Алла нәсіп еткен осынау белестен бұрылып, кейде өткен өмір соқпағыңа қарайсың. Сонда көзіңе кезінде өзіңмен ию-қию араласқан тағдыр соқпақтары түседі. Сол тарау-тарау тағдыр соқпақтары мына сен тұрған «70» деген белеске жеткенше селдіреп қалыпты. Беу, дүние-ай, дейсің күрсініп. Бірақ сол балауса шақтан сенімен қатар келе жатқан құрбы-құрдастарыңды көргенде, қабағың қайта ашылады. Баяғы ауыл қариялары еске түседі, қатарын көргенде қауқылдаса кететін. Сөйтсек, сол қариялардың мәз болатыны оларды қатарлары түсінгендей ешкім түсінбейді екен ғой! Бүгінде бір-бірімізді көргенде біздің де қауқылдаса кететін қатарымыздың бірі – Серік Әбікенұлы. Тағдыр соқпағы деген де қызық. Соғыстан кейінгі жылдар біріміз – Жетісуда, біріміз сонау Әмудария жағасында жарық дүниеге келіппіз. Бірақ жетпісінші жылдар ортасында тағдыр соқпағымыз Сарытауқұмда, Ақши ауылында тоғысыпты. Серік ол кезде зооветеринарлық институтты сырттай оқып жүрген студент, біздің Т.Бокин совхозында бригадир. Келіншегі Ермеккүл екеуі Жамбыл ауданындағы Прудки ауылынан Ақшиге көшіп келді. Баспана іздеп жүріп біздің әкеміз Абаттың туған ағасы Абылай атамызға көрші үйден пәтер жалдады. Өрімдей жас Серікке сопы атамыз Абылайдың ықыласы ауды. Оны өз баласындай көрді. Дереу мал сойып ауыл ақсақалдарын жинап: «Мына балаға батамызды берейік!» деді. Ауыл шалдары Абылайдың жаңадан көшіп келген бұл балаға деген ықыласына қайран қалды. Қалай таңғалмасын, сырттай қарағанда Серіктің жүріс-тұрысында бір ерекшелік жоқ. Кәдімгі қазақтың қара баласы. Сонда Абылай атамыз жұртты одан бетер таңғалдырып былай депті: – Бұл баланың басына бақ қонғалы тұр! Мына қонысы құтты болады. Ертең, осы үйінен көшкенде бастық болып көшеді. Содан кейін ел басқарады. Осы облысты басқарады! Ақшиге шарапаты тиеді! – дейді. Жиналып отырған жұрт үй иесінің мына сәуегейлігіне сенер-сенбестерін білмейді. Серікке қарап отырып Абылай атамыз сөзін одан әрмен сабақтайды: – Балам, саған айтарым бар, сен араққа жолама! – дейді. Сонда Серік шыр ете түсіп: – Ойбай, ата-ау, арақты мен онсыз да татып алмаймын! – дейді. – Ендеше, екінші тілегім! Үлкендердің алдында келін бала басына орамал салып жүрсін! Айтарым осы, енді қолыңды жай! – дейді. Сопы атамыз Абылай құбылаға қаратып қос қолын жайып әуезді дауысын әндей созып Серікке бата береді. – Әумин! – деп, жиналған жұрт бет сипайды. Абылай атамызды «сопы» деп отырғанымыз ауылда жұрт оны осылай атайтын. Ол біздің көзімізбен қарағанда, сол кездегі Кеңес Одағының соңғы сопысындай көрінетін. Аузынан Алласы, қолынан тасфихы түспеген тақуа болды. Жаз болса шапаны делеңдеп: «Я, пірім, Қожа Ахмет!» деп, Түркістанға тартып бара жататын. Одан да әрі Бұхардағы Бахауатдинге тартып бара жататын. Осылайша, әулие-әмбиелерді адақтап айлап жүріп ауылға жазды өткізіп бір-ақ қайтатын. Ақшиде Күрті ауданы ашылып ауылға Дінмұхамед Қонаев келді. Жол бойында түйе бағып жүрген шалды көріп Дінмұхамед Ахметұлы көлікті тоқтатып, жаяу келіп ақсақалға сәлем береді. Түйе жетектеген Абылай атамыз бен сондағы Д.Қонаевтың арқа-жарқа әңгімелесіп тұрған суреті сол жылғы «Огонек» журналына да шықты. Абылай атамыздың айтқаны келді. Серік Әбікенұлы 1996 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Бұ кезде Абылай атамыз өмірден озған болатын. Бірақ Үмбетов әлі күнге шейін қандай үлкен қызметте жүрмесін, Ақшиге жолы түссе, алдымен ауыл сыртындағы зиратқа барып сол Абылай ата аруағына дұға оқиды.
Алматы облысынан кейін Серік Әбікенұлы Жамбыл облысын басқарды. Одан кейін Алматы облысына қайта әкім болды. Әкім Үмбетов халқына жақын болды. Бағына орай Серік Үмбетовтің ат жалын тартып мінген жылдары Қазақстан тәуелсіздігіне тұспа-тұс келді. Қиынымен қызығы мол жылдар еді. Ең алдымен бодандықтан еңсесі түсіп шыққан елдің рухын көтеру керек болды. Ұлтты ояту үшін оның тарихи жадын тірілтіп, санасын сілку керек болды. Тірлік жасаймын дегендерге тәуелсіздік сондай мүмкіндіктер берді. Ұлттық тәрбие саласында аттары ұмытылуға айналған ұлы бабалар аруағын жаңғырту керек болды. Үмбетов сөйтті. Шаруашылықпен қатар, ұлтты ояту, ұйыстыру, аруақтарға ас беру, ескерткіштер орнату шараларын қатар жүргізді. Қарасай, Наурызбай, Саурық, Сұраншы тәрізді аруақтар ұрпағымен қайта қауышты. Ұлықталған аруақтар да қарап қалмады. Ұрпағын қолдады. Халық бойында бұққан даңғайыр қуатқа дем берді. Жігеріне жігер қосты. Өлгені тіріліп, өшкенін жанған жұрт Тәуелсіздікке тәу етті. Осы өлке үшін от кешкен батыр, би, ақын ескерткіштері бірінен кейін бірі бой көтерді. Үмбетов тұсында Таразда талтайып тұрған қызыл көсем Ленин тұғырынан түсті. Оның орнында Бәйдібек баба бой көтерді. Осылайша, Алматы, Жамбыл облыстарында ол әкім болған жылдары елудей ескерткіш бой көтерді. Елу рет ел еңсесі де көтерілді. Бүгінде, сол ескерткіштер алдына гүл шоқтарын қойып жатқан жастарды көреміз. Ұрпақ өзгенің емес өз тарихына тағзым ете бастағанын көреміз. Бұл Үмбетов бастаған ұлтжанды азаматтардың табан ет, маңдай терінің жемісі еді. Дәл солай. Үмбетов бастаған азаматтардың көксегені осы еді. Жас буынды туған топырағына тәу еттіру еді. Туған топырағына тәу еткен ұрпақ ертең өз жоғын өзі жоқтамақ. Ел мен жерін қорғамақ, қасық қаны қалғанша. Дәл солай. Әлдеқандай күн туса, осы жастар жұдырықтай жұмылмақ. Шілдің қиындай шашырамақ емес. Бір болмақ, берік болмақ, өйткені олар тамырын туған топыраққа байлады. Ұлттық тәрбие – осы. Өзгеге табынбай, өзіңде барды бағалау. Бұл тәрбие сәл нәрседен басталады. Мысалы, дастарқан. Үмбетов үлгісі дастарқаннан басталады. Дастарқанның қазақы болуы, арамнан аулақ болуы шарт. Сонда ұрпағың да арамнан аулақ болмақ. Әкесі Әбікен, анасы Көкеннен қалған аманат. Сол аманатқа Серік бала жастан адал болды. Татып алмады. Бір күні бала жігіт Серіктің қолына, құрдастары қау-қаулап отырып, шарап толы бокалды ұстаттты. Енді не істейді? Бұл қатты қиналды. Қиналғанда, қысқан шеңгеліндегі сыра толы бокал шарт сынғаны! Құрдастарының көздері атыздай. Содан кейін олар Серікті «іш!» деп қинамайтын болды. Талай көрдік, Үмбетов отырған жерде дастарқанға арақ жоламайды. Оның орнында қымыз, шұбат тұрады. Серік бұл тағамдардың пайдасы жөнінде дәріс оқып жұрттың басын қатырмайды. Бұл дәстүрлі тағамдардың бүгінде сырты жылтыр шетелдік сусындардан мың артық екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Шетел асып келіп жатқан сусындардың сұмдығын ғалымдар ашып жатыр. Шұбат, қымыз емес, сол шетелдік тағамдарға таңсық жастар арасында бүгінде белсіздік, бедеулік белең алды. «Әрбір бесінші қазақ – белсіз» дейді мамандар. Бұл – ұлт тамырына у себілді деген сөз. Біз жар салған жарнамаларға сеніп, шетел сусынына жармасуды тоқтатпасақ, айдың-күннің аманында тұқымымыз тұздай құриды деген сөз. Міне, Үмбетов үлгісі осыны айтады. «Дені сау ұлт боламын десең, дастарқаныңды түзе!» дейді. «Өз тағамыңды өзің дайында!» дейді. «Сырттан келген арзанға сеніп, арам қатпа!!» дейді. «Өзгенің тағамын жеп өмірем қаппа!» дейді. «Аз халқыңды аман сақта!» дейді. «Ұлттық қауіпсіздіктің үлкені – осы!» дейді. «Ал арақ арандатады!» дейді. «Аздырады!» дейді. «Иманыңды тоздырады! Жібегіңді бөз қылады!» дейді. Үмбетов үлгісінің айтары – осы. Өйткені халық қашанда көз алдындағы басшыға қарайды. Әсіресе, жастар. Басшының тірлігіне қарайды. Сөзінен бұрын ісіне қарайды. Соған қарап бой түзейді немесе бой күзейді. Ел басқарудың Құдай алдында да, халық алдында да қиындығы осында. Ол Алматы облысын басқарып жүргенде бір ауылдың жастары жергілікті әкіммен тіл табыса алмады. Ауыл берекесі кетті. Әңгіме облыс орталығына жетті. Сонда облыс әкімі Үмбетов тосын шешім қабылдады. Ауыл әкімін орнынан алып, оның орнына әлгі әкімге бағынбай жүрген ауыл жастарының «атаманын» тағайындады. Сол-ақ екен ауыл тірлігі қалыпқа түсті. Серік Үмбетов Алматы облысын басқарып жүргенде әйгілі Қызылағаш оқиғасы болды. Түгел бір ауылды су басып кетті. Айдың-күннің аманында мал-мүлік, баспанасынан айырылған ауыл халқы ашу-ызасын кімнен аларын білмей у да шу болып жатыр. Үмбетов солардың ортасында жүр. Ауыл әкімін ашынған жұрт түтіп жеуге бар. Әсіресе, әкімді сынауда бір жас келіншек алдына жан салар емес. Суырылып шыға берді, сұңқылдай берді. «Өйту керек еді! Бүйту керек еді!» деп. Жұрт сол келіншектің сөзіне бас шұлғи берді. Бұрқ-сарқ қайнаған халықты сабырға шақырып отырған облыс әкімі Үмбетов шұғыл шешім қабылдады. Әлгі суырылып шығып сұңқылдай берген келіншектің өзін ауыл әкімі етіп тағайындады. Қысталаң сәтте асығыс шешім болды ма деп еді, бірақ бұның қателеспегенін өмір көрсетті. Әлгі әкім келіншек жұртты ұршықша үйіріп қираған Қызылағашты қалыпқа келтіруге халықты жұмылдыра білді. Бүгінде Мәжіліс депутаты, көрнекті мемлекет қайраткері Серік Әбікенұлы Алматы облысын жиі аралайды. Қайда барса да, халқы оны өз перзентіндей құшақ жая қарсы алады. Депутат Үмбетов халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды. Естігендерін әкім інілерінің құлағына салады. Мәселе шешімін табады. Әр мәселенің артында адам тұр ғой! Адамның алғысы тұр. Оның бала жастан тілеген арман-тілегі де осы, адамдардан алғыс алу болды. Өмірінде содан ол алғысты көп алыпты. Үмбетовті Үмбетов еткен де сол болар, халық алғысы болар дейміз.Ол Алматы облысын басқарып жүргенде бір ауылдың жастары жергілікті әкіммен тіл табыса алмады. Ауыл берекесі кетті. Әңгіме облыс орталығына жетті. Сонда облыс әкімі Үмбетов тосын шешім қабылдады. Ауыл әкімін орнынан алып, оның орнына әлгі әкімге бағынбай жүрген ауыл жастарының «атаманын» тағайындады. Сол-ақ екен ауыл тірлігі қалыпқа түсті.
Смағұл ЕЛУБАЕВ