АҚШ өкілдері Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысын қолдап, Қазақстан – Америка қарым-қатынасының барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді. АҚШ Мемлекеттік департаментінде Б.Атамқұлов Елбасы Н.Назарбаев және Қазақстан Президенті
Қ.Тоқаевтың АҚШ-тың алдағы 243-ші Тәуелсіздік күніне орай Ақ үй басшысы Д.Трампқа жолдаған құттықтау хаттарын табыс етіп, Президент АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Ал америкалық тарап Президент Қ.Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құру бағдарламасына қолдау көрсетіп, белгіленген реформаларды жүзеге асыруға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. Тараптар жаһандық экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-инвестициялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін тілге тиек етті. 2018 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы үш есе өсті, ал америкалық инвестиция ағыны екі есе ұлғайды.
Ақ үйдегі кездесуде Дж.Болтон АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке мән беретінін атап өтті. Тараптар қолдағы уағдаластықтар мен жоспарларды сапалы имплементациялауды жалғастыру ниетін растады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша нақты пікір алмасты. Бұл ретте, Дж.Болтон мен М.Помпео стратегиялық әріптестікті одан ары арттыруға бейім екенін растады. Тараптар екі мемлекеттің халықаралық терроризмге қарсы күрес, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бірлескен күш-жігерін, басқа да халықаралық мәселелерді талқылады.
Америкалық тарап қазақстандық «Жусан» операциясын жоғары бағалады. Мемлекеттік хатшы М.Помпео ҚР-ның іс-қимылдарын әлемнің басқа мемлекеттері үшін үлгі деп атады. Қазақстан мен АҚШ қайтып келген азаматтарды қайта әлеуметтендіруде ынтымақтастықты жалғастырады.
Кездесуде, сондай-ақ Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері арасындағы С5+1 өңірлік тұғырнамасын одан ары дамытудың маңызына назар аударылды.