– Жаңа әліпби, жаңа емле, жаңа жазу – жалпы реформаның жай-күйі қалай болып жатыр?
– Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіруді отандық тілтанушыларымыз «жалпыхалықтық реформа» деп атап жүр. Расымен, жазу өмірімізді реттейтін, тіпті болашағымызды да айқындап отыратын қызметті иеленуде. Сондықтан жазуға жасалған өзгеріс бүкіл қоғамға, оның санасына жасалған өзгеріспен бірдей. Енді осы реформаның барысы қандай? Алғашқы нәтиже алатын уақыт болып та қалды емес пе? Осындайда «нәтиже бар ма?» деген сұрақтар туады. Алдымен соған жауап берейік.
Латындандыруға қатысты барлық шаралар Үкіметтің 2018 жылдың 13 наурызында бекіткен Қазақ жазуын қадам-қадаммен жаңа әліпбиге көшіру жоспарына сәйкес жүргізіліп келеді. 2018 жылы Жаңа емле ережелерін әзірлеу, оны сынамадан өткізу, қалың жұртшылыққа насихаттау, соңында мақұлдау жоспарланған еді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, емле ережелерінің жобасын әзірлеп берді. Ол ереже ғылымға табан тірейді, бірақ ол ғалымдарға ғана арналған ғылыми құжат емес. Ол – қазақтілді этномәдени қауымдастыққа ортақ қоғамдық құжат. Себебі, емле жазуға қатысты, ал жазу – халықтың күнделікті өмірімен қоса, керек десеңіз, тарихи өмірін де жасайтын, жүйелейтін, тәжірибесін сақтап, ұрпаққа жеткізетін құрал. Сондықтан мұндай жалпыхалықтық маңызы бар құжатты ғалымдар қазіргі қазақтілді жазарманның тілдік санасына лайықтап жасауды да көздеді. Сонымен бірге, осы жазу арқылы қалыптасатын «латынша» жазатын болашақта ұрпақтың да мұқтажын болжап, ескеруді естен шығармады деп айта аламын. Осындай күрделі мәселені тек бір ғылыми орталықтың күшімен шешу мүмкін емес, осы себепті, Тіл комитеті жанындағы Тілдерді үйлестіру орталығы «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық» болып кеңейтіліп қайта құрылды. Былтыр орталық 3 мыңға жуық жазып-сызатын қазақтілді қауымнан жаңа емле жобасын сауалнамалар арқылы сынамадан өткізді, 21 400-ден астам азаматтардың алдына еліміздің танымал ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, дәрістер, семинарлар арқылы емле жобасын жұртшылыққа көзбе-көз түсіндіріп шықты. 12 000 адамға таратпа материал үлестірілді, 350 000 адам радиохабарларымыздан, 1 365 000 адам әлеуметтік желі, 505 714 адам орталықтың интернет ресурстарынан, 425 950 өңірлік БАҚ-тан, 654 000 телеарналардан біз жариялаған материалдар арқылы жаңа әліпби мен емле туралы ақпарат алды. Сөйтіп, былтыр тұңғыш жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылып, 1 644 775 азамат қолына қалам алып, жаңа әліпбимен жазды. Сонда орталық барлығы 5 млн-дай азаматымызды қатыстыра отырып, осы жазу реформасы туралы насихат жұмысын атқарған екен. Биыл да бұл іс белсенді түрде жалғасын тауып отыр.
Осы шаралар жемісін беріп, өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың желтоқсанында «Егемен Қазақстан» газетінде мақұлданған емле жобасы жарияланды. Ендігі кезекте 2020 жылы қазақ мектебіне баратын бүлдіршіннің оқулығы латын әліпбиінде сауатты басылып шығуы үшін қажеттің бәрін жасауымыз керек. Сонымен бірге, тек білім беру ғана емес, заң шығару, сот ісі, қаржы қызметі, мәдениет саласы мен ақпарат құралдарындағы – қоғамдық өмірдің барлық саласындағы тілдік кеңістікті латын әліпбиіндегі жазуға көшіруге қажетті инфрақұрылымды жасау, яғни кеңтаралымды ортологиялық құралдарды, кирилшеден латыншаға автоматты түрде ауыстыратын қолжетімді IT қосымшаларды, латынәліпбилі қазақ пернетақтасын әзірлеп, тарату; реформаның идеологиялық базасын қалыптастырып, қолдап отыру, яғни жаңа әліпбидің, жаңа жазудың, сол сияқты латынша сауатты жазатын тұлғаның әлеуметтік беделін арттыру арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс мәдениетін жақсарту шараларын жүргізу; жаңа жазудың практикалық базасын жасақтау, яғни жұрттың жаңа емлемен жазу сауатын ашу, қолдағдысын қалыптастыруға арналған оқыту курстарын, дәрістер, олардың оқу-әдістемелік құралдары мен семинарлар, қала берді БАҚ беттеріндегі түсіндіру, үйрету бұрыштарын, латын әліпбиінде көркем, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді басып шығару, тренерлер әзірлеу ісі жалғаса береді. 2024 жылы қазақ азаматтардың төлқұжаттары латын әліпбиімен жазылып ауыстырылады, ал 2025 жылы тіліміздің графикалық кеңістігі түгелдей латыншаға көшірілуі керек.
– «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы немен айналысады? Алға қандай міндеттер қойды?
– «Тіл-қазына» орталығы – тіл саясатын жүзеге асырушы басты мекемелердің бірі. Ол қоғамдағы мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, мәдениетін жақсарту бойынша жүйелі шараларды іске асырып отыр, латын графикалы әліпбиді енгізудің ғылыми-практикалық мәселелерімен де айналысып келеді. Осы мақсатта орталықта ғылыми кеңес құрылды. Емле ережелерін жетілдіру үшін ғалымдарымызға теориялық зерттеу нәтижелері қаншалықты маңызды болса, қоғамдық санадағы жаңа жазуға қатысты үміттер және латынмен жазуға кедергі келтіретін, не болмаса керісінше, оны жылдам үйренуге септігін тигізетін стереотиптер туралы практикалық білім де соншалықты маңызды. Міне, осындай практикалық мәні зор білімдерді, ұсыныс-пікірлерді жинақтау, сынамалар, сауалнама, сараптамалар өткізу ісімен біздің орталық айналысып келеді. Бұл істерді орталық Үкімет жанындағы латынға көшіру ұлттық комиссиясының орфографиялық жұмыс тобының жұмысын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырып отыр. Орталықтағы «Орфография басқармасы» осы бағытта жұмыс атқарып отыр.
Ал біздегі «Әдістеме басқармасы» биыл мақұлданған емле ережелері негізінде ересек азаматтарды оқыту міндетін орындауда. Бүгінгі күнге дейін жыл басынан бері 300-дей азаматқа латын әліпбиі мен емле ережелері бойынша 72 сағаттық білім жетілдіру курсының сертификаты тапсырылды. Бұл курстан өткен қазақ тілінің мамандары жаңа жазудың қыр-сырына өз мекемелеріндегі әріптестерін оқыта алады. Курстың өңірлерге арналған 12 сағаттық жеделдетілген нұсқасы да аймақтардағы жаңа жазуды игеруге деген мұқтаждықты өтейді. Осы күнге дейін «Тіл-қазына» орталығының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірінде білім жетілдіру курстары өтіп, 800-ден астам азаматқа сертификат берілді.
Орталық терминологиялық жүйені, ономастикалық кеңістігімізді жаңа жазумен реттеу жұмыстарын да ұйымдастырып отыр. Осы міндетті сәтті орындау үшін терминдерді стандарттау бойынша жауапты органдардың жұмысын үйлестіру аса маңызды. Жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы терминологиялық топ жетекшілігі Білім және ғылым министрлігіне берілген, ал терминологиялық комиссия жұмысын Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады. Бұл тұста осы екі жұмыс та бір министрліктің құзырында болса, терминнің мәселесін шешу оңай болар еді.
«Тіл-қазына» орталығында жастар көп. Олар орталықтың заманауи жобаларын жүзеге асыруға күш жұмылдырып отыр. Латыннегізді қазақ әліпбиінің емле ережелерін көпшілікке таныстырып, меңгертуде жаңа технологиялардың маңызы зор. Былтыр республикалық «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекшілігімен латын әліпбиін меңгертуге аса қажетті бірнеше IT жоба әзірленіп жұртшылық игілігіне берілді. Солардың бірі әрі маңыздысы – Qazlatun.kz ұлттық порталы. Атауы айтып тұрғандай, бұл ұлттық порталдан қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы туралы барлық деректі таба аласыздар. Ең қажеттісі Qazlatun көпфункционалды конвертері, ол электронды мәтінді кирилден латынға, төте жазуға және керісінше аудару қызметін ұсынады.
Латын әліпбиімен танысқысы келетін балақайлар үшін «IQdos» мультфильмі мен «Durys sóıleıik» анимациялық ролигі, сонымен бірге, 3D графикасымен жасалған толықметражды «Селтең сері» анимациялық фильмі әзірленді. Ақпараттық-жарнамалық, танымдық, түсіндірмелі бағытта 30-дан астам бейнематериал түсірілді. Олар «Қазақстан», «Хабар», «Еларна» республикалық телеарналарынан көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ Youtube, Tilalemi арналарында да орналастырылды.
Қарапайым деңгейдегі мемлекеттік тілді және латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің әліпбиі мен жаңа емле ережесін таныстыру, үйрену, жазу және оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған веб-сервис – Tilqural.kz порталы жасалады. Мемлекеттік тілге арналған веб және IT инфрақұрылым бойынша Sozdikqor.kz әзірленді. Ол – әртүрлі сала сөздері мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне, кірме, жаңа сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. «Сөздікқор» порталының іздеу жүйесі арқылы сөз мағынасының түсіндірмесін, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркес немесе сөйлем құрамындағы қолданысын көруге болады. Оның iOs, Android үшін мобильді қосымшалары мен telеgram-бот қосымшасы әзірленген.
– Емле ережелері мақұлданды деп айттыңыз. Мақұлданғаннан кейін заңдық күшіне енді ме? Емлеге қатысты пікір, ұсыныс көп. Сонда ереже тағы түзетіле ме?
– Мақұлданған соң, емле ережелерін бекіту керек. Онсыз бұл құжаттың реттеушілік мәртебесі болмайды. Ал мұндай мәртебе аса қажет. Әліпби ауыстырған елдердің тәжірибесінде оны жоғары мемлекеттік орган бекітеді. Бізге де осы тәжірибе тиімді болар еді. Асылында, мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғаны, жаңа әліпбиіміздің мәртебесі сонда бекітілгені дұрыс болар еді. Бұл жаппай сауатты жазу-сызудың тез қалыптасуына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, бүгінге дейін мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мен мәдениетін арттыруда қордаланып қалған барлық мәселенің мықты шешімі болар еді.
– Жазушы көзқарасымен алғанда, болашақта латын әліпбиінің ұтымды тұсы не болмақ?
– Небәрі 28 төл дыбыстан тұратын сөзімізді 42 әріппен жазып жүр едік, енді 32 әріппен жазамыз, жазушының уақыты 10 әріпке үнемделетін болды. Шын мәнінде, жаңа әліпбимен жаңарған жазу рухымызды жаңғыртады дегенге сенемін. Қазір тілімізге күніне бәленбай ұғым мен заттың атауы шет тілінен еніп жатыр. Оларды аударғанын аударып, баламасы барын төл сөзімізбен атап жатырмыз, ал жұртшылық сол күйі аудармай қабылдап жатқаны қаншама?! Бұларды кирилше орыс емлесімен жазамыз, орысша жазған соң, орысша айтамыз. Бүгінгі халық орысшаға судай, бөкебай (пуховой), болыскей (польский), жәшік (ящик), берен (французский), бөрене (бревно), әтбекет (адвокат) деп кезінде қазақшалағандай, қазіргі шеттілдік сөздерді кирилмен игеріп, мәселен, әлбөм, көмпүтер, әкүмүләтір, кәлкүләтір, ведіміс, ведімістік деп жазсақ, орысшаға әбден үйреніп қалған соң, қабылдаудың өзі қиын. Ал латынмен игеріп жазғанда тұрқы álbom, kompúter, akúmúlátir, kálkúlatir, vedimis, vedimistik боп көзге жеңіл, көңілге қонымды бола кетеді. Әрі бұлардың дыбысталуы да қазақша болады. Сондай деймін-ау, гәп қаріпте екен! Латынмен қазақшаланған сөз қарсылық тудырмайды. Міне, латыннан ұтатынымыз көп болса, соның ұлт болашағы үшін ең негізгісі де, пайдалысы да осы, ол – барлық сөзді қазақ мәтінінде қазақшалап жазу! Ал қазақша жазып-сызған ұрпақтың ұлттық тілде ойлау жүйесі жаңғырады, өз тілінің қорынан жаңа ұғым, түсінікке атау іздеу әрекеті жанданады, өзінше ойлап, дүниені өзінше таныған қоғам ғана құл болып кетпейді. Оны біз тарихтан жақсы білеміз.
– Латынмен жазған ұрпақ қазіргі кирилмен жазған ұрпақтан қалай ерекшеленеді?
– Келесі жылы мектепке барған бала латын әліпбиімен жазып-сызады. Бұл ұрпақ латынжазулы сананың иесі болады. Себебі, ол қоғам өміріне белсене араласатын жасқа келгенде, айналамызда тек латынша графикалық кеңістік қалыптасып үлгереді. Ағылшын тілін білетіндер саны артады, ағылшын мен қазақтың әліпбиі бірдей болған соң, осы тілдегі кеңістік өкілдері қазақ жазуын түсінбесе де оқи алады, керісінше, қазақша жазып-сыза білетін бала, түсінбесе де, ағылшын тіліндегі ақпаратты оқи алатын болады. Орыстан келген сөздердің легін игеріп жүрген қазақ тіліне, енді ағылшыннан келген сөздерді игеруге тура келеді. Ал әлемдік тілден келетін ақпарат легі орыс тілінен келетін ақпараттан әлдеқайда қарқынды, әлденеше рет ауқымды. Сондықтан болашақ ұрпақ атадан мұра болған тілімізді сақтау үшін біздің ұрпақ шешкеннен де күрделі мәселелерді шешеді. Ол – ағылшын тілі арқылы келген әсерді ұлттық тілде игеру. Дегенмен қазір ұлттық жазудың негізін қалыптастырып берсек, болашақта тіл саламаттығын сақтауда туындайтын кез келген мәселені шешу оңай болады.
Әңгімелескен
Айна ХАСАН