Неге бұлай?
Неге бұлай?
534
оқылды

Елімізде күн сайын жемқорлыққа қа­тысты жағымсыз хабар естіледі. Біреу ұсталады, біреу қамалады, біреу үйқа­мақ­қа алынады. Нұр-Сұлтанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департамент директоры таяуда «Ғылым қоры» акционерлік қауымдастық төра­ғасы сыбайлас жемқорлық бойынша кү­дікке ілінгенін хабарлады. «Ғылым қо­ры» АҚ басқарма төрағасы ғылыми жо­баларды қаржыландыру және жалпы қамқорлық туралы мәселені оң шешкені үшін ЖОО ректорынан 5 мың доллар кө­лемінде пара алды деген күдікке ілі­ніп­ті.

Жақында ғана Ұлттық бірыңғай тес­тілеу науқаны өтті. Еліміздің әр өңірінде ҰБТ комиссиясы үшін аста-төк дастарқан ұйымдастырылғаны туралы да Анти­корруп­циялық қызмет өкілдері хабарл­а­ды. Білім және ғылым министрлігі жаны­нан құрылған комиссия мүшелері Алма­тыдағы Халықаралық бизнес универ­ситетіне барады. Олар ҰБТ науқаны ке­зінде ойын-сауық мекемелерінде ішімдік ішіп, бейәдеп қылық танытқан көрінеді. Қа­зір қызметтік тексеру жүріп жатыр екен.

Үлкендердің тіршілігі осындай бол­ғанда, жастарымыздың жағдайы тіптен жетісіп тұрған жоқ. Қазақстан бойынша жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 10 қыз түсік жасатыпты. Ел көлемінде жал­пы кәмелетке толмағандардан 200-ге жуық жас қыз аборт жасатқан. Денсаулық сақтау министрлігі ең көп аборт жасат­қан­дар қатарында қарағандылық және ақтөбелік қыздардың бар екенін хабар­лапты.

Он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдір­шіндерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны ма сонда? Кәмелетке толмаған қыздардың түсік жасату көр­сеткіші бойынша Қазақстан   дүние­жүзінде алғашқы ондыққа еніп отыр.

Жемқорлыққа қарсы күресті кү­шейткен сайын араны ашылғандар да көбейіп барады. Қанағатпен, шүкірмен өмір сүрудің орнына асап қалу, мемлекет мүлкін қарпып қалу, тендерден жеп қалу секілді тойымсыз пиғыл жаппай өрістеп тұр. Сондағы тұтылғандардың ішкі уәжі «анау да жеп жатыр, мен де жейін» дегенге келіп саяды.

Ал «Қара қызға – қырық үйден, сары қызға – сексен үйден тыйым» деген тәр­бие тұтқасын мықтап ұстаған халқымыз бұл күнде бей-берекет тіршілік жасап жатыр. Не үйде, не түзде тыйым көрмеген жеткін­шектер ойына не келсе, соны жасайтын болды. Отбасы құндылықтары ойран болған қоғамда қайбір жақсылық болушы еді, біз де тап сол күйді кешіп отырмыз.

Неге бұлай? Неге елдіктен кетіп барамыз? Осы бетпен кете берсек, не табамыз?