-ақ екен ауыл тірлігі қалыпқа түсті.

  Алматы облысынан кейін Серік Әбікенұлы Жамбыл облы­сын басқарды. Одан кейін Алматы облысына қайта әкім болды. Әкім Үмбетов халқына жақын болды. Бағына орай Серік Үмбетовтің ат жалын тартып мінген жылдары Қазақстан тәуелсіздігіне тұспа-тұс келді. Қиынымен қызығы мол жылдар еді. Ең алдымен бодан­дық­тан еңсесі түсіп шыққан елдің рухын көтеру керек болды. Ұлтты ояту үшін оның тарихи жадын тірілтіп, санасын сілку керек болды. Тірлік жасаймын деген­дерге тәуелсіздік сондай мүмкін­діктер берді. Ұлттық тәрбие са­ласында аттары ұмытылуға ай­налған ұлы бабалар аруағын жаңғырту керек болды. Үмбетов сөйтті. Шаруашылықпен қатар, ұлтты ояту, ұйыстыру, аруақтарға ас беру, ескерткіштер орнату ша­раларын қатар жүргізді. Қарасай, Наурызбай, Саурық, Сұраншы тәрізді аруақтар ұрпағымен қайта қауышты. Ұлықталған аруақтар да қарап қалмады. Ұрпағын қолдады. Халық бойында бұққан даңғайыр қуатқа дем берді. Жігеріне жігер қосты. Өлгені тіріліп, өшкенін жанған жұрт Тәуелсіздікке тәу етті. Осы өлке үшін от кешкен ба­тыр, би, ақын ескерткіштері бі­рінен кейін бірі бой көтерді. Үмбетов тұсында Таразда талта­йып тұрған қызыл көсем Ленин тұғырынан түсті. Оның орнында Бәйдібек баба бой көтерді. Осы­лайша, Алматы, Жамбыл облыс­тарында ол әкім болған жылдары елудей ескерткіш бой көтерді. Елу рет ел еңсесі де көтерілді. Бүгінде, сол ескерткіштер алдына гүл шоқ­тарын қойып жатқан жастарды көреміз. Ұрпақ өзгенің емес өз тарихына тағзым ете бастағанын көреміз. Бұл Үмбетов бастаған ұлтжанды азаматтардың табан ет, маңдай терінің жемісі еді. Дәл солай. Үмбетов бастаған азамат­тар­дың көксегені осы еді. Жас буынды туған топырағына тәу ет­тіру еді. Туған топырағына тәу ет­кен ұрпақ ертең өз жоғын өзі жоқ­тамақ. Ел мен жерін қорғамақ, қасық қаны қалғанша. Дәл солай. Әлдеқандай күн туса, осы жастар жұдырықтай жұмылмақ. Шілдің қиындай шашырамақ емес. Бір бол­мақ, берік болмақ, өйткені олар тамырын туған топыраққа байлады. Ұлттық тәрбие – осы. Өзгеге табынбай, өзіңде барды бағалау. Бұл тәрбие сәл нәрседен баста­лады. Мысалы, дастарқан. Үмбе­тов үлгісі дастарқаннан басталады. Дастарқанның қазақы болуы, арамнан аулақ болуы шарт. Сонда ұрпағың да арамнан аулақ болмақ. Әкесі Әбікен, анасы Көкеннен қалған аманат. Сол аманатқа Се­рік бала жастан адал болды. Татып алмады. Бір күні бала жігіт Се­ріктің қолына, құрдастары қау-қаулап отырып, шарап толы бокалды ұстаттты. Енді не істейді? Бұл қатты қиналды. Қиналғанда, қысқан шеңгеліндегі сыра толы бокал шарт сынғаны! Құрдаста­рының көздері атыздай. Содан кейін олар Серікті «іш!» деп қинамайтын болды. Талай көрдік, Үмбетов отырған жерде дастар­қанға арақ жоламайды. Оның орнында қымыз, шұбат тұрады. Серік бұл тағамдардың пайдасы жөнінде дәріс оқып жұрттың басын қатырмайды. Бұл дәстүрлі тағамдардың бүгінде сырты жыл­тыр шетелдік сусындардан мың артық екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Шетел асып келіп жатқан сусындардың сұмдығын ғалымдар ашып жатыр. Шұбат, қымыз емес, сол шетелдік тағамдарға таңсық жастар арасында бүгінде белсіздік, бедеулік белең алды. «Әрбір бе­сінші қазақ – белсіз» дейді маман­дар. Бұл – ұлт тамырына у себілді деген сөз. Біз жар салған жарна­маларға сеніп, шетел сусынына жармасуды тоқтатпасақ, айдың-күннің аманында тұқымымыз тұз­дай құриды деген сөз. Міне, Үмбетов үлгісі осыны айтады. «Де­ні сау ұлт боламын десең, дастар­қаныңды түзе!» дейді. «Өз таға­мың­­ды өзің дайында!» дейді. «Сырт­тан келген арзанға сеніп, арам қатпа!!» дейді. «Өзгенің та­ға­мын жеп өмірем қаппа!» дейді. «Аз халқыңды аман сақта!» дейді. «Ұлт­тық қауіпсіздіктің үлкені – осы!» дейді. «Ал арақ арандатады!» дейді. «Аздырады!» дейді. «Има­ның­ды тоздырады! Жібегіңді бөз қылады!» дейді. Үмбетов үлгісінің айтары – осы. Өйткені халық қа­шанда көз алдындағы басшыға қарайды. Әсіресе, жастар. Бас­шы­ның тірлігіне қарайды. Сөзінен бұрын ісіне қарайды. Соған қарап бой түзейді немесе бой күзейді. Ел басқарудың Құдай алдында да, ха­лық алдында да қиындығы осында. Ол Алматы облысын басқарып жүргенде бір ауылдың жастары жергілікті әкіммен тіл табыса ал­мады. Ауыл берекесі кетті. Әңгіме облыс орталығына жетті. Сонда облыс әкімі Үмбетов тосын ше­шім қабылдады. Ауыл әкімін ор­ны­нан алып, оның орнына әлгі әкімге бағынбай жүрген ауыл ­жас­тарының «атаманын» таға­йын­­дады. Сол-ақ екен ауыл тірлігі қалыпқа түсті. Серік Үмбетов Ал­маты облысын басқарып жүр­генде әйгілі Қызылағаш оқиғасы болды. Түгел бір ауылды су басып кетті. Айдың-күннің аманында мал-мүлік, баспанасынан айы­рылған ауыл халқы ашу-ызасын кімнен аларын білмей у да шу болып жатыр. Үмбетов солардың ортасында жүр. Ауыл әкімін ашын­ған жұрт түтіп жеуге бар. Әсі­ресе, әкімді сынауда бір жас келіншек алдына жан салар емес. Суырылып шыға берді, сұңқылдай берді. «Өйту керек еді! Бүйту ке­рек еді!» деп. Жұрт сол келіншектің сөзіне бас шұлғи берді. Бұрқ-сарқ қайнаған халықты сабырға ша­қырып отырған облыс әкімі Үмбе­тов шұғыл шешім қабыл­дады. Әлгі суырылып шығып сұңқылдай берген келіншектің өзін ауыл әкімі етіп тағайындады. Қысталаң сәтте асығыс шешім болды ма деп еді, бірақ бұның қателеспегенін өмір көрсетті. Әлгі әкім келіншек жұртты ұршықша үйіріп қираған Қызылағашты қалыпқа келтіруге халықты жұ­мылдыра білді. Бүгінде Мәжіліс депутаты, көрнекті мемлекет қай­раткері Серік Әбікенұлы Алматы облысын жиі аралайды. Қайда бар­са да, халқы оны өз перзен­тін­дей құшақ жая қарсы алады. Депутат Үмбетов халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды. Естіген­дерін әкім інілерінің құлағына салады. Мәселе шешімін табады. Әр мәселенің артында адам тұр ғой! Адамның алғысы тұр. Оның бала жастан тілеген арман-тілегі де осы, адамдардан алғыс алу болды. Өмірінде содан ол алғысты көп алыпты. Үмбетовті Үмбетов еткен де сол болар, халық алғысы болар дейміз.  

Смағұл ЕЛУБАЕВ