Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, мегаполистегі жол құрылысы үшін аталған қаржының біраз бөлігі қамтылады. Яғни, биыл 256 нысанның жөндеу-құрылыс жұмыстарына бюджеттен жалпы сомасы 26,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 4,8 миллиарды республикалық қазынадан қаралса, 9,8 млрд теңге – жергілікті бюджеттен.
Жүргізіліп жатқан 94 нысандағы құрылыс жұмыстарының 44,5 шақырымы жол болса, 2-еуі көпір және 2 жолайрық пен 1 жерасты өткелі бар. Жыл басынан бері 1 көпір және жерүсті өткелі пайдалануға берілген.
Үшінші мегаполисте жол құрылысы бойынша ең үлкен жұмыстың бірі – Қонаев даңғылы. Үлкен көше Ташкент бағытына шығатын жолға дейін ашылмақ. Бұл бағытта қалалық маңызы бар көшелерді дамыту да қолға алынған. Мұндай ірі жобалар қаладан шығатын Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарында да қамтылып отыр. Ауқымды жұмыс 3 жылдың ішінде бітеді деп жоспарлануда. Қонаев даңғылын жалғайтын құрылыс былтыр басталып, 4 жылға жоспарланған. 21 шақырымды құрайтын, 8 кезеңнен тұратын бұл құрылыс жұмыстары аясында белдеуде орналасқан 475 нысан мемлекет мұқтаждығына алынған. Бүгінгі таңда мұқтаждыққа алынған нысандардың кәріз жүйесі мен электр бағаналары, газ жүйесі алынып жатқанын айтады. Топырағы тазартылып, тас төселуде.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар қалада, одан бөлек әлеуметтік маңызы бар нысандарға апаратын бірқатар көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүруде. Мәселен, Достық шағынауданында жұріп жатқан жол құрылысы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратына тіреледі. Көкбұлақтағы құрылыс көлік-логистика орталығына, Нұртастағы жол балабақшаға және Қайнарбұлақтағы жол жөндеу жұмыстары 1 200 орынды мектепке алып барады. Бұдан бөлек, қалада Ақтас, Самал-1 шағынауданындағы жолдар мен әл-Фараби көшесінің, Н.Назарбаев даңғылының жалғасы, әуежайға баратын жол, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірі, Рысқұлов-Қонаев даңғылының қиылысындағы жолайрық та бар.
Сондай-ақ «Сәуле» шағынауданына қарасты 276-орамдағы жол мәселесі биыл шешіледі. 6 көшеге тас төселіп, жарық пен ауызсу тартылмақ. Бұл туралы қала әкімі шағынауданды аралап шыққанда атап өтті. Мұндағы түйткілді мәселелер қала әкімінің халық алдындағы есепті жиынында сөз болған. Кезінде топырақ жолға да жарымаған ауыл тұрғындары осынау жаңалыққа ерекше қуанып отыр. Орамға бағаналар тартылып, ауызсу мен жолдың құжаты әзірленген. Кезінде тас төселмей қалып кеткен көшелер де тіркеуге алынуда.
Жаңадан жол салу жұмыстарынан бөлек, жолдар мен көпірлерді қайтадан ретке келтіру және жөндеу жұмыстарына да ерекше ден қойылған. Мәселен, 13 шақырымды құрайтын 10 нысан мен 3 көпір қайта құрылмақ. Темірлан тасжолының қиылысындағы өткелдерін, қоқыс полигонынан Ынтымақ шағынауданына дейінгі бөлігін жөндеу және Жібек жолы, Төреқұлов, Адырбеков көшелері, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірін, Ленгер қаласы бағытына қарай кететін Сайрам су өзеніндегі көпірді қайта құру жұмыстары да осы жылдың жоспарында. Бүгінгі таңға дейін оның біразы реттеліп, пайдалануға берілді. Басқарма мамандары биыл 223 нысанның пайдалануға берілетінін айтады. Ал Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесін орташа жөндеуден өткізу 2021 жылға жоспарлануда. Басқарма мамандары жол қозғалысын реттеу мақсатында 90 шақырымға жол сызықтарын да сызып, оны күтіп ұстауды қамтып отырады.
Биыл шағынаудандар мен елді мекендердегі көшелер де жаңарады. Бұл жұмыстарға биыл 16,5 млрд теңге қаралыпты. Бұл қаржыға елді мекендер мен шағынаудан көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп, шағал тас төселмек. Яғни, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 69 көше күрделі жөндеуден өтпек. Бұдан бөлек, 209 шақырым болатын 207 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүреді. Осынау жұмыстарға жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыз жандар да тартылған.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы жалпы жолдардың жартысының дерлік жағдайы сын көтермейді. Басым бөлігі шалғай елді мекендерге тиесілі. Жергілікті билік тарапынан келешекте осынау жолдар кезең-кезеңімен реттеледі.
Бұдан басқа, Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмысын жақсарту бойынша берген нақты тапсырмалары аясында шалғай ауылдардың инженерлі инфрақұрылым жұмыстарын реттеу үшін бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Қала басшысы тиісті сала мамандарына жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін шалғай ауыл тұрғындарының сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін бақылауға алуын тапсырған.
Шымкент қаласы бойынша 53 шағынаудан шалғайда орналасқан. Бүгінде бұл аймақтарда инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағынаудандарын сапалы ауызсумен қамту бойынша бюджеттен 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда. Жыл соңына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке-20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс, Базарқақпа шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар ауызсуға қол жеткізеді.
2025 жылға дейін шаһардағы 41 шағынауданға сапалы электр қуаты тартылмақ. Биыл 12 нысанға қаржы бөлініп, құрылыс жүріп жатса, мамандар жыл соңына дейін 7 нысанның құрылысы аяқталып, 14 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылатынын айтады.
Сонымен қатар кәріз жүйесін тарту бойынша 4 нысанда құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл қорытындысымен бір магистральды кәріз коллекторының құрылысы аяқталып, 12 мың тұрғыны бар 5 шағынаудан (Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Бадам, Маятас) кәріз жүйесіне қосылады.
Ал 2025 жылға дейін қаладағы 40 шағынаудан табиғи газ жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Келер жылы табиғи газды пайдаланушылар қатары 2 771 отбасыға көбейеді.
Жалпы, биыл Шымкенттің инфрақұрылым жұмыстарында үлкен өзгеріс, қомақты шаруалар бар.