Әдетте жалақыны кешіктіру, қызметкерлер құқын бұзу, олардың арыз-шағымын елемеу сияқты әлеуметтік шиеленістер кәсіподақ ұйымы жоқ еңбек ұжымында туындайды. Ал кәсіподақ ұйымы бар ұжымда олардың басшылары тарапынан еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды сақтау, зейнетақы қорына тиісті төлемді уақытында аудару, қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер ұсыну, қолайлы еңбек жағдайын жасау жолға қойылған.
Батыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде 1 542 ұжымдық шарт тіркелген. Бұл – қызмет атқаратын шаруашылық субъектілері санының 24 пайызы. Ұжымдық шартпен 130 мыңнан астам адам қамтылған немесе барлық қызметкердің 55,6 пайызы (Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша мекемелер мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны – 234 442 адам).
Облыс кәсіподақтары ұжымдық шарттың санын арттыру бағытындағы жұмыспен қатар, аталған құжаттың сапасын жақсарту, оған әлеуметтік бағыт беру, жұмысшы кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне, тараптардың ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударамыз. Мәселен, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 2019-2021 жылға арналған Ұжымдық шарты 2019 жылдың қаңтарынан қолданысқа енді. Ұжымдық шарт қолданыста болған әлеуметтік пакетті және қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту бағытында жетілдіріліп қабылданды. Ұжымдық шартқа сәйкес, әр жыл сайын 1 қаңтардан бастап барлық жұмысшының жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізу шарты алдағы мерзімге де сақталды, қосымша жалпы индекстеуден бөлек барлық жұмысшының жалақысын 2019 жылы – 2,0%, 2020 жылы – 1,0%, 2021 жылы 0,5% ұлғайту, жұмысқа қабылдау кезінде жалақы деңгейін 170 000 теңгеден төмен емес деңгейде белгілеу де осы ұжымдық шарттың еңбек адамының жағдайын жақсартуда жылдар бойына жасалып отырған оң үрдістердің жалғасы деуге болады.
Ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі ұжымдық шарттың болуы десек, қателеспейміз, осы тұрғыда облыстағы ірі стратегиялық нысандардың ішіндегі әрқайсы құрамына 1 000-ға жуық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлерін біріктіретін жергілікті кәсіподақтар «ЖайықЖылуҚуат» жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы және Орал қаласы бойынша Су арнасының жергілікті кәсіподағы биыл 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық шартты қабылдады. Аталған кәсіподақ ұйымдары да ұжымдық шарттарында қамтылған қолданыстағы қызметкерлерінің мүддесі үшін жасалған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді сақтап қоймай, жақсартып, жетілдіріп келеді. Оған дәлел ретінде ұжымдық шарт бойынша жылдар бойы сақталып келе жатқан қызметтік көліктің ұсынылуы, яғни қызметкерлер таңмен үйінен жұмыс орнына, ал жұмыстан соң үйіне жеткізілуі, қызметкерлерге ыңғайлы болуы үшін жеңілдетілген бағаға өндірістік асхана ұйымдастырылуы, жыл сайын емдік жәрдемақы төлемі, қызметкерлердің балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру аясында қалалық жазғы демалыс лагерьлеріне жолдаманың 70% және республикалық жазғы демалыс лагерьлеріне 50% төлемі сияқты шаралар ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылыққа септігін тигізіп отыр.
Соған қарамастан, ұжымдық шартта жұмысшылар мүддесін ескермеу деректері де бар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясы облыста жасалған ұжымдық шарттарға мониторинг жүргізді. Мониторингке ұсынылған 189 ұжымдық шарттың 51-і қызметкерлер жағдайын нашарлататын баптарға байланысты кері қайтарылған. Өйткені жалақы төлеу күні Еңбек кодексінде белгіленген күннен кейін қойылған. Штат қысқартылған уақытта еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге жазбаша ескерту беру мерзімі өте аз қойылған. Жұмысшыларға (қызметкерлерге) лауазымдық нұсқаулықта көрсетілмеген міндеттерді жүктеуге жұмыс беруге құқық берілген. Кәсіподақ мүшесі емес жұмысшының (қызметкердің) жалақысынан кәсіподақ шотына 1 (бір) % ұстауға рұқсат етілген. Әсіресе, соңғы екі жағдай облыстағы білім беру ұйымдары ұсынған ұжымдық шартта жиі кездесетіні алаңдатады.
Әрине, ұжымдық шарттың сапасын арттыруда оң үдерістер де кездеседі. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады. Ал қызметкерлердің еңбек құқын бұзу, еңбек жағдайын жасауда кемшілікке ұрыну, еңбек қатынасында заңсыздыққа жол беру сияқты кері үдерістің қалыптасуы кәсіподақ ұйымы жоқ ұжымдарда белең алып отыр. Кәсіподақ ұйымы мен ұжымдық шарты жоқ ондай ұйымдарда әлеуметтік тұрақсыздық, кадр тапшылығы, өндіріс өнімділігі төмендеуі қоғамдағы тұрақсыздықты тудырады.
Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, әр ұжым кәсіподақ ұйымын құруға мүдделі болуы қажет, ал кәсіподақ ұйымы тұрақтылықтың кепілі ретінде ұжымдық шарттың жасалуына бастамашы болсын.
Амангелді ТАСПИХОВ,
БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы