Алдағы тамыз айына дейін елімізде Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы аясында 2025 жылға дейінгі cтратегиялық жоспардың жаңа редакциясы әзірленеді. Бұл құжат еліміздің экономикалық бағдарының негізгі бағыттарын анықтайды. Осы орайда, экономиканы әрі қарай дамытуға қатысты ұсыныс жасап жүрген экономист Бауыржан Исабековті сөзге тарттық. – Бауыржан Нарзуллаұлы, ел экономикасына құрылымдық өзгеріс керек екенін жиі айтып жүрсіз. Бұл ұсынысыңызды Мемлекет басшысына да жолдадыңыз. Сіздің ұсынысыңыздың ерекшелігі неде? – Менің көптен бері көтеріп келе жатқан мәселем: бүгінгі таңда кешіктірмей қолға алатын жұмысымыз – экономикалық өсімді көбейту емес, экономикалық дамуды қамтамасыз ету болуы керек. Себебі біз экономиканы әрі қарай мұнайға тәуелді етіп қоймауымыз керек. Иә, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда шикізат секторларының (мұнай-газ, тау-кен және ауыл шаруашылығы) өсуіне байланысты экономикалық өсім оң нәтиже көрсетті. Алайда қатыгез нарықтық орта өнеркәсіп әртараптандырылмай, экономикамыз әлжуаз күйінде қалып қоятынын көрсетті. Өйткені шикізат бағасы сыртқы факторлардың ықпалынан тұрақсыз болып, бірнеше рет дағдарысты циклға душар болды. Сондықтан елімізде экономикалық даму болмаса, ұлттық консолидация, экономикалық қауіпсіздік және лайықты өмір сүруге қол жеткізе алмаймыз. Қазақстанның экономикалық моделіндегі сөзсіз өзгерісті талап ететін негізгі фактор – «мұнай дәуірінің» аяқталуы. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан бастап ОПЕК елдері мұнайдың әлемдік бағасына әсер етіп келеді. Алайда қазіргі уақытта ОПЕК-тің мұнайға жоғары бағаны картельдік тұрғыдан белгілеу кезеңі аяқталып келеді. Картель бағаларын жоғары деңгейде ұстау АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірушілер ғылым мен техниканың соңғы жетістігін тиімді пайдаланып жатыр. Ал біз мұнай өнімінің өзіндік құнын бәсекеге қабілетті ете алмай отырмыз. Мұнай бағасын төмендетудің бірінші кезеңі – 2014 жылы, екінші кезең 2020 жылы басталды. Тақтатас мұнай өндіру технологиясы, баламалы энергияның дамуы және электромобильге көшу – «мұнай дәуірінің» аяқталу процесінің негізгі себебі. Бұл Қазақстан неғұрлым тезірек мұнай өнімдерінсіз өмір сүруді үйренсе, соғұрлым жақсы болады дегенді білдіреді. Экономикада құрылымдық өзгерістерді қолға алу қажет дегенімнің басты себебі – осы. – Экономикада құрылымдық өзгеріс жасауға ұзақ уақыт қажет болмай ма және ол өзгеріс неден басталуы керек деп ойлайсыз? – Мұнай бағасының қалыпты төмендеуі мұнай саласының дәуірі аяқталғанын, яғни экономиканың қарапайым, кәдуілгі бір саласына айналғанын білдіреді. Бұл факт Қазақстанға моносалалық және шикізаттық экономикадан арылуға жол ашады. Экономиканы әртараптандыру тетіктері арқылы, мейлінше дайындығы жоғары тауарлар мен қызмет көрсетудің негізінде бизнес субъектілерін тұрақты негізде қомақты пайдаға бағыттауға мүмкіндік бар. Отандық бизнес үшін нарықта сұранысқа ие тауарлар мен қызметтер көрсететін салалар көбеюі керек. Құрылымдық өзгерістер болуы үшін мемлекеттік басқару органдары, кәсіпкерлер, банкирлер мен экономикаға қатысушы басқа да субъектілердің ойлау және шешім қабылдау жүйесінде үлкен өзгеріс болуы керек. Бұл өзгеріс бізге жаңа экономикалық модельге көшуге негіз болады.
Қазақстанның қазіргі даму деңгейіндегі либералды экономикалық модель жұмыс істей алмайды. Либерализм идеологтері мен оны уағыздаушы елдердің өзі, мысалы АҚШ, Ұлыбритания экономикалық ұлтшылдық ұстанымына, яғни экономикалық мемлекеттік менеджментте сыртқы және ішкі әсер етуші факторлардың тиімді қатынасына көшіп жатыр. Әрине, Қазақстан либералды модель аясында экономикалық өсуді қамтамасыз етті және жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім (сатып алу қабілеті паритеті) бойынша ТМД елдері арасында көшбасшылыққа қол жеткізді. Алайда либералды нарық моделінде шетелдік инвестициялар есебінен экономиканың шикізат секторлары, ең алдымен мұнай-газ секторы ғана дамуға мүмкіндік алды. Ал шикізаттың жоғары тауарлық дайындығына қол жеткізетін өңдеу салалары шетелдік инвесторлар үшін тартымсыз болып қала берді. Экономикамыз шикізат экспортына бағдарланған сипат алды. – Сонда Үкіметтің экономикамызды шикізатқа тәуелді етпеу үшін жасап отырған әрекеті нәтижесіз деп санайсыз ба? – Мемлекет экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылту үшін көп талпыныс жасады, ол – рас. Бірақ мемлекеттің экономикадағы рөлі мен мұнайдың жоғары бағасы негізінде туындаған либералды көзқараспен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Себебі елдің жеке банк жүйесі негізінен сауда операцияларын несиелеуге бағытталып, өнеркәсіптегі өндіруші кәсіпорындарды қаржыландырудан іс жүзінде бас тартты. Мемлекеттік даму институттары құрылды. Алайда олардың жекелеген индустриялық жобаларды қаржыландырудағы тәжірибесі сәтті бола бермеді. Салдарынан өңдеуші секторға салынған ішкі инвестиция тым аз болды, тіпті бөлінбеді деуге болады. Осылайша, қазіргі либералды экономикалық модельде Қазақстан дамудың орташа деңгейі бар елдер қатарына ғана қосылды. Мысалы, ІЖӨ-нің жан басына шаққанда 10 мың АҚШ долларды құрады. Алайда мұнай бағасына байланысты қол жеткізілген экономикалық даму деңгейі тұрақсыз күйінде қалып отырды. Қазақстан қазіргі либералды экономикалық модельмен жүрсе, өзінің басты стратегиялық мақсаты – 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігінен айырылады. – Неге? – Себебі Қазақстан өзінің экономикалық моделін батыстың ескірген экономикалық парадигмасында нарықтық экономика жағдайында екі іргелі модель негізінде жүзеге асыруға тырысты: бірі – неолиберализм, екіншісі –нео-кейнсианизм. Екі модельде де мемлекетке макроэкономикалық деңгейде реттеуші рөлі берілген: мысалы, неолиберализмде мемлекет ақша массасын реттеу, неокейнсианизмде мемлекеттік басқару органдары мемлекеттік сұранысты салық саясаты арқылы реттеу қарастырылған. Ал Шығыс Азия елдерінің соғыстан кейінгі жылдардағы даму тәжірибесі бұл догмаларды жоққа шығарады. Мысалы, соғыстан кейінгі Жапония, Оңтүстік Корея және Тайваньның экономикалық модельдері батыс елдерінің парадигмасына сәйкес келмейді. Шығыс Азияның осы елдерінің экономикалық модельдері, ең алдымен экономиканы мемлекеттік жоспарлауды жекеменшік экономикада шебер қолданумен ерекшеленді. Бұл елдерде мемлекет макроэкономикалық реттеуді ғана жүзеге асырып қоймай, экономикалық дамудың басым бағыттарын толығымен анықтады. Шын мәнінде, Шығыс Азия елдерінде бүкіл экономика біртұтас корпорация ретінде жұмыс істеді. Соғыстан кейінгі кезеңде Батыс елдерінің экономикасымен салыстырғанда, Шығыс Азия елдері ғана бәсекеге қабілетті болды деп сенімді түрде айта аламыз. Олардың модельдерінің жетістігі капитализм түбегейлі стратегиялық үйлестіру мен басқаруды қажет ететіндігімен түсіндіріледі. Бұл елдер дұрыс экономикалық модель арқылы шикізат өндірмей-ақ әлемдегі бәсекеге қабілетті ең дамыған елдердің қатарына кіре алатынын дәлелдеді. – Ал бізге Шығыс Азия елдерінің жетістігін қайталауға мүмкіндік бар ма? – Әрине, біріншіден, аталған елдер сияқты, Қазақстан да маңызды геосаяси және геоэкономикалық жағдайға ие. Екіншіден, Шығыс Азия елдері әлемдік мұхит арқылы әлемдік нарыққа шыға алады. Ал бізге жаңа Жібек жолының арқасында әлемдік нарыққа қол жеткізуге әбден болады.Үшіншіден, қазақстандықтардың менталитеті, отбасылық құндылықтарға деген сенімі Қазақстанды Шығыс Азия елдерімен бір қатарға қоюға болады. Төртіншіден, Қазақстан қазіргі даму кезеңінде Шығыс Азия елдеріне тән ұлттық шоғырланудың жеткілікті жоғары деңгейіне жетті. Осылайша, Қазақстан өзінің экономикалық моделін құру үшін үлкен экономикалық, географиялық және табиғи мүмкіндіктерге ие деп айтар едім. – Ендеше Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізгі ерекшелігі қандай болмақ? – Қазақстанның бүкіл экономикасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарының негізінде бірыңғай тиімді корпоративті басқару стандартына сүйенуі керек. Яғни, ірі мемлекеттік және жеке корпорациялардың, шағын және орта бизнестің (ШОБ) өнеркәсіп секторының жұмысын мемлекет үйлестіруі керек. Бұл жерде ұлттық даму мақсаттарына бағытталған мүдде болуы қажет. Мемлекет бизнес, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен серіктестікте экономикалық дамудың басым бағыттарын анықтайды. Міндетті және ынталандырушы сипаттағы бес және біржылдық мемлекеттік жоспарлар жүйесі болуы қажет. Мемлекеттік органдар мен компаниялар үшін міндеттелген, жеке бизнес субъектілеріне ынталандырушы сипаттағы тетіктер болғаны құба-құп. Қабылданатын жаңа мемлекеттік жоспарлардың негізгі мақсаты – елдің жеделдетілген индустрияландыруын қолға алуы қажет.Отандық бизнес үшін нарықта сұранысқа ие тауарлар мен қызметтер көрсететін салалар көбеюі керек. Құрылымдық өзгерістер болуы үшін мемлекеттік басқару органдары, кәсіпкерлер, банкирлер мен экономикаға қатысушы басқа да субъектілердің ойлау және шешім қабылдау жүйесінде үлкен өзгеріс болуы керек.
Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ