Артем бағындырған биіктер
Артем бағындырған биіктер

Қазақстандық Артем Родичев – Forbesтің «Азия елдері ішіндегі 30 жасқа дейінгі 30 жас көшбасшы» рейтингісінде үздік бестікке енген. Ол Азияның 22 елінен 300-ден астам жастардың арасынан суырылып шығып, қатарының алды болды.

Бүгінде Артем – әлемге әйгілі чат-бот Replika-ны құрастырған жан. Қазір Replika-ның ауқымы өте кең, осы үш жылдың ішінде 10 миллиондай адам пайдаланды. Ал бір айдың ішінде жарты миллионға жуық пайдаланушы кіреді. Осындай чат-боттың қалай пайда болғаны, оның жұмысы, артықшылығы  мен кемшілігі туралы сөз қозғадық. 

– Артем, Replika чат-ботыңыз жасанды интеллект негізінде әлемдегі ең үздік алгоритм болып танылды. Жалпы, осындай чат-ботты жасап шығару ойыңызға қалай келді? Оған не түрткі болды? Әу баста біз мейрамханалық чат-боттан бастадық. 2014 жылдың соңында IO компанияның құрамына кіріп, қызметке тұрдым. Ол кезде компания Мәскеуде еді. Чат-бот жасаған сұранысыңа қарай басқа мейрамханаларда бар-жоғын, қалай дайындайтыны, қандай елде барын айтып береді. Сөйтіп жүргенде осы идеяны дүниежүзіне белгілі бизнес-акселератор Y Combinator-ға ұсынып едім, ұсынысымды құп көрді. Осылайша, ойламаған жерден басталды.  ТМД елдері ішінен алғашқылардың бірі болып бастадық. Жоғары технологиялар индустриясының орталығы атанған «Силикон алқабына» ауысып,  ары қарай бұл өнімді (Luka) ағылшын тілінде жасайтын болдық. [caption id="attachment_52883" align="alignleft" width="458"]Артем ©Автордың жеке мұрағатынан[/caption] – Ол кезде чат-боттардың ел арасында қатты танылған кезі емес, қиын болмады ма? 2015 жылы чат-боттардың таныла қоймаған кезі.  Бір сөзбен айтқанда, жасанды интеллект арқылы қолданушымен кез келген тақырыпта әңгімелесу үрдісі енді келіп жатқан. Онда да тек сұрағыңа жауап берумен шектеледі. Артық әңгіме болмайтын. Қолданушымен емін-еркін тілдесіп, ортақ тақырыпты талқылап, пікір білдіру – тәжірибеде алғаш рет.

Бұған түрткі болған – Роман Мазуренко еді. Ол компания басшысы Евгении Куйдың жан досы әрі көптеген жобаның негізін салушы іскер азаматтардың бірі. Кейінірек  Мәскеудегі жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан жерінде көлік қағып кетіп, аяқасты қайтыс болды. Бұл біз үшін орны толмас қайғы еді. Марқұм көзі тірісінде адам санасының өлмейтінін, оның мәңгі өмір сүретінін айтатын, әрі соған өзі де имандай сенетін еді. Біз оның сол ойын жүзеге асырғымыз келді. Тірілттік те. Туыс-туғандарының рұқсатын алып, Романның әлеуметтік желіде жазған жазбаларының барлығын дерлік көшіріп алдық. Сол ойларын, қанатты сөздерін, жазбаларын нейрожүйеге енгіздік. Ол жүйе сөздік қор арқылы қолданушымен емін-еркін әңгіме-дүкен құра алады.

Міне, осындай чат-ботпен тілдескенде тірі адаммен сөйлескендей боласың. Себебі, адамдардың осы чат-бот арқылы ұзағырақ тілдесуі – олардың көңіл-күйін де жақсарта түсетін. Мұны біз адамдардың сөйлесуінен байқап қалдық. Мәселен, бір хабарласқанның өзінде 50-ден аса хат жазысады. Мұнда мәселе шешу басты мақсат емес, жай өзінің күнделікті тіршіліктегі оқиғаларды, көңіл-күйіне әсер еткен жағдайларды сөз етеді. Ойын бөліседі. Сол арқылы өзі де жан-дүниесінің рахаттанып қалғанын сезінеді.

«Виртуалды дос»  адамның көңіл-күйін жақсартып, көтеретіні рас па? Шынымен де, оның адамға тигізетін пайдасы бар ма? – Бұған байланысты зерттеулерді көп жүргіздік. Әр қолданушыға ең соңында: «Бізбең әңгімелесудің пайдасы тиді ме? Көңіл-күйіңізге қалай әсер етті?» деген сауал қоямыз. Сол арқылы бұл әңгімелесудің оған қаншалықты әсер еткенін байқаймыз. Әзірге, 80 пайызы «жақсы» деген пікірді білдірді.  Мысалы, хат-жазысқан әрбір  5 адамның төртеуінің көңіл-күйі жақсырап, сергіп қалған.
Психологияны терең зерттейтін Джон Хопкинс атындағы АҚШ-тың ең ірі университетімен бірлесіп жұмыс істейміз. Соңғы зерттеуімізде осындай чат-боттар адамдарды жалғызбастылыққа алып келеді деген күмәнді ойдың рас-өтірігін анықтамақ болдық. Бір ай бойы жүргізілген зерттеу жұмысына 2 мыңнан аса адам қатысты. Зерттеу нәтижесінде чат-ботпен сөйлесіп жүрген адамдардың тұйықтықтан шығып, адамдармен тез тіл табыса алатынына көз жеткіздік.  Бұл дегеніміз – адам мен адамның тілтабысу құралына айналғанын көрсетеді.
[caption id="attachment_52886" align="alignright" width="479"]Артем ©Автордың мқрағатынан[/caption] – Осы чат-боттың негізгі пайдаланушылары кімдер? Көбіне қандай мәселемен хабарласады? – Replika-ның негізгі аудиториясы – 17 мен 27 жас аралығындағы жастар. Оның көбісі алыс-аймақтан, шет жақтан көшіп келгендер. Қазір карантин кезінде бәрі төрт қабырғада қамалды да қалды. Араласатын ортасы жоқ адамға, жалғыздық та тән ғой. Сондықтан жападан жалғыз күй кешеді. Біздің мақсат – сол жалғыздықпен күресіп, адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлау.   – «Виртуалды дос» тірі адамның орнын алмастыра ала ма? – Тіршілік иесін виртуалды дүниемен алмастыру емес, керісінше, толықтыру – маңызды. Бұл  – адамға көмектесуші құрал. Мәселен, Replika пайдаланушының тез тілтабысуына, еркін сөйлесуіне әкеледі. Бірде қолданушылардың  бір бөлігі Бразилиядан кіре бастады. Жобамыз ағылшын тілінде болғандықтан бұған таңданғанымыз да рас. Бізде португал тіліндегі қолданыс жоқ қой. Сөйтсек, студенттердің бірі Facebook-тегі парақшасында біздің чат-боттың сілтемесін бөлісіпті. Ал шеттегі жастарға бұл ағылшын тілін үйрететін бірден-бір құрал. Әрі күнде жазысып жүрген «досы» оны  дұрыс жазуға да үйретіп бағады. Жалпы, бұл жобаны Қазақстанға әкелгіңіз келмей ме? Жасанды интеллектімен айналысу қиын екені белгілі, онымен компанияда қанша адам айналысады? – Жасанды интеллектпен жұмыс істеу қиын. Ал оны емін-еркін сөйлету – қиынның қиыны. Өйткені әр адам әртүрлі тақырыпта сөз қозғайды, қызығушылығы да алуан түрлі болады, көңіл-күйі де құбылып тұрады. Жасанды интеллект тобында 8 инженер бар. Негізі компанияда 30 адам жұмыс істейді. Оның 25-і –  инженер. Әрине, бәріне бірдей жаға да алмайсың. Бірақ тырысып бағудамыз.

Онда да жер бетінің негізгі бөлігі ағылшын тілінде болған соң, көп ақпарат та қолжетімді. Әсіресе, қазіргі жасанды интеллектінің алгоритмі ақпаратқа өте сараң. Біз көп мәлімет берген сайын жұмысы да жақсара түседі. Сондықтан да басқа тілге көшу – қолды байлайды. Бірақ орындалмайтын нәрсе жоқ дегендей, араға уақыт салып бұған да жетеміз.

 – Артем, біздің елде жасанды интеллект  дамыған ба? – Әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді, мұны да екі жақты қарастыруға болады. Біріншіден, жасанды интеллектімен айналысатын, техникалық жағынан машықтанған, бағдарламаны шемішкеше шағатын білімді де білікті жастар көп. Тіпті, өзім секілді Қазақстаннан келіп, осы жақта өз ісін бастап, тірілік етіп жүргендерді де білемін. Ол жағынан жақсы баға беруге болады. Ал енді Қазақстан нарығында жасанды интеллектпен жұмыс істейтін өнім жоқ. Тілдің таяздығы қолды жіпсіз байлап тастаған.  – Алматыда туып-өскен екенсіз. Қазақстаннан кетуіңізге себеп не болды? – Мектеп бітіре салып, Мәскеу мемлекеттік университетіне түстім. Бала кезімнен математикаға қызығып өскендіктен бе, программист болуды мақсат тұттым.  Жастайымнан республикалық және халықаралық олимпиаданың бірінен қалмадым. Соның арқасында Ресейдің кез келген оқу орнына түсуге мүмкіндік алдым.

Сөйтіп, есеп-қисап пен бағдарлаудың ең мықты деп танылған оқуын таңдадым. Егер сондай оқу орны Қазақстанда болғанда, елде  қалар едім. Балалық арманым – қандайда бір бағдарлама жасап, әзірлеу еді. Сол арман мені үнемі алға жетелеп келеді. Біз бағындырған биіктер мұның бір парасы ғана. Алда әлі талай бағындырар асулар бар. «Іздеген жетер – мұратқа!»