Ортақ өзенді қалай бөлеміз?
Ортақ өзенді қалай бөлеміз?
431
оқылды
Елімізде оқыс оқиғаларды тез ұмытатын жаман әдет бар. Келесі бір төтенше жағдай болмайынша, алдын алу шараларын қабылдауға асықпайды. Мақтааралды су ба­сып, жергілікті халықтың баспанасыз қалуы – соның айғағы шығар. Себебі бұған дейін трансшекаралық өзендердің мәртебесін анықтау, көршілермен тиімді пайдалану мә­селесі талай көтерілді. Әрине, өзеннің бастауындағы ағайы­н­дар көрпені өзіне тартып, судың қызығын көбірек көр­гісі келеді. Алайда Үкімет халық мүддесін қорғау үшін де Үкімет болып отыр емес пе? Ертіс. Араздасқан Кеңес Ода­ғы мен Қытай ұзақ жылдар бойы байланысын үзген соң өзен­дерді бірлесіп пайдалану се­кілді мәселе өз уақытында толық ше­шіл­мей қалған. Сол үшін Қазақ­стан егемен ел атанған соң бұл мәселені өзі  қол­ға алды. Себебі Қазақстан мен Қытай арасында ше­караны кесіп өтетін 25 өзен бар. 1990-жылдары жаппай им­миграция барысында елімізде бұл салаға маманданған дипло­мат­тар, гидрологтер жетіспей жат­ты. Бірақ осыған қарамай 2001 жылы қос тараптың үкіметі транс­шекаралық өзендерді пай­да­лану туралы келісім жасасты. Бұл әжептәуір жетістік болатын. Өйткені келешекте өзен суын бөлу­де келіссөз жүргізуге негіз бо­латын құжат пайда болды. Бі­рақ Ертіс пен Іле мәселесі әлі толық шешілмеді. Оған ең алды­мен Қазақстан тарапы алаңдай­ды. Неге? Біріншіден, Ертіс пен Іле өзендерінің 70% суы Қытай территориясынан бастау алады. Екіншіден, өзендер Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтетіндіктен, жыл сайын Іле мен Ертіс өзендерінің суын пайдалану мөлшері артып келеді. Қытай үкіметі аталған аймақта хань ұлтының үлесін ұлғайтып, өңірдің экономикасын дамыту жоспарын іске асырып жатыр. Әрине, бұл үлкен көлем­дегі су мөлшерін талап етеді. Үшіншіден, 23 млн халық тұратын автономиялық ауданнан өзенге түсетін қалдық аз емес, ол су құрамын бұзады, әсіресе мұнай өнімдері. Оның зардабын Ертістің бел ортасындағы Қазақстан мен сағасындағы Ресей көреді. Бұл факторлар келіссөздерде Қазақстанның жағдайын о бастан әлсіз етуі мүмкін. Келесі өткір мәселе – Ертіс пен Іле суының азаюы. Кейбір деректер Қытай бұл қос өзеннің 40%-ға жуық суын өз шаруа­шылығына қолданады дейді. Соңғы жылдары су пайдалану 5 есеге өскен көрінеді. Қытай тарапы Ертіс суын Қара Ертіс – Қарамай (ені 22 метр, ұзындығы 300 шақырым), Ертіс – Үрімші каналдары арқылы бұрады. Егер жағдай өзгермесе, онда келешекте Қазақстанға келетін су көлемі күрт азайып, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларының түбі көрініп, Ертіс бойындағы ГЭС-тер энергия өндіруін ХХІ ғасыр ортасына қарай 50%-ға азайтуы мүмкін. Ал Ертіс суына Семей мен Павлодар, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалалары қарап отырғанын ескерсек, онда су мөлшерінің жоғары деңгейде сақталуы Қазақстан үшін аса маңызды. Іле. Жетісу «артериясының» келешегі күмәнді. Оның тек 30% суы Қазақстаннан бастау алады. Бүгіннің өзінде Қытай Іленің бойында 13 су қоймасын құрып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатып үлгеріпті. Экологтар егер Қытай Іленің суын тағы 10 пайызға кемітсе, онда Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін дейді. 2014 жылы алғашқы фактілер тіркелді. Іле өзенінің Қапшағай су қоймасына дейінгі бойында ағыс секундына 778 текше метр болады деп күтілген, алайда ол 184 текше метрге дейін төмендеп кетті. Әрине, оның себептері көп. Соның бірі Қытай тарапының шекара маңында егістік көлемін арттыруы. Мәселен, 2004-2014 жылдар арасында ол 700 мың гектардан 1,3 млн гектарға өскен. 2020 жылы тағы қанша еселенгені белгісіз. Мұздықтардың еруі де жағдайды қиындатуда. Былтыр geopoliticalmonitor.com сайтында осы мәселеге арналған Glacier Watch: China-Kazakhstan Water Conflict and the Lake Balkhash Basin (Мұздықты бақылау: Қытай-Қазақстан су қақтығысы және Балқаш көлінің бассейні) ма­қаласы жарияланды. Онда алдағы 20 жылда су деңгейі мұздық­тардың еруінен 10 пайызға кемитіні жа­зылған. Сырттай қарасақ, Қытай транс­шекаралық өзендерді біржақты қисапсыз пайдаланып жатқандай. Себебі Қытай БҰҰ-ның өзен­дерді пайдалануға қатысты кон­венцияларына қосылмай, транс­шекаралық суларды қолданып келеді. Мысалы, тағы да Қытай­дан бастау алып, Үндістан, Пә­кістан, Мьянма, Лаосқа ағатын Меконг, Брахмапутра секілді өзендердің бойында көрші ел­дерді ескертпей, бірнеше ГЭС, тоғандар салып тастаған. Бірақ сол елдермен салыстырса, бұл салада Қазақстан дипломатиясы біраз жемісті. 2001-2019 жылдар аралығында ортақ комиссия 17 рет кездесті, сарапшылар то­бын құрды, гидробекеттерден ақпарат алмасу, Қорғас, Сүмбе өзендерінің бойындағы құрылыс жөнінде келісім жасалды. Яғни, халықаралық келісімдерге қосыл­маған Қытаймен трансшекаралық өзендер мәселесі тек осылай бір­­неше жылға созылатын ұзақ келіссөздердің нәтижесінде ғана шешілуі мүмкін. Өйткені Қытайға ықпал етер Қазақстанның не экономикалық, не саяси тетігі жоқ.   osen Жалпы, мәселені басқалай шешудің жолдары да айтылған. Мәселен, Іленің суын көбейт­сеңдер, азық-түлікті арзан бағада жеткізейік деген ұсыныс Қазақстан тарапынан жасалынған, алайда оған көне қоятын Қытай бар ма? Ертіс Ресейдегі Объ өзеніне құяды. Сол үшін Қазақстан келіссөздерге Мәскеу өкілдерін үшінші тарап ретінде шақырып, өз позициясын нығайтқысы келген, бірақ Бейжің шенеуніктері оған тағы да келісімін бермей қойған. Сырдария. Мақтааралды су басуы, оған дейін Сардоба су қоймасының келісімсіз салынуы, жыл сайын кейбір қырғыз-өзбек-тәжік ауылдарының су бастауы үшін қақтығысып қалуы – мұның бәрі Орталық Азияда трансшекаралық өзен мен судың қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. 2000 жыл­дардың ортасында аталған мәселенің ушыққаны сонша, егер мемлекеттер консенсусқа келмесе, келешекте суға талас қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Ара-тұра су үшін шекара бойында оқ та атылып жатты. Сырдария мен Әмудария суының тиімсіз қолданылуы Арал теңізінің трагедиясына әкеліп соқты. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды және оған кейінірек Тәжікстан да қосылды. Алайда бұл құжат Орталық Азиядағы ше­караларды кесіп өтетін сулардың мәселесін шешпеді. Нақтырақ айтса, құжат тармақтары толық орындалмады. Оған қоса, Рогун ГЭС-і күрмеуі қиын түйткілге айналды. Тәжікстан өзін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын көршілеріне сату үшін Вахш өзенінің бойына Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш Әмударияға құяды. Егер су бастауына ГЭС салынса, онда Өзбекстанға су аз жетіп, оның мақталы аймақтары құрғап қалуы мүмкін еді. Сол үшін Ислам Каримов тұсында Өзбекстан бұл энергиястансаның құрылысына қатты қарсы болды. Екі ел арасындағы осы қарсылық аймақтағы трансшекаралық өзендерді бірлесіп шешу процесін тежеді. Алайда билікке келген Шавхат Мирзиёев көршімен тіл табысу үшін құрылысқа қарсылық білдірмеді. Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу оңай емес. Сырдың бас­тауы Қырғыз жерінде қалып­тасады, Тәжікстан мен Өзбек­стан аумақтары арқылы өте оты­рып, Қазақстанға келеді. Тау аумағынан келетін судың сапасы төмен қарай аққан кезде күрт нашарлайды, оның құрамында гербицидтер, пестицидтер, ми­нералды тыңайтқыштар көп. Яғни, көрші елдердің егін алқа­бында қолданатын химиялық заттары. Оған қоса, Қазақстан Сырдың етегінде жайғасқан соң бірде Қырғыз елінің, бірде Өзбекстанның шешіміне тәуелді болды. Мәселен, жаздың суармалы маусымында кейде өзбек үкіметі Сырдарияның суын қысып, Түркістан облысындағы жүздеген гектар жерді құрғатып, шаруаларды шығынға батыратын. Ал қыс айларында Қырғыз жеріндегі Тоқтағұл су қоймасында жиналған судың жартысын төмен ағызатын. Сырдың сағасы Шымкент пен Қызылорда аймағы болғандықтан, ол су еріген мұзбен қоса талай рет сол өңірдегі ауылдарды шайып кетті. 2008 жылғы сел 3 мың үйді басып қалды, шығын 130 млн долларды құрады. Осыдан соң Қазақстан үкіметі оңтүстікте Көксарай су қоймасын соғуға шешім қабылдады. Ол артық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін салынды. Алайда кей кездері Шардара мен Көксарай су қоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз болады. Яғни, Өзбекстанмен жаңа су келісімі қажет. Сардобасы жа­рылған көрші айыпты. Айыбын олигарх Усмановтың 5 млн дол­ларымен жуып-шайғысы келді. Қазақстан Үкіметі бұл болмашы ақшаға алданбас деген үміт мол. Өзбекстанның кінәлі позициясын пайдаланып, жаңа су шартын жасасатын сәт туып тұр. Шу мен Талас. 2000 жылы Қа­зақстан мен Қырғыз Республикасы Шу мен Талас өзендерін пайдалану туралы келісімге келді. Өзендер негізінен теңдей бөлінген. Құжат бойынша, қырғыз жеріндегі қос өзен суын реттеп отыратын канал, қойма, тоғандарды ұстау, жөндеу жұмыстарының біраз шығынын Қазақстан төлейді, бұл әлемдік практикада бар жайт. Соңғы кезде осы мақсатқа бөлінетін 70 млн тең­гені қырғыз тарапы азсынып жүр. Таластың 80% суы қырғыз жерінде бастау алады, Қазақстанда Жамбыл облысының жерімен өтеді. Облыстың қажеттілігі – жы­лына 3 млрд текше метр су. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Талас және Шу өзен­дері бойынша Қырғыз Республи­касымен пәлендей пікір қайшы­лығы жоқ дейді. Жалпы, бұл келі­сім­ді Бішкектегі билікке С.Жээнбековтің келуімен байла­ныстыруға болатын шығар. Себебі осыған дейін 2010 жылы қырғыз еліндегі Киров су қоймасы жарылып, Таразды сел алмақ деген сыбыс көне шаһардың тұр­ғындарын біраз әбігерге сал­ған еді. Дегенмен екі жақты ойлан­дыратыны қазір басқа мәселе. Болжам бойынша, ХХI ғасырдың ортасына қарай Шу өзенінің суы 25%-ға, Таластың суы 40%-ға азайып кетуі мүмкін. Себебі бастау­дағы мұздықтар жаһандық жылыну процесінің әсерінен еріп жатыр. Әлемдік практика. Дүние­жүзінде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат жа­салған және бұл салада суды бірлесе отырып пайдаланудың оң тәжірибесі бар. Мәселен, Еуропада 10 елді басып өтетін Ду­най бойынша келісім 1948 жылы жасалды. Осы және өзге де құжаттарда өзендерге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолдану, өзенге зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөледі деген секілді қағидалар жазылған. Рейн өзенін қолдану бойынша да оның бойындағы елдер үнемі кез­десіп отырады. Олар суды қалай бөлу деген сұрақтан әрі жыл­жып, Рейннің тазалығын қалай қам­тамасыз етеміз деген мәселеге келген. Осы мақсатта өзен бойында Швейцариядан Солтүстік теңізге дейін 9 станса салынды. Олар су сапасын үнемі жариялап отырады. Үлгі аларлық тәжірибе тек дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де бар. Кезінде Эфиопия Ніл өзенінің бойында су бөгенін салмақ болады. Ніл сағасында жатқан Мысырға бұл бастама ұнамайды. Бұларға Судан қосылып, үш та­рап аталған сұрақтың шешімін таба алмаған. Батыс елдері, ха­лықаралық ұйымдар араша түсіп, көмектесуге тырысады. Алайда соңында бәрібір үш елдің өкілдері су мен энергияны әділ бөлудің жолын өздері табады. АҚШ пен Канада қос елдің арасындағы бірнеше өзенді әділ пайдаланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Яғни, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, трансшекаралық өзен мәселесін шешуде әмбебап әдіс жоқ, алайда келесідей ұстаным­дар бар. Келісім біржақты қабыл­дан­бауы тиіс, құжатта судың бойын­да жатқан барлық елдің мүд­десі ескерілуі қажет. Керек кезде дауды шешуге халықаралық ұйымдар да үлесін қосуы мүмкін. Су дипломатиясы халықаралық құқыққа негізделгенде ғана сәтті болады.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА