Жалпы, мәселені басқалай шешудің жолдары да айтылған. Мәселен, Іленің суын көбейтсеңдер, азық-түлікті арзан бағада жеткізейік деген ұсыныс Қазақстан тарапынан жасалынған, алайда оған көне қоятын Қытай бар ма? Ертіс Ресейдегі Объ өзеніне құяды. Сол үшін Қазақстан келіссөздерге Мәскеу өкілдерін үшінші тарап ретінде шақырып, өз позициясын нығайтқысы келген, бірақ Бейжің шенеуніктері оған тағы да келісімін бермей қойған.
Сырдария. Мақтааралды су басуы, оған дейін Сардоба су қоймасының келісімсіз салынуы, жыл сайын кейбір қырғыз-өзбек-тәжік ауылдарының су бастауы үшін қақтығысып қалуы – мұның бәрі Орталық Азияда трансшекаралық өзен мен судың қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. 2000 жылдардың ортасында аталған мәселенің ушыққаны сонша, егер мемлекеттер консенсусқа келмесе, келешекте суға талас қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Ара-тұра су үшін шекара бойында оқ та атылып жатты. Сырдария мен Әмудария суының тиімсіз қолданылуы Арал теңізінің трагедиясына әкеліп соқты. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды және оған кейінірек Тәжікстан да қосылды. Алайда бұл құжат Орталық Азиядағы шекараларды кесіп өтетін сулардың мәселесін шешпеді. Нақтырақ айтса, құжат тармақтары толық орындалмады. Оған қоса, Рогун ГЭС-і күрмеуі қиын түйткілге айналды. Тәжікстан өзін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын көршілеріне сату үшін Вахш өзенінің бойына Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш Әмударияға құяды. Егер су бастауына ГЭС салынса, онда Өзбекстанға су аз жетіп, оның мақталы аймақтары құрғап қалуы мүмкін еді. Сол үшін Ислам Каримов тұсында Өзбекстан бұл энергиястансаның құрылысына қатты қарсы болды. Екі ел арасындағы осы қарсылық аймақтағы трансшекаралық өзендерді бірлесіп шешу процесін тежеді. Алайда билікке келген Шавхат Мирзиёев көршімен тіл табысу үшін құрылысқа қарсылық білдірмеді.
Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу оңай емес. Сырдың бастауы Қырғыз жерінде қалыптасады, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы өте отырып, Қазақстанға келеді. Тау аумағынан келетін судың сапасы төмен қарай аққан кезде күрт нашарлайды, оның құрамында гербицидтер, пестицидтер, минералды тыңайтқыштар көп. Яғни, көрші елдердің егін алқабында қолданатын химиялық заттары. Оған қоса, Қазақстан Сырдың етегінде жайғасқан соң бірде Қырғыз елінің, бірде Өзбекстанның шешіміне тәуелді болды. Мәселен, жаздың суармалы маусымында кейде өзбек үкіметі Сырдарияның суын қысып, Түркістан облысындағы жүздеген гектар жерді құрғатып, шаруаларды шығынға батыратын. Ал қыс айларында Қырғыз жеріндегі Тоқтағұл су қоймасында жиналған судың жартысын төмен ағызатын. Сырдың сағасы Шымкент пен Қызылорда аймағы болғандықтан, ол су еріген мұзбен қоса талай рет сол өңірдегі ауылдарды шайып кетті. 2008 жылғы сел 3 мың үйді басып қалды, шығын 130 млн долларды құрады. Осыдан соң Қазақстан үкіметі оңтүстікте Көксарай су қоймасын соғуға шешім қабылдады. Ол артық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін салынды. Алайда кей кездері Шардара мен Көксарай су қоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз болады.
Яғни, Өзбекстанмен жаңа су келісімі қажет. Сардобасы жарылған көрші айыпты. Айыбын олигарх Усмановтың 5 млн долларымен жуып-шайғысы келді. Қазақстан Үкіметі бұл болмашы ақшаға алданбас деген үміт мол. Өзбекстанның кінәлі позициясын пайдаланып, жаңа су шартын жасасатын сәт туып тұр.
Шу мен Талас. 2000 жылы Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Шу мен Талас өзендерін пайдалану туралы келісімге келді. Өзендер негізінен теңдей бөлінген. Құжат бойынша, қырғыз жеріндегі қос өзен суын реттеп отыратын канал, қойма, тоғандарды ұстау, жөндеу жұмыстарының біраз шығынын Қазақстан төлейді, бұл әлемдік практикада бар жайт. Соңғы кезде осы мақсатқа бөлінетін 70 млн теңгені қырғыз тарапы азсынып жүр.
Таластың 80% суы қырғыз жерінде бастау алады, Қазақстанда Жамбыл облысының жерімен өтеді. Облыстың қажеттілігі – жылына 3 млрд текше метр су. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Талас және Шу өзендері бойынша Қырғыз Республикасымен пәлендей пікір қайшылығы жоқ дейді. Жалпы, бұл келісімді Бішкектегі билікке С.Жээнбековтің келуімен байланыстыруға болатын шығар. Себебі осыған дейін 2010 жылы қырғыз еліндегі Киров су қоймасы жарылып, Таразды сел алмақ деген сыбыс көне шаһардың тұрғындарын біраз әбігерге салған еді. Дегенмен екі жақты ойландыратыны қазір басқа мәселе. Болжам бойынша, ХХI ғасырдың ортасына қарай Шу өзенінің суы 25%-ға, Таластың суы 40%-ға азайып кетуі мүмкін. Себебі бастаудағы мұздықтар жаһандық жылыну процесінің әсерінен еріп жатыр.
Әлемдік практика. Дүниежүзінде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат жасалған және бұл салада суды бірлесе отырып пайдаланудың оң тәжірибесі бар. Мәселен, Еуропада 10 елді басып өтетін Дунай бойынша келісім 1948 жылы жасалды. Осы және өзге де құжаттарда өзендерге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолдану, өзенге зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөледі деген секілді қағидалар жазылған. Рейн өзенін қолдану бойынша да оның бойындағы елдер үнемі кездесіп отырады. Олар суды қалай бөлу деген сұрақтан әрі жылжып, Рейннің тазалығын қалай қамтамасыз етеміз деген мәселеге келген. Осы мақсатта өзен бойында Швейцариядан Солтүстік теңізге дейін 9 станса салынды. Олар су сапасын үнемі жариялап отырады. Үлгі аларлық тәжірибе тек дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де бар. Кезінде Эфиопия Ніл өзенінің бойында су бөгенін салмақ болады. Ніл сағасында жатқан Мысырға бұл бастама ұнамайды. Бұларға Судан қосылып, үш тарап аталған сұрақтың шешімін таба алмаған. Батыс елдері, халықаралық ұйымдар араша түсіп, көмектесуге тырысады. Алайда соңында бәрібір үш елдің өкілдері су мен энергияны әділ бөлудің жолын өздері табады. АҚШ пен Канада қос елдің арасындағы бірнеше өзенді әділ пайдаланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Яғни, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, трансшекаралық өзен мәселесін шешуде әмбебап әдіс жоқ, алайда келесідей ұстанымдар бар. Келісім біржақты қабылданбауы тиіс, құжатта судың бойында жатқан барлық елдің мүддесі ескерілуі қажет. Керек кезде дауды шешуге халықаралық ұйымдар да үлесін қосуы мүмкін. Су дипломатиясы халықаралық құқыққа негізделгенде ғана сәтті болады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА